Қаламгердің өмірі мен шығармашылығы қазақ руханиятының тұтас бір кезеңімен сабақтас. Жазушының жары Лиза Саяқызымен жазушының адами болмысы, шығармашылық әлемі және артында қалған рухани мұрасы туралы сыр шерттік.
– Лиза тәте, Дидахмет Әшімханұлы – қазақ журналистерінің бірқатарына ұстаз бола білген, аяулы есім. «Шерағаның шекпенінен шықтық» дейтін секілді, біз де Дидағаның тәлім-тәрбиесін көріп өстік. Алайда Дидағаның жазушылық ұстаханасы, өмірі, болмыс-бітімі сізге жақсы таныс. Ең алдымен, ол кісімен алғаш қалай таныстыңыз? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Менің туған жерім – Берел ауылы. Балалық шағым сол табиғаты көркем өңірде өтті. Әкем өмір бойы есеп-қисап саласында еңбек етіп, бухгалтерлік қызмет атқарды. Отбасымызда алты бала тәрбиелендік: үш ұл, үш қыз.
1970 жылы орталықтағы қазақ мектебін тәмамдадым. Алайда сол жылы денсаулығыма байланысты жоғары оқу орнына түсе алмадым. Кейін аудандық кітапханаға жұмысқа орналастым. Дидахметпен таныстығымыз да дәл сол кітапханада басталды. Ол кезде оның әскер қатарынан келген шағы екен.
– Сіз таныған кезде аға жазу-сызумен айналысып жүр ме еді?
– Дидахметпен алғаш танысқан кезде оның әдебиетке жақын адам екенін бірден аңғардым. Бір күні кітапханаға келіпті. Қандай кітап қажет екенін сұрап едім, қолындағы аудандық «Еңбек туы» газетін сұрады. Қолына газеттің жаңа нөмірін ұстаттым. Газетте оның «Бір тамшы баллада» деген өлеңі жарияланыпты. Дидахмет кеткен соң, оқып көрсем, жас болса да ойы терең, тілі көркем, ерекше әсер қалдыратын дүние екен.
Біздің ауданда мәдениет үйінің жанынан көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейтін. Кешкілік жастар сонда жиналып, концерт қойып, өнер көрсететінбіз. Сол үйірмеге автоклуб меңгерушісі болып істейтін Дидахмет те жиі қатысатын. Сонда оның тек жазуға ғана емес, өнерге де жақын жан екенін байқадым. Домбыраны керемет тартатын, әнді де нақышына келтіріп орындайтын.
1972 жылы жанымда құрбым бар, Дидахмет үшеуміз ауылдан Алматыға бірге келдік. Оның оқуы сәл кейінірек басталатын болған соң, уақытша АДК-ға жұмысқа орналасты. Ал сол жылы біз Қыздар институтына оқуға түстік. Дидахмет ҚазМУ-дің журналистика факультетіне қабылданды. Сол кезден бастап арамыз үзілмей, жиі араласып тұрдық.
– Қай жылы отау құрдыңыздар?
– Біз 1975 жылы шаңырақ көтердік. Сол кезде екеуміз де академиялық демалыс алып, Өскемен қаласында тұрдық. Дидахмет облыстық газетте қызмет етті. Жас отбасы болған соң, пәтер жалдап күн көрдік. Сол жылдың қараша айында тұңғыш қызымыз дүниеге келді. Дидахметтің достары әзілдеп: «Келіншегіңнің академиялық демалыс алғаны түсінікті, ал сен неге алдың?» – деп күліп жүретін. Бірақ оның бәрі жастық шақтың жарасымды қалжыңы еді. Сол күндердің өзінде Дидахмет отбасына аса жауапкершілікпен қарап, бар уақытын бізге арнауға тырысатын.
Дидахмет университетте өте жақсы оқыды. Тіпті өз тобының старостасы болды. Ол кезде озат студенттерді білімін жетілдіру үшін Мәскеу не Ленинград қалаларына жіберетін дәстүр бар еді. Бір каникулда ауылға барып, әке-шешесіне өзін оқуға жібергелі жатқанын айтыпты. Бірақ ата-анасы бұған қарсы болып: «Алматыдағы оқуыңды әуелі аяқта. Одан да үйленіп алсаңшы» дейді. Екеуміз туралы әке-шешесі біліп жүрсе керек.
Сөйтіп, ойламаған жерден үйлену тойымыз өтті. Тойды екі бөлмелі шағын пәтерде жасағанымыз әлі күнге дейін есімде. Барлығы қарапайым болса да, көңіліміз көтеріңкі, жастықтың ең бақытты шағы еді.
