Биылғы әлем чемпионаты бұрынғы турнирлерден ауқымдылығымен ерекшеленді. Алғаш рет финалдық кезеңге 48 құрама қатысып, жалпы саны 104 матч өткізілді. Командалардың көбеюі футбол географиясын кеңейтіп, жанкүйерлер бұрын әлемдік додада көп көріне бермейтін құрамалардың ойынын тамашалады. Кабо-Верде, Конго, Кюрасао секілді командалар азулы қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетіп, турнирге ерекше әсер сыйлады.
Әлем чемпионаты басталғаннан-ақ жанкүйерлер басты жүлдеге Испания, Аргентина, Франция, Бразилия, Англия және Германия секілді дәстүрлі фавориттер таласады деп болжаған еді. Алайда алаңдағы ойын барлық болжамның бірдей орындала бермейтінін тағы көрсетті. Германия 1/16 финалда Парагвайға пенальти сериясында жол берсе, Бразилия құрамасы Норвегиядан жеңіліп, жарысты ерте аяқтады. Ал Норвегия ширек финалға дейін жетіп, турнирдің басты тосынсыйларының біріне айналды.
Испания құрамасы чемпиондық жолында тұрақты әрі сенімді ойын көрсетті. Плей-офф кезеңінде алдымен Аустрияны 3:0 есебімен ұтқан команда кейін Португалияны 1:0, Бельгияны 2:1 есебімен жеңді. Жартылай финалда Францияға қарсы өткізген кездесуде 2:0 есебімен басым түсті. Осылайша, испаниялықтар шешуші ойынға дейін қорғаныста да, шабуылда да өздерінің мықты екенін дәлелдеді. Жартылай финалда Англиядан 2:1 есебімен басым түсіп, қатарынан екінші әлем чемпионатының финалына шықты. Сондықтан Испания мен Аргентина арасындағы ақтық сынға қызығушылық жоғары болды. Бір жағында допты бақылауға, қысқа әрі дәл пасқа негізделген испандық футбол тұрса, екінші жағында тәжірибесі мол, соңына дейін күресетін Аргентина құрамасы болды. Сонымен қатар бұл кездесу футболдың екі буынының бәсекесі ретінде де қабылданды. Бір жақта 39 жастағы Лионель Месси болса, қарсы бетте өзі түлеп ұшқан Ла-Масия жарқын түлектері өнер көрсетті.
Финалдың негізгі уақытында есеп ашылған жоқ. Испания допты көбірек бақылап, қарсылас қақпасына жиі шабуылдады. Аргентина негізінен қорғанысқа көңіл бөліп, жылдам қарсы шабуыл арқылы мүмкіндік іздеді. Аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинес бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, командасын ұзақ уақыт ойын ішінде ұстап тұрды. Кездесудің тағдырын қосымша уақыт шешті. 106-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Ферран Торрес Нико Уильямс пен Педро Порро бастаған нәтижелі шабуылды голмен аяқтады. Бұл финалдағы жалғыз әрі чемпиондық гол болды. Испания қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, 2010 жылдан кейін араға 16 жыл салып әлем чемпионы атанды.
Тәуелсіз футбол сарапшысы Арғын Мұраттың айтуынша, Аргентина шешуші кездесуге үлкен матчтардың қысымын жақсы білетін, тәжірибесі мол команда ретінде шықты. Турнир бойы олар бірнеше күрделі ойыннан сүрінбей өтіп, қарсыластарына соңғы минуттарға дейін қысым жасай алды. Сондықтан финалда да Аргентинадан ойын барысын өзгертер тосын серпіліс күтілген еді. Алайда Испания қарсыласына мұндай мүмкіндік берген жоқ. Арғын Мұраттың пайымынша, испаниялықтардың басты артықшылығы допқа иелік етуде ғана емес, жалпы матчтың ырғағын басқаруда болды.
