Қылмыскерлер, борышкерлер, жоғалғандар: Қазақстанда 6 мыңнан астам адам іздеуде жүр

 Олардың арасында хабар-ошарсыз кеткендер, қылмыскерлер, борышкерлер және алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтар бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, іздеудегі адамдардың 1 939-ы – хабар-ошарсыз кеткендер. Сондай-ақ әлі күнге дейін табылмаған 29 баланың ісі есепте тұр. Бұдан бөлек, 2 137 адам қылмыс жасағаны үшін, 1 331 адам атқарушылық өндіріс бойынша, ал 704 адам алимент төлемегені үшін іздеуде.

Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылы полиция мен еріктілер іздеуде болған 20 мыңнан астам адамның жүрген жерін анықтады. Олардың 6 мыңнан астамы – балалар. Көп жағдайда жоғалғандар алғашқы тәулікте немесе бірнеше апта ішінде табылады.

Полицияның айтуынша, ересектер көбіне отбасылық жанжалдан кейін немесе ешкімге ескертпей басқа қалаға не шетелге кетіп қалады. Ал кәмелетке толмағандардың жоғалуына ата-анасымен келіспеушілік, қорқыныш немесе әлеуметтік желідегі күмәнді таныстықтар себеп болуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары адамның жоғалғаны белгілі болған сәтте уақыт жоғалтпай полицияға хабарласуға шақырады. Мамандардың айтуынша, іздеудің алғашқы сағаттары адамның аман-есен табылу ықтималдығын едәуір арттырады.