“Мексика, Польша, Аргентина”: Димаш жанкүйерлері Қазақстан халқын Бірлік күнімен құттықтады

 Әлемдік деңгейдегі жұлдыз Димаш Құдайбергеннің ата-анасы қатысқан бағдарламада Мексика, Польша және Аргентинадан байланысқа шыққан жанкүйерлер қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, Димаш феноменінің халықаралық достық көпіріне айналғанын дәлелдеді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әншінің әкесі Қанат Айтбаев ұлының репертуарындағы «Бір аспанның астындағы тарих» атты 10 минуттық реквием-шығармасының терең мағынасына тоқталды.

Оның айтуынша, бұл туынды тек вокалдық күрделілігімен емес, адамзаттың ортақ мұңы мен ізгі тілегін біріктіруімен құнды.

– Бұл ән орындалған кезде әр елдегі адамзаттың ізгілігі де, ішкі мұңы мен қайғысы да бір екенін көреміз. Тыңдармандар орындарынан тұрып, ұзақ уақыт қол соққанда, барлық адамның жүрегіндегі арманы – бейбітшілік екенін сезінеміз. Бір аспанның астындағы тарихымыз тек қана жақсылыққа аударылсын деген ойымыз бар, – деді Қанат Айтбаев.

Мерекелік эфирге шет елдерден Димаштың өнеріне тәнті жандар қосылып, жылы лебіздерін білдірді.

– Оның музыкасын бағдарламамда қосқан сайын көрермендерім таңғалып, біз бірден желіде трендке айналамыз. «Dears» – мен таныған ең әдемі әрі сыйластыққа толы фан-клубтардың бірі. Мексикадан Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Мен сіздерді жақсы көремін! I love you, guys, – деп Мексикалық радио және тележүргізуші Панчо Хосе сәлем жолдады.

Ал Аргентинадан байланысқа шыққан Паола Профета Димаш арқылы тұтас бір отбасының Қазақстанға ғашық болғанын жеткізді, тіпті, Аргентинада Димашқа арналған 24/7 режимінде жұмыс істейтін онлайн радио ашқан.

– 2019 жылы Димашқа кездейсоқ тап болдым. Анам, балаларым – үш буын оның дауысына тәнті болдық. Содан кейін оның қай елден екенін зерттеп, әсем ел – Қазақстанды таныдық. Біз оның мәдениетіне, өнеріне ғашық болдық. Радио құрудағы мақсатым – Аргентина мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасуды насихаттау. Аргентинадан сіздерге үлкен махаббатпен сәлем жолдаймын! Алға, Қазақстан, – деді Паола Профета.

Еске сала кетейік, Аргентинада Димаштың құрметіне музыкалық кабинет ашылған болатын.