Қазақстанда ұлттық өнерді дәріптейтін «Халық әуені» жобасы басталады

Қазақстанда ұлттық мәдениетті дәріптеуге бағытталған жаңа «Халық әуені» жобасы іске қосылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Қазақстан Халық банкі демеушілігімен жүзеге асады.

«Халық әуені» жобасының негізгі мақсаты – ұлттық мәдени мұраны насихаттап, өнердің үздік үлгілерін ел өңірлеріне, соның ішінде шалғай ауыл тұрғындарына жеткізу.

Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет ұлттың болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі екенін үнемі атап өтетінін айтты. Оның сөзінше, мәдениетті дамыту – ұлттық бірегейлікті нығайтып, қоғамдық келісімді бекемдеудің маңызды тетігі.

Жоба 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні бастау алады. Осы аяда еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдары Қазақстанның 17 өңірін аралап, ұлттық және заманауи өнер туындыларын көпшілікке ұсынады.

Министр жобаға қолдау көрсеткен «Қазақстан Халық банкіне» алғыс айтып, ел тұрғындарын «Халық әуені» аясындағы мәдени кештерге қатысуға шақырды.