Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Франция Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Францияның ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп және азық-түлік қауіпсіздігі министрі Анни Женевармен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму болашағын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейту, инвестициялық ықпалдастық және заманауи технологиялар бойынша тәжірибе алмасу бағыттарын талқылады.
Айдарбек Сапаров Францияның Еуропалық одақ елдері арасындағы Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
«Біз екіжақты достық қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және аграрлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Бүгінде Қазақстан агросекторды жүйелі түрде жаңғыртып, заманауи технологияларды енгізуге, қайта өңдеу саласын дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге айрықша назар аударып отыр. Осы ретте Францияның ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесі мен құзыреті біз үшін ерекше маңызды», — деді министр.
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту және АӨК өнімдерінің өзара тауар айналымын арттыру мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған салада Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 103,2 млн АҚШ долларын құрады.
Қазақстан негізгі бөлігін соя бұршақтары, этил спирті, эфир майлары, табиғи шеллак және күнбағыс майы құрайды. Сонымен қатар, қазақстандық тарап француз нарығына жылқы еті мен бал экспорттауға дайын екенін білдірді.
Агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың даму қарқыны да назардан тыс қалмады.
Атап айтқанда, француздық Lactalis және Danone компаниялары Қазақстанда өндірістік орындарын жаңғыртуға, қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге және қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейтуге бағытталған ірі инвестициялық жобаларды табысты жүзеге асырып келеді.
Өз кезегінде Анни Женевар француз тарапының Қазақстанмен аграрлық салада, селекция, тұқым шаруашылығы және өзге де бағыттар бойынша ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге ынталы екендерін жеткізді.
Кездесу нәтижесінде қос тарап екі елдің министрліктері арасында аграрлық саладағы өзара ынтымақтастықты нығайту декларациясына және Жол картасына қол қойды.
«Біз бұл құжаттарды екіжақты іс-қимылды нығайтуға, ықпалдастықтың жаңа бағыттарын дамытуға және ұзақмерзімді серіктестік қалыптастыруға бағытталған маңызды нақты қадам ретінде бағалаймыз. Жол картасын іске асыру салалық ведомстволар, бизнес қауымдастықтар мен ғылыми ұйымдар арасындағы байланысты жандандырып, өзара сауданы кеңейтуге, технология алмасуға және АӨК саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға серпін береді деп сенемін», — деді Айдарбек Сапаров.










