Aikyn.kz технологиялық компаниялар неліктен Қытай мен Үндістан сияқты миллиардтық нарыққа құштар екенін moneycontrol.com материалы негізінде талдайды.
Халық саны көп мемлекет – жылдам дамиды және жаңа технологиялардың басты полигоны. Үндістанның ең бай адамы Мукеш Амбанидің ұлы Акаш Reliance Intelligence Үндістан үшін, Үндістанда жасалған және болашақта бүкіл әлемге қызмет ете алатын жасанды интеллект жүйесін жасауды көздейді.
«Біз Үндістан үшін ЖИ-ді, Үндістанда жасалған ЖИ-ді және бір күні бүкіл әлемге қызмет ететін ЖИ-ді жасап жатырмыз», – деді ол Reliance Industries акционерлерінің жылдық жиналысында.
Компанияның басты ерекшелігі – жасанды интеллекті ағылшын тілінен аударылған сервис ретінде емес, әуел бастан үнді тілдерінде жасау. Reliance Intelligence 22 үнді тілінде жұмыс істейтін сенімді, арзан және көптілді ЖИ қызметтерін әзірлемек.
Акаш Амбанидің айтуынша, маратхи тілінде сұрақ қойған фермер немесе тамиль тілінде сөйлейтін студент өз тілінде ойлап, өз тілінде жауап беретін ЖИ көмекшісін пайдаланатын болады. Бұл тәсіл Үндістандағы цифрлық теңсіздікті азайтуға арналған.
Reliance бірнеше жаңа ЖИ қосымшасын да таныстырды. Олардың қатарында JioBharatIQ атты жеке ЖИ-серіктес, шағын бизнеске арналған AI Vyapar, денсаулық сақтау саласына бағытталған JioHealth IQ, білім беруге арналған JioLearnIQ және фермерлерге көмектесетін JioKrishi IQ бар.
Бұл платформалар Үндістанның нақты әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін шешу үшін жасалған. Мысалы, фермерлер ауа райы, өнім бағасы, тыңайтқыш немесе егін күтімі бойынша кеңес ала алады. Шағын кәсіпкерлер ЖИ арқылы саудасын басқарып, клиенттермен байланыс орнатады және қаржылық шешімдер қабылдайды.
Амбани Jio компаниясының бұған дейін арзан интернетті бүкіл Үндістанға таратқанын еске салды. Оның айтуынша, JioBharat платформасы 999 рупий (5000 теңге) тұратын қолжетімді смарт-құрылғылар арқылы технологияны миллиондаған адамға ұсынды. Енді дәл осындай өзгеріс жасанды интеллект саласында жасалмақ.
«ЖИ барлық жерде қолжетімді болған кезде, Үндістан ЖИ ғасырында жай ғана қатысушы болмайды, оны басқарады», – дейді Акаш Амбани.
Reliance Intelligence әлемдік деңгейдегі зерттеушілер мен инженерлер командасын құрып, үнді ЖИ стартаптарына инвестиция салып, университеттер мен ғылыми институттармен әріптестік орнатуда.
Бұл бастама Үндістанның технологиялық стратегиясында маңызды орын алады. Егер Reliance Intelligence мақсатына жетсе, жасанды интеллект тек бай компаниялар мен ағылшын тілді элитаға емес, фермерге, студентке, дәрігерге, шағын кәсіпкерге және қарапайым азаматқа қызмет ететін құралға айналуы әбден мүмкін.
Технологиялық заманда бизнесті жылдам масштабтау үшін елдегі халық санының 100 млн, бірнеше 100 млн болуы – баға жетпес артықшылық. Үндістан мен Қытай – осы ойымыздың нақты мысалы.
Қазақ Үкіметі назарға алып жұмыс істесе, ұлттың ұтары көп болады
Қазақ елінің халқы 20 млн ғана болғандықтан, ұлттық экономика да, бизнес те классикалық заңдылықтар бойынша жұмыс істей алмайды. Бізге «мемлекеттік патернализм» концепциясын ұстану қажет. Үлкен нарық неліктен нақты сектордың, IT мен стартаптардың басты қозғалтқышы? Өйткені тауарды шетелге экспорттамай-ақ, бір елдің ішінде миллиондаған тұтынушы, аудитория жинауға болады. Қытайдың WeChat-ы мен TikTok-ы, АҚШ-тың Uber-і мен Amazon-ы, Үндістанның Jio-сы біртұтас ішкі нарық пен миллиондаған сатып алушының арқасында жаһандық алпауыттарға айналды. Халық саны көп мемлекет – бүгінгі заманда өсу әлеуеті жоғары мемлекет. Ондай мемлекет – жылдам дамиды және жаңа технологиялардың басты полигоны. Ал біздің отандық бизнеске «аталық қамқорлық» қажет!!!










