Сарапшылардың есебінше, елімізде жалпы ішкі өнімнің шамамен 19%-ы осы салаға тиесілі, жұмыспен қамтылған халықтың 17%-ы осы салада еңбек етеді. Оған қоса, жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың 27%-ы саудада жүр. Halyk Finance сараптама орталығының мәліметінше, биылғы бес айда осы ішкі сауда көрсеткіші біраз төмендеген. Ол халықтың сатып алу қабілетінен туындап отыр екен. Нақты табыс төмендеген соң елде ақша жарату да азайған. Жұрт бүгінде тіршілікке ақша жұмсауда тоңазытқыш пен телефон сияқты азық-түлікке жатпайтын тауарларды былай қойып, тек күнделікті тамақ пен ең қажетті деген дүниелерге ден қойған.
Қолға тиген ресми статистиканың бәрі осыған меңзейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы қаңтар-мамыр аралығында сауда саласының өсу қарқыны былтырғымен салыстырғанда баяулаған. Былтыр осы кезеңде сауда көлемі 7,8% өссе, осы жылы 5,6% болып тұр. Өсімнің баяулауы бөлшек саудада да, көтерме саудада да байқалады. Көтерме сауда көбіне ірі бизнестің әңгімесі болғандықтан, оны қоя тұрайық. Бізге керегі бөлшек сауда. Мұндағы өсімнің мұншалық бәсеңдеуіне тұтынушылық несиенің қысқаруы, инфляцияның жоғары болуы, халықтың нақты табысының төмендеуі әсер еткені айтылады. Оған қоса, салық заңнамасындағы өзгерістердің бизнеске жайсыз тиіп жатқаны және бар.
Осылардың ішінде азық-түлік тауарларының сатылымы 10,7%-ға артқанын ерекшелеп айтқымыз келеді. Есесіне азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасы небәрі 0,7%-ға өскен. Жоғарыда айтқан халықтың тек ішіп-жем мен ең керекті заттарға ғана шығындала бастағаны осыдан-ақ көрініп тұр.
Санкцияға батқандардың халі жақсы
Былтырғы жылдың ел азаматтары үшін оңай болмағанын тағы бір статистика дәлелдеп берді. Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметінше былтыр халықтың нақты ақшалай табысы өспей, керісінше төмендеген. Бұл 2021 жылдан бері болмаған жағдай. Сол статистикаға қарасақ, Қазақстанда нақты ақшалай табыс индексі 97,3%-ды құраған, яғни халық табысының сатып алу қабілеті 2,7%-ға кеміген. Ақшалай табыс көлемі номиналды түрде артқанымен, оны инфляция жеп қойып, нақты құны азайған.
Біздің қасымызда 4 жарым жылдан бері соғысып, қаптаған санкцияның астында өмір сүріп жатқан Ресейдің жағдайы әлдеқайда жақсы. Көрші елде халықтың нақты ақшалай табысы 7,7%-ға өскен. Алдыңғы жылғысынан аздап төмен болғанымен, оң динамика сақталып отыр. Жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыс бойынша да Ресей бізден оқ бойы озық. Оларда 897 доллар болса, бізде керісінше төмендеп, бар-жоғы 449 доллар болған.
Ұлттық статистика бюросы да мұндай мәліметті растайды. Олардың дерегінде өткен жылдың төртінші тоқсанында халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы 254,4 мың теңгені құраған. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 9,8% жоғары екен. Алайда елдегі жоғары инфляция бұл өсімді толығымен жұтып жіберген. Нәтижесінде халықтың нақты табысы төмендеген. Нақты ақшалай табыс индексі былтырғы төртінші тоқсанымен салыстырғанда 97,7%-ды құраған. Демек, жалақы өсімі қымбатшылық қарқынына ілесе алмай отыр, яғни номиналды табыс артқанымен, халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, нақты әл-ауқаты жақсармаған.
Халықтың сатып алу қабілетінің паритетін негізге алу керек
Экономист Айдархан Құсайыновтың пікірінше, сатып алу қабілеті ең алдымен халықтың табысына, әсіресе жалақы деңгейіне байланысты. Ал жалақы – отандық өндірістің қоятын бағасы, бағалар өз кезегінде халықтың шығынын білдіреді. Басқаша түсіндірсек, халық тауарлар мен қызметтерді сатып алады. Сол арқылы кәсіпорындар табыс тауып, жұмысшыларына жалақы төлейді. Осылай ақша ел ішінде айналып, экономиканы қолдап отырады.
Алайда халық негізінен импорттық тауарларды сатып алса, бұл тізбек үзіледі. Мұндай жағдайда жұмсалған қаржының азғантай бөлігі қызмет көрсету саласы мен салықтар арқылы ел экономикасында қалады да, негізгі бөлігі шетелдік өндірушілердің табысы мен басқа мемлекеттердің бюджетіне кетеді.
Экономист мұны елден байлықтың сыртқа ағылуына әкелетін үрдіс деп сипаттайды. Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық банктің статистикасы бойынша мемлекеттік шығыстардағы әрбір 100 теңгенің шамамен 80 теңгесі шетелдік өндірушілерге кетеді. Демек, бұл қаржы экономикалық белсенділік арттырудың орнына басқа елдердің әл-ауқатын жақсартады. Осылайша, тұтынушылық шығындардың шамамен 30%-ы да шетел экономикасына жұмыс істеп жатқанын айтады. Мұндай жағдайда халықтың әл-ауқатын, табысын және сатып алу қабілетін тұрақты арттырып отыру қиын. Шығын көлемін арттырып, жағдайды уақытша жақсартуға болады. Бірақ қаржы азайған сәтте бәрі бұрынғы қиын қалпына қайта түседі.
«Шикізаттың, несиенің, сауда үстемесінің немесе салықтардың бағасын арзандату жөніндегі ұсыныстар түбегейлі мәселені шешпейді. Біріншіден, бұл нарық қағидаларына сәйкес келмейді. Екіншіден, кез келген арзандату бір тарапқа пайда әкелсе, екінші тарапты шығынға батырады. Коммуналдық тарифтер мен экспортқа қойылған шектеулер осының айқын мысалы», – дейді сарапшы.
Сондықтан оның пікірінше, егер экономиканың мұнай мен металл секторынан басқа көптеген саласы әлсіз болса, онда мәселе жекелеген нарықтағы кемшіліктерде емес, жалпы экономикалық жүйенің өзінде. Елдер арасындағы баға деңгейін салыстыруға мүмкіндік беретін негізгі макроэкономикалық көрсеткіш – сатып алу қабілетінің паритеті.
Айта кетейік, халықтың сатып алу қабілетінің паритеті дегеніміз – әрбір елдегі өмір сүру құнының айырмашылықтарын ескере отырып, экономиканың нақты көлемін бағалайтын көрсеткіш. Халықаралық валюта қорының осы көрсеткіш бойынша жариялаған тізімі бар. Бір қызығы, біздің жағдайымыз ол жерде соншалық әлсіз емес. 2025 жылды қорытындылап берген рейтингте Қазақстан Сингапурдан кейін 35-орында тұр. Онда ел экономикасының көлемі 973 млрд доллар деп көрсетілген. Ал рейтингті Қытай (43,49 трлн доллар) мен АҚШ (31,82 трлн доллар) бастап тұр.
Ербол ТҰРЫМБЕТ










