Аяқкиім тігетін компания өндірісін тоқтатып, жасанды интеллект бағытына көшті

CNBC телеарнасының материалына сүйенген Aikyn.kz аяқкиім өндірісін жауып, ЖИ технологияларына ауысқан компанияның бизнес моделін талдайды.

Smartbird компанияның жаңа бас директоры ретінде Надия Карлстенді тағайындады. Надия ханым бұған дейін Amazon Web Services-тің кванттық есептеулер құрылымын басқарған және АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігінде қызмет атқарған тәжірибелі технологиялық менеджер саналады. Соңғы жылдары ол Nvidia-мен серіктестік орнатқан және Gefion суперкомпьютерін басқаратын DCAI компаниясына жетекшілік еткен.

Бұл жаңалық инвесторлардың қызығушылығын бірден арттырды. Компания акциялары бір күннің ішінде шамамен 39%-ға қымбаттады. Smartbird-тің ешкім күтпеген шешімі бірнеше ай бұрын басталған еді. 2026 жылдың сәуірінде Allbirds өзін NewBird AI деп қайта атап, аяқкиім өндірісін жауып, ЖИ-ге арналған есептеу инфрақұрылымын дамытуға көшетінін мәлімдеді. Компания аяқкиім бизнесін American Exchange Group компаниясына 39 млн долларға сатып, АҚШ-тағы фирмалық дүкендерінің жұмысын тоқтатты.

Нарық бұл өзгерістерді оң қабылдады. Себебі соңғы жылдары ЖИ технологиялық сектордағы ең тартымды инвестициялық бағытқа айналды. ChatGPT іске қосылғаннан кейін көптеген компаниялар өз стратегияларын қайта қарап, ЖИ нарығындағы мүмкіндіктерді пайдалануға көшті.

Smartbird оқиғасы Wall Street үшін жаңа құбылыс емес. Бұған дейін криптовалюта мен блокчейн нарығы қарқынды өскен кезеңде көптеген компаниялар өз бизнесін қайта бағдарлаған болатын. Бүгінде дәл осындай үрдіс жасанды интеллект саласында байқалуда.

Сарапшылардың пікірінше, Smartbird-тің болашағы оның жаңа атауында емес, нақты технологиялық активтері мен инфрақұрылымдық жобаларында жатыр. Компания жасанды интеллектке арналған деректер орталықтары мен жоғары өнімді есептеу жүйелерін дамыту арқылы нарықтағы сұранысты пайдалануды көздейді.Бұл өзгеріс қазіргі технологиялық нарықтың басты ерекшелігі. Инвесторлар енді дәстүрлі өнімдерден гөрі жасанды интеллектке негізделген платформалар мен инфрақұрылымдарға көбірек сенім артады. Бірнеше жыл бұрын экологиялық аяқкиім бренді ретінде танылған компанияның бүгінде ЖИ инфрақұрылымын салушыға айналуы –  осы үрдістің айқын дәлелі.

Алайда сарапшылар Smartbird алдында үлкен сынақ тұрғанын атап өтуде. Компания енді сән индустриясында емес, Amazon, Microsoft, Google және Nvidia секілді алыптар үстемдік ететін жоғары технологиялық нарықтағы бәсекеге қосылады.

Бұл Қазақ елі үшін өте маңызды

Бұрын нақты тауар өндірген компаниялардың ЖИ-ге жаппай ауысуы экономиканың «нақты өнімнен» «цифрлық уәдеге» қарай ауысып жатқанын білдіреді. Бұнда екі қауіп бар. Біріншісі – бәрі ЖИ, деректер орталығы, алгоритм, платформаға ауысып кетсе, нақты тауарларды, азық-түлік, киім, үй, құрылыс материалы, техника өндіру екінші қатарға ығысады. Бірақ адамға тамақ, киім, көлік, үй әрқашан керек. Сондықтан нақты өндіріс ешқашан жоғалмайды. Керісінше, ол сиреп, сапалы өндірушілер үшін қымбат әрі табысты салаға айнала бастайды.

Екіншісі – ЖИ нарығында көпіршік пайда болуы ықтимал. Кезінде көп компания «блокчейнге көшеміз» деп инвестор тартқандай, қазір кейбір компаниялар «ЖИ компаниясына айналдық» деп нарықтық бағасын көтеруде. Бірақ бәрі бірдей Nvidia немесе OpenAI бола алмайды. ЖИ саласында инфрақұрылым, энергия, чип, капитал және нақты технологиялық қабілет керек.

Wall Street пен Times Square-де органикалық өнімдерге сұраныс қашанда жоғары. Фото cnbc.com сайтынан алынды

Бұл жерде Қазақ еліне үлкен мүмкіндік туындайды

Қазақ елі әлемдік ЖИ жарысында ең озық модель жасаушы ел болмаса да, нақты өнім өндіретін ел болатын әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, органикалық азық-түлік, таза ет, бидай, сүт өнімдері, табиғи киім материалы, құрылыс шикізаты, экологиялық өнімдер – болашақта қымбат бағаланатыны анық.

Әлем цифрлық технологияға қанша тәуелді болса да, сапалы азық-түлікке сұраныс азаймайды. Керісінше, жасанды өнімдер, синтетикалық тағамдар, урбанизация және климат өзгерісі күшейген сайын табиғи, таза, сенімді азық-түліктің құны артады. Қазақ жері, жайылымы, астық базасы және табиғи өнім өндіру әлеуеті, ұлтымыздың ғасырлар бойы жинаған шаруашылық дәстүрі нарықтан мол табыс табуға жеткілікті.

Бірақ ол үшін жай шикізат сатпау керек. Қазақ елі органикалық өнімді брендке айналдырып, Kazakh Organic Meat, Steppe Food, Clean Wheat, Halal Organic Kazakhstan сияқты жоғары сапалы премиалды азық-түліктің экспорттық бағытын қалыптастыруы қажет. Яғни, ЖИ дәуірінде ең ақылды стратегия – технологиядан қашу емес, оны өндірісті, қазақтың дәстүрлі шаруашылығын күшейтуге пайдалану. Қазақ елі ЖИ арқылы мал шаруашылығын, егіншілікті, логистиканы, су үнемдеуді, сапа бақылауын дамытып, әлемге табиғи әрі премиум санатындағы өнім ұсына алады.