Технология көшіндегі көшбасшы

БҰҰ-ның күні кеше жариялаған «Элек­тронды Үкіметті дамыту» рейтингінде еліміз 16-шы орынға көтерілді және әлемдік ал­пауыт АҚШ-тың қасына жайғасты. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет БҰҰ рейтингін­дегі үздік мемлекеттердің жаһандық жиырмалығына еркін еніп отыр. Бұл теңдессіз та­бысқа қалай жеттік? Қазақ елінің eGov-тан QazTech-ке тарихи көші қалай жүзеге ас­ып жатыр? 

Цифрлық дәуірдегі тарихи серпіліс

Дүниежүзілік «Электронды Үкіметті да­мыту индексінде» (UN EGDI) 24-ші орын­нан 16-шы орынға көтеріліп, алғаш рет «ең жоғары рейтингтік сыныпқа» қо­сыл­дық. Бұдан былай Қазақстан цифрлық мем­лекет құруда көш басындағы Оңтүстік Ко­рея, Сингапур, Сауд Арабиясы, Ұлыб­ри­­­тания, АҚШ секілді алыптармен бір дең­гейде аталады.

Республиканың екі жылда бірден 8 са­тыға көтерілуі БҰҰ баяндамасында «көш­басшы елдер арасындағы ең бір елеу­лі ілгерілеу» деп бағаланды. Қазақстан – осы деңгейге жеткен өңірдегі алғашқы ел. Бұл – Президенттің толыққанды цифрлық ел құру жөніндегі тапсырмасын жүзе­ге асырудың және мемлекеттік басқаруды трансформациялаудың негізгі құралы ре­тінде ЖИ-ді дамытуға басымдық берудің ті­ке­лей нәтижесі.

Екі жыл ішінде Қазақстан 2024 жылғы рей­тингте өзінен жоғары тұрған Шве­ция­ны, Германияны, Ирландияны, Жаңа Зе­лан­дияны, Аустрияны және Жапонияны артқа тастады. Ел индексі 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті, ал әлемдік орташа көр­сеткіш 0,6675 қана. ТМД және Орталық Азия елдері ара­сында Қазақстан тағы да І-ші орында! Әлем­дік рейтингте Өзбекстан 32-ші, Әзер­бай­жан 38-ші, Ресей 50-ші орынды місе тұт­ты.

Қазақстан негізгі бағыттың бәрінде өс­ті. БҰҰ байланыс саласында елдің елеулі ал­ға озғанына да назар аудартты: мобильді бай­ланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша республика әлемдік рейтингте 41-ші орыннан 13-ші орынға биіктеп, те­ле­коммуникациялық инфрақұрылым дең­гейі бойынша әлемдік лидер Эсто­ния­мен теңесті. Қарапайым халықтың бұл та­рихи жетістіктегі үлесі сүбелі: цифрлық сервистерді белсенді әрі сенімді пайдалану, цифр­лық сауаттылық көрсеткішін шама­мен 1,5 есе арттыру, сондай-ақ білім мен дағ­дылар деңгейін көтеру арқасында еліміз бұл бағытта 42-шіден 28-ші орынға жоға­ры­лады. 

БҰҰ баяндамасында eGov.kz, eGov Mobile экожүйесі – интеграцияланған цифрлық мемлекеттің үлгісі, ал alem.ai ха­лықаралық орталығы – білім, зерттеу, стар­таптар мен қолданбалы ЖИ-ді дамыту алаңы ретінде атап өтілді. БҰҰ сарап­шы­ларының бағалауынша, Қазақстан жеткен жо­ғары деңгейімен шектелмей, өз пози­ция­сын одан ары нығайтып келеді. Мұн­да­ғы жетістік жекелеген сайттардың да­муы­нан бастап, меморгандардың өзара іс-қимыл платформаларын, цифрлық сәй­­­­­кестендіруді, мобильді сервистер мен AI-ХҚКО-ларды біріктіретін бірыңғай жүйе­нің қалыптасуынан тамыр тартып жатыр. 