– Испания финалда асыққан жоқ, эмоцияға берілмеді және Аргентинаның қарқынына еріп кетпеді. Олар қарсыласын біртіндеп шаршатып, өздеріне қолайлы кеңістіктің ашылуын күтті. Финалда да Испания бұған дейінгі ойындардағы негізгі ұстанымынан айнымады. Аргентина қорғаныста жинақы әрекет еткенімен, уақыт өте Испанияның жүйелі қысымы анық сезіле бастады. Ферран Торрестің голы бүкіл командалық жүйенің жемісі болды. Испания матч бойы қарсыластың қорғанысынан бос кеңістік іздеді. Ақырында сол кеңістік табылды. Финалда бір голдың өзі жеткілікті, әсіресе ол 106-минутта соғылса, қарсыластың ойынға қайта оралуы өте қиын. Аргентина финалда соңына дейін күрескенімен, Испанияның бірізді қысымына лайықты жауап таба алмады. Әлем чемпионы атағын қорғау жолында олар мінез көрсетті, алайда шешуші матчта тактикалық әрі физикалық тұрғыдан Испания басым болды, – дейді ол.
Ал спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы бапкердің Испания құрамасының жеңісіне жоғары баға беріп, бас бапкер Луис де ла Фуэнтенің ойын философиясын ерекше атап өтті.
«Луис де ла Фуэнтенің шәкірттері футболды қалай ойнау керегін бәріне үйретті. Дәл қазіргі уақытта Испания құрамасы әлемдегі ең үздік құрама. 2024 жылы Еуропа чемпионатын жеңген. Енді, міне әлем кубогында жеңімпаз атанды. Финалда Аргентинаны барлық жағынан жеңді. Жалпы осы мундиалдағы қарсыластарына шеберлік сабағын өткізді. Азулы деген Францияның өзі өздерін таппай қалды. Руис, Родри, Ямаль, Баенаның ортадан бастаған шабуылдары кез келгеннің қорғанысын талқандай алады. Алаңды толық бақылауға алып, қарсыласқа ешқандай мүмкіндік бермейді. Алаңның қожайыны кім екенін көрсетті. Қорғанысы да сұрапыл. Бір ғана гол қақпасына кірді. Испанияның чемпиондығына ешкім шүбә келтіре қоймас. Қызыл Фурия XXI ғасырда екі рет әлем кубогының жеңімпазы атанған алғашқы құрама болып тарихта қалды. Бұл испандар 2008 жылы Еуроны, 2010 жылы әлем чемпионы атанған болатын. Енді, міне екінші рет сондай жеңіске қол жеткізуде. Келесі Еуроны тағы Испания алады-ау деп қоямын…», – деген пікірін білдірді.
Испанияның жеңісін бір футболшының ғана еңбегі деп айтуға болмайды. Команданың басты күші бірлігі мен жүйелі ойыны болды. Бас бапкер Луис де ла Фуэнте әр футболшының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жұлдызды есімнен гөрі ортақ тәртіпке сүйенді. Испания финалда допқа 65 пайыз иелік етіп, қарсылас қақпасына 12 дәл соққы бағыттады. Турнир қорытындысында Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Родри әлем чемпионатының үздік ойыншысы атанып, «Алтын доп» жүлдесін иеленді. Үздік қақпашыға берілетін «Алтын қолғап» Испания қақпашысы Унаи Симонға табысталды. Ол жарыс барысында жеті кездесуде қақпасына гол жібермеді. Үздік жас ойыншы атағын испаниялық Пау Кубарси алды. Ал турнирдің ең үздік сұрмергені Франция шабуылшысы Килиан Мбаппе болды. Ол әлем чемпионатында 10 гол соғып, екінші рет қатарынан «Алтын бутсы» жүлдесін жеңіп алды. Мбаппе бұл көрсеткіш бойынша сегіз гол соққан Лионель Мессиді артта қалдырды.
Биылғы додада үлкен футболдағы буын алмасуы да анық байқалды. Лионель Месси бастаған тәжірибелі ойыншылар әлі де жоғары деңгейде өнер көрсете алатынын дәлелдесе, Ламин Ямаль, Пау Кубарси секілді жастар әлем футболының болашағы кімдердің қолында екенін көрсетті. Финалдан кейін Месси мен Ямальдың құшақтасқан сәті өткен дәуір мен жаңа кезеңнің символындай әсер қалдырды.
Ал Испания үшін бұл чемпиондық кездейсоқ келген жеңіс емес. Команда 2024 жылғы Еуропа чемпионатындағы табысын жалғастырып, екі жылдан кейін әлем кубогын иеленді. Испания допты қадірлейтін, тәртіпке және командалық ойынға негізделген футболының әлі де нәтижелі екенін дәлелдеді. Осылайша, бір айдан астам уақытқа созылған футбол мерекесі аяқталды.
Сымбат БЕГІМБАЙ









