Қазақстан Халық партиясы Павлодарда еңбек ұжымдарымен кездесті

Үгіт-насихат жүргізу барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндіріп, сайлаушылардың сұрақтарына жауап береді.

ҚХП Республикалық сайлауалды штабының жетекшісі, партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов бастаған делегация Павлодар қаласына аттанды. Мұнда олар «СтеклоМир» ЖШС, «Тотал-Сервис» ЖШС және «ENERGY SERVICE – PVL» ЖШС еңбек ұжымдарымен кездесті. 

Павлодар облысы Қазақстанның ірі индустриялық өңірлерінің бірі саналады. Партия өкілдерінің айтуынша, мұнда күнделікті еңбегімен ел экономикасының қуатын арттыруға үлес қосып жүрген еңбек адамдары тұрады.

– Қазақстан Халық партиясы үшін еңбек адамын қорғау – жай ғана бағдарламаның бір тармағы емес! Бұл – атқарып отырған жұмысымыздың негізі, – деді Нұрсұлтан Шоқанов. – Біз өндіріс ұжымдарымен тұрақты кездесіп, олардың қандай қиындыққа тап болатынын көріп жүрміз. Артық жұмыс уақыты тиісті деңгейде есепке алынбайды. Еңбек қауіпсіздігі мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Жұмысшылар түрлі күрделі жағдайға тап болады. Біз бұлай болмауы керек деп санаймыз.

Кездесу «ашық микрофон» форматында жалғасты. Жиынның модераторы, ҚХП-дан депутаттыққа кандидат Ислам Сұңқардың айтуынша, мұндай кездесу – сайлауалды науқанның кезеңі ғана емес, ашық әрі шынайы пікір алмасуға берілген мүмкіндік.

– Біз бұл жерге партия бағдарламасын таныстыру үшін ғана емес, ең алдымен сіздерді тыңдау үшін келдік: ұсыныстарыңызды, сұрақтарыңызды, пікірлеріңізді және үміттеріңізді білгіміз келеді, – деді Ислам Сұңқар.

Павлодарлықтарды ҚХП-ның өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыскерлерінің құқығын қорғау жөніндегі ұстанымы, партияның бұған дейін Павлодар облысында атқарған жұмысы, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстары қызықтырды.

Кандидаттар Павлодардың бірегей кеме жөндеу зауытына жерін алып қою және кәсіпорынның жұмысын тоқтату қаупі төнген кезде ҚХП дабыл қаққанын еске салды. Сонымен қатар ұсынып отырған әлеуметтік реформалары мен еңбек құқығын қорғауға бағытталған бастамаларын таныстырды. ҚХП еңбек инспекцияларының өкілеттігін күшейтуді, жалақыны инфляция деңгейіне сай тұрақты индекстеуді және өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң бақылауды ұсынады.

– Біз, Қазақстан Халық партиясы дәл осындай тәсілді ұсынамыз, – деп түйіндеді Нұрсұлтан Шоқанов. – Біздің ойымызша, осы бастаманы басқа партиялардың ұсыныстарымен салыстыру маңызды. Өйткені қандай бағдарламаны таңдайтынымыз – ертеңгі өміріміздің қандай болатынын айқындайды.