Жалпы, цифрлық мемлекет дегеніміз – қызметтерді компьютерге көшіру ғана емес, адамның уақытын үнемдейтін, бю­ро­кратиялық кедергіні азайтатын, ше­шім­ді дер кезінде қабылдайтын жүйе. Сон­дық­тан бұл биік белестің астарында мемл­е­кет­тік басқарудың мазмұнын өзгерткен, тех­­­нологиялық инфрақұрылымды жаңартқан, халық пен билік арасындағы байланысты жаңа арнаға бұрған ауқымды реформа жа­тыр.

eGov-тан QazTech-ке ұлы көш

Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік қыз­меттердің 90%-дан астамы онлайн қол­жетімді. eGov.kz порталында 16,4 мил­лионнан астам пайдаланушы тіркелген. 2026 жылғы қаңтар-қазанда электронды Үкі­мет арқылы 51 миллионнан астам қыз­мет көрсетілді. Оның үштен екісіне жуығы смартфон арқылы алынған. Демек, көркем тілмен айтқанда, «мемлекет азаматтың қалтасында».

Бұрын негізгі қызметтер «Электронды Үкімет» порталы айналасында өрбісе, бү­гін­де eGov Mobile, eGov Business, eGov GPT, e-Otinish, «Әлеуметтік әмиян» және басқа платформалар өзара байланысқан бірыңғай цифрлық экожүйеге айналып ке­леді. Мәселен, «Азаматтарға арналған Үкі­мет» мемкорпорациясы мамандарының тү­сіндіруінше, ЖИ ендірілген eGov GPT-ге қарапайым қазақстандық өзі тап болған өмір­лік жағдайын қарапайым тілмен си­пат­тап берсе болғаны, бұл сервис оған қа­жетті қызметті өзі анықтап, жауапты ор­ганға өтінішті дайындауға көмектеседі. Әзір­ге бұл жүйе ең сұранысқа ие 50 қыз­метті қамтиды. Жыл соңына дейін оның өрі­сін 150 қызметке дейін кеңейту жос­пар­ланған. Бұл қызметтер жалпы өтініштер ағы­нының 80%-ына дейінгі бөлігін қамтиды.

Жасанды интеллектіні дамытуға ар­нал­ған отандық есептеу инфрақұрылымы қа­лыптасып келеді. Оның құрамына TOP-500 халықаралық рейтингінде 86-орынға ие болған Alem.Cloud ұлттық супер­ком­пью­­­­терлік кластері және осы рейтингте 103-орынға жайғасқан «Қазақтелекомның» ком­мерциялық суперкомпьютері кіреді. Ал отандық IT-қызметтер экспортының кө­лемі 1,1 млрд долларға жетіпті.

– Президент Қазақстанды 3 жыл ішін­де толыққанды цифрлық елге айналдыру мін­детін қойды. Нәтижеге жүйелі жұмыс ар­қылы қол жеткізіледі. ЖИ-ге басымдық беру өз тиімділігін көрсетті: ол бюро­кра­тия­лық процестерді өз мойнына алды, адамдарға стратегиялық және шығар­ма­шылық міндеттерге уақыт бөлуге мүм­кіндік береді. Алдымызда тұрған келесі міндет – азамат өзі сұраныс білдірмей тұрып-ақ қажетті қызметтерді алдын ала ұсынатын мемлекет қалыптастыру, – деді вице-премьер – ЖИ және цифрлық даму ми­нистрі Жаслан Мәдиев.

Қазақстанның цифрлық жаңғыруын­да­ғы келесі тарихи шыңы – дәстүрлі «элек­тронды Үкімет» моделінен бірыңғай тех­нологиялық архитектураға көшу бол­мақ. Бұрын әр меморган ақпараттық жүйе­сін өз бетінше әзірлеп, әртүрлі тех­но­ло­гияларды пайдаланды. Соның салдарынан бірін-бірі қайталайтын өнімдер пайда бо­лып, деректерді қорғау тәсілдері әркелкі қа­лыптасты. Жүйелерді әзірлеу жылдарға со­зылып, олардың қауіпсіздігін тексеру қо­сымша уақыт алды.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2026 жылғы 1 сәуірден бастап цифрлық өнім­дерді әзірлеудің бірыңғай ортасы – QazTech платформасы іске қосылды. Енді мемл­екеттік ақпараттық жүйелер ортақ тех­нологиялы негізде әзірленіп, бірік­тірі­ле­ді. Платформаның инфрақұрылымы тәу­лік бойы бақылауда екен. Security by Design қағидаты қауіпсіздікті жобалау ке­зеңінен енгізсе, DevSecOps құралдары бағ­­дарламаны әзірлеу, сынақтан өткізу, пай­далану барысында қорғалу деңгейін автоматты түрде тексереді. 

