The Financial Times материалына сілтеме жасаған Aikyn.kz әлемдегі процестерді дәлірек болжауға көмектесетін тәсілдермен таныстырады.
Жасанды интеллект пен үлкен деректердің арқасында әлемде болып жатқан құбылыстарды болжауға болды. Бұның ең айқын мысалы – ауа райын болжау. Климат өзгерісі табиғатты күрделендіріп жібергенімен, қазіргі ЖИ модельдері жеті күндік ауа райын 1980 жылдардағы үш күндік болжам деңгейінде дәл бере алады. Бұл жақсы датчиктер, көп дерек және қуатты есептеу жүйелерінің нәтижесі. Ал осындай тәсілдерді саясат, экономика және геосаяси дағдарыстарды болжауға қолдануға бола ма?
Бұрынғы америкалық барлау офицері әрі халықаралық қатынастар сарапшысы Энтони Винчи жасанды интеллектіні болжау саласындағы үлкен серпіліс деп қабылдайды.
«Жасанды интеллект – оқиғаларды болжаудағы нағыз төңкеріс. Мен енді әлемде не болатыны туралы жеке пікіріме ғана сенбеймін. Маған көмектесетін ЖИ құралы қажет», – дейді ол.
Винчидің пікірінше, болашақ оқиғаларды бағалаудың бірнеше жолы бар. Біріншісі, өте дәл болжай алатын жеке сарапшылар. Екіншісі, Орталық барлау басқармасы немесе консалтинг компаниялары сияқты ұйымдардың ұжымдық талдауы. Үшіншісі, Polymarket немесе Kalshi сияқты болжам нарықтарындағы көпшіліктің пікірі. Төртіншісі, осы деректердің бәрін өңдеп, қосымша қорытынды жасайтын жасанды интеллект моделі.
Винчи басқаратын Vico Technologies компаниясы дәл осылай жұмыс істейді. Компания ЖИ модельдерін адам бақылауымен біріктіріп, үлкен деректерді талдайды және болашақ оқиғалардың ықтималдығын есептейді. Бұндай құралдар инвесторлар, үкіметтер және ірі компаниялар үшін аса қажет.Алайда бұл жерде үлкен қауіп те бар. ЖИ модельдері қандай дерекпен оқытылса, сондай нәтиже береді. Егер деректер әдейі бұрмаланса немесе жалған ақпаратпен ластанса, болжам қате болады. Сарапшылар бұны «деректерді улау» деп атайды.
Оксфорд университетінің профессоры Карисса Велиз деректерді ешқашан бейтарап шындық деп қабылдауға болмайтынын ескертеді.
«Біз айна жасаймыз, бірақ оны белгілі бір жаққа қаратып қоямыз. Ол бүкіл әлемді емес, біз таңдаған бағытты ғана көрсетеді», – дейді ол.
Сондықтан жасанды интеллект әлемді толық болжамды етпейді. Бірақ ол бұрын байқалмаған заңдылықтарды көруге көмектеседі. Ең бастысы – ЖИ болжамдарын абсолютті ақиқат емес, шешім қабылдауға көмектесетін құрал ретінде қабылдау. Біздің ойымызша, әлем күрделене түскен сайын, оны түсіну үшін адам интуициясы мен жасанды интеллектің бірлескен жұмысы қажет болмақ.