Сол тойда досы Әлібек Асқаров фотоаппаратымен суретке түсірген. Ол кезде пленкамен түсірілген суреттерді қараңғы жерде шығару керек қой. Бірақ пленканы жарықта ашып алғандықтан, барлық сурет күйіп кетіпті. Содан біздің үйлену тойымыздан бірде-бір естелік сурет қалмады (күледі).
– Дидағаның сіз құрмет тұтқан ерекше қасиеті қандай еді?
– Дидахметтің бойындағы ең ерекше қасиеттердің бірі – өмірге деген құштарлығы мен сергектігі еді. Қимылы да ширақ, сөйлегенде де ойын іркілмей, жылдам жеткізетін. Қай ортаға барса да бірден баурап алатын табиғи тартымдылығы болатын. Көркемөнерпаздар үйірмесінде домбыра тартып, ән айтқан сәттері әлі күнге дейін көз алдымда. Өнерге деген ықыласы бөлек еді. Әнді де жанымен айтып, домбыраны да ерекше сезіммен тартатын. Оның бойынан жастықтың жалыны мен өнерге деген шынайы сүйіспеншілікті көретінмін.
– Дидаға Алматыға қай жылы келді?
– Қызымыз дүниеге келгеннен кейін институттың сырттай бөліміне ауыстым. Дидахмет бір жылдай облыстық газетте еңбек етіп, кейін қайтадан ҚазМУ-дің журналистика факультетіндегі оқуын жалғастырды.
Алғашқы жылдары Алматыда пәтер жалдап тұрдық. Мен Горный гиганттағы кітапханада меңгеруші болып жұмыс істедім. Кейін қалалық кеңеске депутат болып, қоғамдық жұмыстарға араласа бастадым. Сол кезде Горный гиганттағы барак тәрізді үйлерден бір бөлме берілді. Ол уақытта кітапхана Алатау совхозына қарайтын. Бір бөлмелі шағын пәтерді Дидахмет қолынан келгенше ыңғайлап, реттеп шықты. Үйдің ішін үшке бөліп, бір қабырғасына кітап сөресін жасап қойғаны әлі есімде. Кітапқа деген құрметі ерекше еді ғой.
Жүрегім ауыратыны бар, үйдің іші сыз тартып тұрады. Ауа тарылған кезде, жүрек жиі қысылады. Елден қонаққа келген бауырым мен келінім жағдайды көріп, «мұнда тұруға болмайды» деп, мені Қатонға алып кетті. Сөйтіп, ұлым Дәулетті ауылда босандым.
Ол жылдары ақын-жазушыларға кезекпен пәтер берілетін. Дидахметтің де екі рет кезегі келгенімен, жағдайы төмендеу отбасыларға жаны ашып, соларға бере салыпты. Оның кеңдігі мен адамға жаны ашитыны сондай еді. Кейін уақыт өте келе өзіміз де баспаналы болдық. 1985 жылы ұлымыз Дәулетті балабақшаға беріп, Оқушылар сарайына жұмысқа орналастым. Сол жылдың жазында Кәдірбек Сегізбаев аға тұрған пәтер бізге бұйырды.
Дидахмет еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінде бастады. Кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне бөлім меңгерушісі болып ауысты. Одан соң «Заман-Қазақстан» газетінде редактор қызметін атқарды. Өмірінің соңына дейін «Түркістан» газетінде еңбек етіп, журналистика мен әдебиетке адал қызмет етті.
– Қаламгердің жазушылық ұстаханасы қандай еді? Ол кісі шығарманы қай кезде жазатын?
– Дидахмет табиғатты ерекше сүйетін адам еді. Қолы босай қалса, тауға шығып, табиғат аясында серуендегенді ұнататын. Әсіресе таудың тыныштығы мен саф ауасы оған шабыт беретіндей көрінетін. Шетелдерге сапарлағанды да жақсы көрді. Жаңа жер көріп, өзге халықтың мәдениетімен танысу оған ерекше әсер сыйлайтын.
Тыныштықты жақсы көретін. Шығарма жазып отырғанда, оны мүмкіндігінше оңаша қалдыруға тырысатынбыз. Өйткені жазу үстінде ішкі әлемімен оңаша қалып, бар ойын қағазға түсіретін.
Сонымен бірге әзілді өте жақсы көретін еді. Достарының ортасында қалжың айтып, бәрін күлдіріп отыратын. Әңгімесі де тартымды, отырыстың сәнін кіргізетін еді.
Бірақ оның жаны әділетсіздікке мүлде төзбейтін. Көрген-білгеніне бейжай қарай алмайтын, шындықты айтудан тайынбайтын мінезі бар еді. Сондықтан болар, шығармаларында да адам тағдыры, қоғамдағы әділет мәселесі жиі көрініс тауып жататын.
