«Әділет» партиясының өкілдері мен белсенді жастар таңғы жаттығуға қатысты

Атап айтсақ, «Әділет» партиясының өкілдері жас белсенділермен бірлесіп, ауқымды таңғы жаттығу ұйымдастырды. Халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, денсаулықты нығайтуға және күнделікті сергектік сыйлауға бағытталған спорттық іс-шараға 50-ден астам адам қатысты. Олардың арасында Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ерлан Саиров пен Жанат Мекеева да болды.

– Біз салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған басталамарды әрқашан қолдаймыз және олардан тыс қалмауға, мүмкіндігінше өзіміз де қатысуға тырысамыз. Бүгін қаламыздың ерекше көрікті жерлерінің бірі саналатын «Стрелка» ықшамауданында партия өкілдері мен жастар арасында таңғы жаттығу іс-шарасын өткіздік. Жалпы, мұндай акцияларды барынша жиі өткізуге, және оларға мейлінше көп адамды жұмылдыруға тырысуымыз қажет, – деді таңғы жаттығуға қатысқан «Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшесі Ерлан Саиров.

Партия басшылығы хабарлағандай, алдағы уақытта дәл осындай іс-шаралар Өскеменмен қатар, облысымыздың өзге елді мекендерінде де ұйымдастырылады.

Айта кетейік, партияның 2026-2031 жылдарға арналған «Әділетті Қазақстанды бірге құрайық» сайлауалды бағдарламасында  2029 жылға қарай азаматтардың кемі 50 пайызы үзбей спортпен шұғылдану үшін жағдай жасалатыны туралы айтылған. Ел аумағында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыратын ауқымды ұлттық науқандар мен бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлінбек. Бұған қоса, салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат ететін «Саламатты шаңырақ» ұлттық науқанын бастау жоспарланып отыр.