«Қайдан келдім, қайда барамын?»

Жүз жылдан астам уақыт бұрын жазылған Метерлинктің «Соқырлар» пьесасын «Қанат­тылар» инклюзивті театрының ұжымы ұсынды. Спектакльде адамзаттың жалғыздығы, ақиқатты іздеуі, тағдыр алдындағы дәрменсіздігі мен қорқынышы бейнеленеді. Философиялық астары терең қойылымға барлығы 16 әртіс қатысты. Олардың арасында көру қабілеті әлсіз және есту мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Алайда олар сахнада мүмкіндіктің емес, талант пен рухтың үстем екенін көрсетті. Қойылым барысында сахнадағы әрбір қимыл мен әрбір эмоция көрермен жүрегіне жол тауып, терең ойға жетеледі. 

Қойылым сюжеті бойынша бір топ зағип жан қалың орманда адасып қалады. Олар өздерін алып шығуға тиіс дін қызметкерін күтеді. Алайда кейіпкерлер өздеріне жол көрсетуші адамның әлдеқашан көз жұмғанын білмейді. Белгісіз жағдайда қалғандардың бойын қорқыныш пен үмітсіздік билейді. Олар бір-біріне демеу болып, кейіпкердің әрқайсысы тығырықтан шығудың жолын іздейді. Бірақ олардың көбі қайда бара жатқанын емес, өз айтқанының дұрыстығын дәлелдеуге көбірек ұмтылады. Сол сәтте физика­лық соқырлықтан бұрын рухани соқырлықтың салдары ауыр екенін түсінесің. Өйткені адамның көңілі соқыр болатын кездер де кездеседі. Қойылымдағы тағы бір әсерлі тұс – кейіпкер­лердің қауіп сейілгендей көрінген сәтте бірден бейқам күйге түсуі. Айналасындағы жағдай өзгермесе де, уақытша тыныштыққа алданып, шынайы қатерді ұмытып кетеді. Бұл да адам табиғатына тән мінез. Көп жағдайда біз де күрделі мәселелердің түп-тамырын шешуден гөрі, уақытша жайлылықты қанағат тұтып жатамыз.

Қойылым режиссері Нұрсұлтан Қалкеновтің айтуынша, шығарманың атмосферасын дәл жеткізу үшін ерекше дайындық жұмыстары жүргізілген.

– Шәкәрім атамыздың «Қайдан келдім? Не қылсам пайдам? Қайда барамын?» деген терең мәнді сөзі бар. Қойылым осы сауалдарды өзіне қоймайтын, өмірдің мәнін іздеуден алыстап кеткен адамдар туралы ой қозғайды. Оқиға орман ішінде өтетіндіктен, актерлер қойылым­ның атмосферасын тереңірек сезінуі үшін, оларды арнайы орманға апарып дайындалдық. Аптасына екі рет репетиция өткізіп, сахна тілімен жұмыс істедік. Әсіресе есту қабілеті төмен актерлердің рөлді толық меңгеруіне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар жаттығулар кезінде түрлі дыбысты қосып, актерлердің қорқыныш сезімін бастан кешуіне жағдай жасадық. Мақсатымыз – сол сезімді көрерменге барынша шынайы жеткізу болды, – дейді режиссер. 

Спектакльдің ерекшелігі оның мазмұнында ғана емес, ұсыну тәсілінде де болды. Сахнада инклюзивті қоғам өкілдері кәсіби әртістермен қатар өнер көрсетіп, шығармашылықтың еш­қан­дай шектеуді мойындамайтынын дәлелдеді. Сонымен қатар қойылым ым тілі арқылы қатар аударылып отырды. Бұл есту қабілеті шектеулі көрермендердің спектакльді толыққанды қабылдауына мүмкіндік берді. Мұндай қадам өнердің баршаға қолжетімді болуға тиіс екенін тағы бір мәрте көрсетті. Дегенмен есту қабілеті бұзылған және сөйлеу мүмкіндігі шектеулі азаматтардың алдында әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес. Білім алу, мәдени ортаға араласу, медициналық қызметтерді пайдалану сияқты күнделікті қажеттіліктердің өзі кей жағдайда үлкен қиындықтарға ұласып жатады. Мамандардың айтуынша, түйткілдердің бірі – ым тілінің заң жүзінде толыққанды ресми мәртебеге ие болмауы. Бұл өз кезегінде ақпаратқа қолжетімділік пен қоғамдық өмірге тең дәрежеде қатысу мүмкіндігін шектейтін маңызды фак­торлардың бірі болып отыр.

Ал театр жетекшісі Арнұр Ысқақов «Соқыр­лар» спектаклі актерлердің шығармашылық дамуы үшін де маңызды қадам болғанын атап өтті. Бұл – театрдың дербес ұжым ретінде сах­налаған үшінші премьерасы. Оның айтуынша, қойылымның басты құндылығы – ерекше қа­жет­тілігі бар жастардың шығармашылық қабі­летін дамытуға ықпал етуінде. Бүгінде есту қабілеті төмен актерлер театрдағы арнайы сабақтар арқылы сөйлеу мәнерін жетілдіріп, сахна мәдениетін меңгеріп келеді. Ал жаңа спектакльде екі зағип және екі есту қабілеті төмен жас өнер көрсеткен. Диалогқа құрылған қойылымды сахналау оңай болмағаны­мен, ол актерлердің тәжірибесін шыңдап, өз мүмкін­діктеріне деген сенімін арттырған.

– Қоржынымызда жалпы 15 спектакль бар. Ал жеке театр ретінде жұмыс істей бастағаннан бергі бұл – үшінші премьерамыз. Жұмысымыздың негізгі мақсаты – шығармашылық арқылы оңалту. Есту қабілеті төмен жастар актерлік шеберлік пен сахна тілі сабақтарына қатысып, сөйлеу дағдыларын жетілдіріп келеді. «Соқыр­лар» спектаклінде екі зағип және екі есту қабілеті төмен жас өнер көрсетті. Қойылымды сахналау оңай болған жоқ, себебі мұндағы оқиға түгелдей дерлік диалогқа құрылған. Биылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Шабыт» университетінде 20-ға жуық грант бөлініп жатыр. Сол гранттар арқылы жастарымыз білім алып, кәсіби дайындықтан өтеді. Алдағы төрт жылда оларды жан-жақты шыңдап, өзі­міздің кә­сіби актерлерімізді тәрбиелеп шығарсақ деген мақ­сатымыз бар, – дейді Арнұр Ысқақов.

Екі күнге созылған қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, жоғары деңгейде өтті. Символизм жанрындағы пьесаның негізгі идеясы – адамның өмірдегі әлсіздігі, белгісіз тағдыр алдындағы қорқынышы және шындықты толық түсіне алмауы. Қысқасы, «Соқырлар» – орманда адасып, бағытынан адасқан адамдар тағдырын сипаттаудан ада, оны ілік етіп бірлік пен жауапкершіліктің қадірін түсіндіретін шығарма. Спектакль көрерменге «Мен қайда бара жатырмын?», «Өмірдегі бағдарым қандай?» деген сауалдарды еріксіз қойғызады.

Ақтілек МЕРЕКЕ,

ЕҰУ 3-курс студенті