Өнеркәсіп, құрылыс және көлік саласы жұмысшыларының жалақысы 13,1%-ға өсті

Зерттеуге сәуір айында толық жұмыс істеген қызметкерлер қамтылды. Деректерге қосымша ақылар, үстемеақылар, сыйақылар, салықтар және зейнетақы аударымдары кіреді. 

Іріктемелі зерттеу қорытындысы бойынша ұйымдар мен кәсіпорындардағы қызметкерлер саны 3 378,6 мың адамды құрады. Оның ішінде ерлердің үлесі – 48,1% (1 626,4 мың адам), ал әйелдер – 51,9% (1 752,2 мың адам) құрады. 

2026 жылы қызметкерлердің жалақы мөлшері бойынша бөлінісінде жоғары жалақы санаттарына ауысу үрдісі жалғасты.

Жалақысы:

– 100 мың теңгеге дейінгі қызметкерлердің үлесі 3,3%-дан 2,3%-ға дейін төмендеді (-1,0 п.т.);

– 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі қызметкерлердің үлесі 43,0%-дан 39,3%-ға дейін төмендеді (-3,7 п.т.);

– 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 53,7%-дан 58,4%-ға дейін өсті (+4,7 п.т.).

2026 жылғы зерттеу қорытындысы бойынша бірқатар кәсіптер топтарында орташа айлық атаулы жалақы мөлшері өсті. 2025 жылмен салыстырғанда жалақының ең жоғары өсімі өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да сабақтас кәсіптердің жұмысшыларында (13,1%), сондай-ақ өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілерде (10,4%) тіркелді.

Өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларының қызметкерлерін қоса алғанда, барлық кәсіптік топтарда атаулы жалақының оң динамикасы байқалды.

Жекелеген кәсіптер мен лауазымдар бойынша жалақы

2026 жылы қызметкерлердің орташа айлық есептелген жалақысы атқаратын кәсібі мен лауазымына қарай ерекшеленді. Ұйым басшыларының орташа айлық жалақысы 1 101,1 мың теңгені құрады.

Инженерлік-техникалық мамандар арасында инженерлердің жалақысы 702,0 мың теңгені, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлердің жалақысы 645,0 мың теңгені, инженер-технологтардың жалақысы 617,0 мың теңгені, инженер-энергетиктердің жалақысы 615,1 мың теңгені, ал техниктердің жалақысы 314,7 мың теңгені құрады.

Денсаулық сақтау саласында дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 491,4 мың теңгені, фармацевтердің жалақысы 347,7 мың теңгені, фельдшерлердің жалақысы 313,6 мың теңгені, мейіргерлердің жалақысы 264,6 мың теңгені құрады.

Басқа кәсіптер арасында бухгалтерлердің орташа айлық жалақысы 398,6 мың теңгені, автомобиль жүргізушілерінің жалақысы 328,1 мың теңгені, аспаздардың жалақысы 192,6 мың теңгені, күзетшілердің жалақысы 174,2 мың теңгені құрады.

Көрсеткіштерді қалыптастыру әдіснамасы

Көрсеткіштер жыл сайын 2-Т (еңбекақы) «Жалақы құрылымы және оны бөлу туралы есеп» статистикалық нысаны бойынша жүргізілетін зерттеу негізінде қалыптастырылады.

Зерттеуге есепті жылдың сәуір айында толығымен жұмыс істеген барлық қызметкерлер жатады. Есепті айда жұмысқа қабылданған немесе жұмыстан босатылған қызметкерлер есепке алынбайды.

Халықаралық ұсынымдарға сәйкес маусымдық сыйақылар мен еңбек демалысына байланысты төлемдердің әсерін барынша азайту мақсатында есепті ай ретінде сәуір айы таңдалған.