Өмірінің соңғы жылдарында бір арманын жиі айтатын болды. Ол – ақын-жазушылардың көзі тірісінде ұстаған заттарын, қолжазбаларын, жеке дүниелерін жинақтап, арнайы музей ашу еді. «Қаламгерлердің рухы сақталатын орын болса» деп армандайтын. Әдебиетке, руханиятқа деген құрметі сол ойынан да анық байқалатын.
– Қаламгердің ең алғашқы әңгімесі – «Аққабаның толқыны». Бұл шығарма 1975 жылы жарық көрген екен. Аға кейін бұл туындысын «Арман қанатында» кітабына да енгізді. Алғашқы шығарманың жолы қиын болады ғой. Ол кісінің шығармаларының тарихы туралы жиі айтатын ба еді?
– Ол шығармаларының тарихы туралы айтпайтын. Тек бітіргеннен кейін оқытып, пікірімді сұрайтын еді.
– Ол кісінің жастарға қамқорлығы ерекше болды. Үнемі жанында жас ақын-жазушылар жүретін. Дидағаның өзі де ағаларының қамқорлығын көп көрген сияқты.
– Қатон-Қарағай ауданынан бірнеше жазушы-ақын шықты. Дидахметтің ағаларына ұқсамайтын өз стилі болды. Қалихан ағамызды «Қара сөздің нары» деп айтушы еді. Ол Оралхан ағаның өзіндік ерекше жазуы барын айтатын. Ал досы Әлібек болса, жазуды кейін бастады. Ауыл тіршілігі мен табиғатты суреттейтін, өздерінің саяхаттары туралы көбірек жазатын. Дидахмет көп қаламгерлермен араласты. Елге белгілі қаламгер ағаларымызбен қызметтес болды. Шерағаңды жақсы көретін еді. Қалтай Мұхамеджанов ағамен де етене жақын болды. Сол кісілердің тәлім-тәрбиесін көп көрді. Сағат ағамен көрші болдық. Ол кісімен жиі кездесіп, пікір алмасатын. Дидағаның көп уақыты журналистикаға, газет жұмысына кетті. Бір-екі жылдай телеарнаға да шығып, «Отандастар», «Тазша бала» атты жобаларды жүргізді.
– Ағаның көп арманы ішінде кеткен сияқты… Ол кісінің жазам деген дүниесі, ойлары қандай еді?
– Ол туған жері – Алтайды, Шыңғыстайды үнемі сағынып жүретін. Ел жаққа деген аңсары бір сәт басылған емес. Үйімізге ауылдан ағайын-туыс, таныс адамдар үзілмей келіп жататын. Қонағымыз да көп болатын. Дидахмет елге жылына кемінде екі-үш рет барып қайтпаса, мазасы кетіп, «басым ауырып жүр» деп сағынышын білдіретін. Ауылдағы ағайынның әр мәселесіне араласып, қолынан келгенше көмектесуге тырысатын. Туыстарына қамқорлығы ерекше еді. Тіпті бауырларының көбі біздің қолымызда өсіп, ержетті. Оның адамға деген жанашырлығы мен туысқа деген кең пейілі отбасында да, айналасында да айқын сезіліп тұратын. Соңғы уақыттарында баспа жағына көп көңіл бөлді, бірақ газет қызметін де тастамады. Сондықтан өзінің творчествалық жұмысы тұралап қалған секілді. Әттең, жазам деген дүниелері көп еді…
– Балаларыңыздың, немерелеріңіздің бойынан ағаға тән қандай дүние байқайсыз?
– Балаларым да, немерелеріміз де қазақы тәрбие алып жатқан жайы бар. Қызымның да, ұлымның да балалары домбыра, қобыз, жетігенде ойнай алады және кітап оқуды жақсы көреді. Аталарын әрқашан естеріне алып, шығармаларын оқып отырады. Былтыр 75 жылдығы Қатон-Қарағайда ерекше аталып өтті.
– Өзі ерекше жақсы көрген Қалағасы (Қалихан Ысқақ) да, өзі де туған топырақта жатыр. Ауылға жиі барасыз ба?
– Өзінің жақсы көретін еліне, жеріне жетіп, тыныш тапты ғой. Балалары, немерелерімен барып, жылда Құран бағыштаймыз. Қатон-Қарағайда балаларының, туыс, достарының қолдауымен ескерткіші дәл мәдениет үйінің алдында орнатылды. Жерлестері де, қонаққа келген адамдар да міндетті түрде ескерткішті көруге бұрылады және сол жерде фотоға түседі. Жақсы адамды ұмытпай, жадында сақтап жүргендерді көрсем, қуанып қаламын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС









