Ұлттық қорға түскен қаржының басым бөлігі бюджетке аударылған

2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанның Ұлттық қорына мұнай секторынан 1 триллион 530 миллиард теңге түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Осы кезеңде республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт ретінде 1 триллион 400 миллиард теңге аударылды.

Инвестициялық кірісті есепке алмағанда, қордың таза өсімі 130 миллиард теңгені ғана құрады.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, түсімдердің негізгі бөлігі корпоративтік табыс салығынан түскен. Мұнай компаниялары бұл салық бойынша 559 миллиард 200 миллион теңге төлеген.

Сонымен қатар өнімді бөлу туралы келісімдер аясында қорға 447 миллиард 800 миллион теңге түсті. Ал пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтан түскен қаражат 266 миллиард 600 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайған.

Шикі мұнай мен газ конденсатын экспорттауға салынатын ренталық салықтан 172 миллиард 300 миллион теңге, ал артық пайда салығынан 22 миллиард 300 миллион теңге түскен.