“Диета KZ” тобының әншісі Жасұлан Базарбаев әйелдерді ұл немесе қыз туғаны үшін кінәлайтын ер адамдар туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әнші әлеуметтік желіде “Қыз туатын қатын менде ғана ма?” деген пікірді елеусіз қалдыра алмаған.
Өнер иесі мұндай пікір адамгершілікке де, діни ұстанымға да қайшы екенін айтты. Сонымен қатар перзенттің жынысы үшін әйелді кінәламау керегін атап өтті.
“Ана болу – оңай емес. Әйел адам тоғыз ай сәби көтеріп, өмір мен өлімнің арасында жүріп дүниеге бала әкеледі. Сондай жанға ұл не қыз туғаны үшін кінә арту – адамдыққа да, иманға да сыймайды. Қыз бергеніне де сансыз шүкір, ұл бергеніне де сансыз шүкір. Жақсылықты ұлдан көресің немесе қыздан көресің деп ешкім кесіп айта алмайды. Оны бір Алла ғана біледі. Сондықтан әйелді кінәлауды доғарайық. Баланың жынысына бола ана жүрегін жараламаңыздар. Ең үлкен байлық – тәрбиелі, иманды, аман-есен перзент. Ұл болсын, қыз болсын… Аман болсын!” – деді әнші.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.










