Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының модульдік оқу бағдарламасы басталды. Мұндағы мақсат – қоғам сұранысына жедел жауап бере алатын, кәсіби әрі білікті басқарушы кадрларды даярлау.
Партия жанындағы Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған оқу бағдарламасына 100-ге жуық адам қатысуда. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, партия филиалдарының қызметкерлері мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері бар. Қатысушылар заманауи басқару тәсілдері, көшбасшылық қабілет және тиімді коммуникация бағыттары бойынша білімін жетілдіріп жатыр.
Семинардың ашылу салтанатына Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова, партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Байқонысов, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов қатысты.
Өз кезегінде, Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова бүгінде тек теориялық білім жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыратын, халық сұранысына жедел жауап беретін әрі нақты нәтиже көрсететін білікті мамандарды даярлау – уақыт талабы.
«Бұл бағдарлама партияның кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталып отыр. Ең басты мақсат – өңірлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыру. Қатысушылар көшбасшылық қабілеттерін дамытып қана қоймай, стратегиялық ойлау, жобалық басқару және заманауи коммуникация құралдарын тиімді қолдану дағдыларын меңгереді», – деді ол.
Сонымен қатар академия директоры оқу барысында алынған білім тек теориямен шектелмей, өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу барысында тәжірибе жүзінде қолданылатынын жеткізді.
Осы орайда, «Испиджаб» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Аббас Шамирзаев бұл бастама жергілікті жерлерде басқару мәдениетін дамыту ісінде ерекше маңызға ие екенін айтты.
«Бүгінде тұрғындармен тиімді жұмыс істеу үшін заман талабына сай білім мен жаңа тәсілдер қажет. Осындай мазмұнды семинарлар партия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру, өңірлердегі нақты мәселелерді шешу ісіне тың серпін береді. Бұл – тәжірибе алмасуға және жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң», – деді ол.
Үш күнге жоспарланған оқу семинары аясында қатысушылар жеке көшбасшылықты дамыту, өңірлер мен жергілікті қауымдастықтарды тиімді басқару, бюджет жүйесінің тетіктерін меңгеру, тұрғындармен және командамен нәтижелі коммуникация орнату, сондай-ақ саяси науқандар өткізу бағыттары бойынша тәжірибелі мамандардан білім алады.
Оқу барысында қатысушылар нақты көрсеткіштерге негізделген жеке даму жоспарларын әзірлейді. Бұл жергілікті деңгейде шешім қабылдау сапасын арттырып, азаматтардың сұраныстарына жедел әрекет етуге және басқару тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.