Үкімет қолданыстағы жүйелерді кө­шіру­дің екі жылдық жоспарын бекітті. 2026 жы­лы 39 жүйені көшіру жоспарланған: 36-сында жұмыс аяқталу сатысына жетті. Қо­сымша 25 жүйе жоспардан тыс әзірле­ніп, көшірілмек. 10 ақпараттық жүйе плат­фор­мада толық жұмыс істей бастады. Мем­лекет басшысы QazTech-тен тыс жаңа мем­лекеттік жүйелер құруға мораторий жа­риялады. Бұл – ведомстволық быты­раң­қылықтан ортақ цифрлық тәртіпке кө­шудің нақты көрінісі.

Жаңарудың нәтижесі күнделікті қыз­мет­терден байқалады. Бұрын ата-аналар ш­а­буылдағанда, балдырғандарды І-ші сы­­ныпқа қабылдау жүйесі жыл сайын алғаш­қы күні-ақ істен шығатын. Биыл Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақ­те­леком» бірлесіп, оны QazTech плат­фор­ма­сын­да қайта даярлады. Жүйе ақаусыз іс­теп, 365 мыңнан астам өтінімді қабылдады. Элек­тронды Үкімет шлюзінің өткізу қабі­ле­ті де 2,5 есеге артты. Былтыр осы шлюз арқылы мемлекеттік баж және бюджетке бас­қа ақыны төлеудің 19 миллиардтан ас­там транзакциясы өткен. Жыл сайын жүк­теме 25%-ға өскеніне қарамастан, жаңа жүйеде деректер алмасу жылдамдығы мен тұрақтылығы жақсарды. QazTech негізінде eGov 3.0 порталы іске қосылып, қызмет алу қадамдары қысқартылған.

Бірыңғай платформаға көшудің игілігі көп көрінеді. Мемлекеттік деректер база­ла­рының интеграциясы азаматтан анық­тама жинауды, құжаттарды сканерлеп, қайта-қайта тіркеуді талап етпейтін жүйе қа­лыптастыруға жол ашады. Келесі қадам – «Өмір жолы» қағидаты. Яғни мемлекет азаматтың өтінішін күтпей, өміріндегі маңыз­ды жағдайларға қарай қажетті қыз­мет­ті өзі, проактивті ұсынуы керек. 

Мұның бәрі 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясының аясында жүзеге ас­пақ. Жоспар бойынша мемлекеттік қыз­меттердің кемінде 40%-ы ЖИ мен авто­мат­тандыру арқылы жаңғыртылып, қыз­мет алу уақыты екі есе қысқаруға тиіс. Мем­лекеттік қызметшілердің опера­ция­лық жүктемесін 30%-ға дейін азайту көз­делген. Сонымен бірге киберқауіпсіздік, дер­бес деректерді қорғау, өңірлер арасын­дағы цифрлық теңсіздікті жою басты на­зар­да қалуы қажет.

Қорыта айтқанда, тек жаһандық рей­тинг­терде тоқтаусыз өрлеу емес, цифрлық іл­герілеу арқылы өмір сапасын арттыра түсу маңызды. Түпкі мақсат – азаматтан ар­тық анықтама талап етпейтін, қажетті де­ректі өзі табатын, адамның өмірлік жағ­дайын алдын ала түсініп, қызметін ұсы­на­тын нағыз цифрлық мемлекетті құру. Ол цифр­лық технологиялардың қалауын тауып, ұтымды қолданып, әр азаматының мә­селесін еш сергелдеңсіз тез, кедергісіз әрі толыққанды шешуге тиіс.

Айхан ШӘРІП