Агросектор: банктер белсене түсті

Биылғы алғашқы екі ай­да­­­ғы деректер де оң динамика сақ­­талғанын растайды. Қаң­­­­тар-ақпан айларында сек­­­торға 68,6 млрд теңгеден астам ин­вестиция түскен. Бұл был­тыр бастапқы екі айдағы қа­ражатпен салыстырғанда 89,2% асып түседі. Тек 2024 жы­лы инвестициялар көлемі 4,4%-ға қысқарған еді. Былтыр сала 23,5%-бен қайтадан едәуір белсенділік танытты. Де­мек, салаға қаражат құю қай­та қарқын алды. Осындағы ерек­­­­шелеп айтатын жайт, қа­лың инвестицияның не­гіз­гі көлемі бұрынғысынша кә­сіп­орындардың өз қаражаты есе­бінен қалыптасып отыр. Кә­сіп­керлер 733,7 млрд теңгені өз қал­таларынан шығарғанымен, жалпы олардың үлесі бүкіл ин­вес­­тиция ішінде өсу қарқыны жө­нінен орташа көрсеткіштен тө­мен болып тұр. 

Есесіне қаржы ұйым­дары­ның на­зары тіктеле бас­та­ған. Банк­тер белсеніп шы­ғып, несие беру­дегі үлесін бі­раз арттыра түскен. Бір жылда кредит беру­ді 59,5%-ға арттырып, 46,3 млрд теңгеге жеткізген. Осылай банк­тердің аграрлық секторға деген қызығушылығы қайта жандана бастады.

Бір жағынан саланың дамуы тек мемлекеттің мойнында деген жұрт арасында кең та­­­­­­­ралған түсінік те расталмай отыр. Айталық, тағы да сол статистикалық деректерге сүйен­сек, былтыр секторға са­лын­ған инвестицияның жалпы көлеміндегі мемлекеттік бюджет қаражатының үлесі артқанымен, әлі де салыстырмалы түрде төмен деңгейде қалып келеді. Мысалы, бюджет қаражатының үлесі 7,7 есе артқан. Бұл ауыз толтырарлық дерек болғанымен, оның жалпы көлемдегі үлесі бар-жоғы 0,7%, ақшалай есептегенде 8,2 млрд теңге. 

Агросектор кәсіпкерлері өз қаражатының басым бөлігі бір­жылдық және екіжылдық да­қылдарды өсіруге, сондай-ақ мал шаруашылығына бағыттаған екен. Бұлар агроөнеркәсіп ке­ше­нінің басым бағыттары еке­ні белгілі. Соның бір жарқын мысалы, жуырда Қазақстанда вируссыз тұқымдық картопты өнеркәсіп жолымен өндірудің толық циклді алғашқы жобасы іске қосылды. 

Оны Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Оңтүстік Корея компаниясы өзара стратегиялық әріптестік орнатып, жүзеге асыр­ған. Мұнда елімізде вируссыз тұ­қымдық картоп өндірудің алғаш­қы толық үйлестірілген жүйесін құру көзделген. 

Мәселен, зертханада вирус­сыз өсімдіктерді алып, диагностикалап, содан кейін ұсақ түй­нектер мен жоғары репродукциялы тұ­қымдық картоп өндіруге дейінгі барлық кезең қамтылған. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның сапалы тұқымдық картопқа деген жылдық сұранысы шамамен 450-480 мың тонна аралығында. Жаңа өн­діріс енді осы қажеттіліктің ор­нын толтырғалы отыр. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, соңғы екі жылда заманауи агротехнологияларды қолдану да айтарлықтай артқан. Минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге өсіп, 1,8 млн тоннаға жет­се, элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 11,6%-ға дейін ұл­ғайған. Мемлекеттік қолдау ша­­раларының арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өн­діру­шілер шамамен 25 мың дана заманауи ауыл шаруашы­лығы техникасын сатып алған. Ал жалпы машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 6,5%-ға жеткен. Бұл жыл сайын ел аумағында ауқымды жерді алатын егіс алқаптарында шаруалардың қолайлы жұмыс іс­теу мүмкіндігін арттырары сөзсіз. Егіс алқаптары биылдың өзінде жалпы көлемі 23,8 млн гектар жерді алып жатыр. 

Бекбол Амангелді