Ұйықтағанда бетіңізге әжім көбірек түсе ме?

Aikyn.kz ұйқы кезінде қандай қалыпта жатқан дұрыс екенін BBC Science Focus материалына сүйеніп түсіндіреді.

Дерматологтер бетті жер қыртысына ұқсатады. Тері қартайған сайын әлсіреп, белгілі бір «жарылу сызықтары» бойымен әжім түзе бастайды. Кейбір әжімдер табиғи қартаюдан, кейбірі мимикадан пайда болады. Ал ұйқы әжімдері бөлек санатқа жатады. Өйткені олар бет терісінің ұзақ уақыт қысылуы мен керілуінен қалыптасады.

Әсіресе, бір қырымен ұйықтайтын адамдарда беттің сол жағында қысым көбірек түседі. Бұл байланыс толық дәлелденбесе де, 2022 жылғы зерттеу адамдардың жиі жататын жағында жоғары қабақтың көбірек төмен түсетінін көрсеткен. Яғни, ұйқы қалпы бет ассиметриясына әсер етуі мүмкін.

Бразилиялық зерттеушілер әжімнің алдын алу үшін ең алдымен ағзаны жеткілікті сумен қамтамасыз ету керек дейді. Су тері жасушаларының серпімділігін сақтауға көмектеседі. Жақсы ылғалданған тері құрғақ әрі қатпарлы болып көрінбейді, ал майда әжімдер аз байқалады.

Екінші маңызды кеңес – шалқадан жатып ұйықтау. Бұл қалыпта бет жастыққа қысылмайды, тері созылмайды және түні бойы бір бағытта деформацияға ұшырамайды. Сондықтан шалқадан жатып ұйықтау бет пішінін тегіс сақтауға және терінің табиғи серпімділігін қолдауға көмектесуі мүмкін. Дегенмен бұл көп адам үшін оңай емес. Бір қырымен ұйықтауға үйренген адамға шалқадан жату ыңғайсыз көрінуі мүмкін. Сонымен қатар түнде жиі қозғалу, мазасыз ұйқы немесе бетке тиетін жастық та теріге әсер етеді.Ал «әжімге қарсы» арнайы жастықтардың пайдасы толық дәлелденбеген. Сондықтан ең қарапайым әрі тиімді жол – жеткілікті ұйықтау, көбірек су ішу және мүмкіндігінше шалқадан жатуға дағдылану.