Вьетнам нарығына асыққан Teslaға VinFast-пен бәсеке оңай болмайды

CNBC материалына сүйенген Aikyn.kz  Вьетнам нарығының Tesla үшін тартымдылығы мен жергілікті өндірушімен бәсекенің қиындықтарын сараптайды.

Tesla Motors Vietnam бөлімшесінің тіркелуі компанияның осы елде жұмыс істеуіне жол ашты. Әзірге оның көлік сатуды қашан бастайтыны белгісіз. Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, 2025 жылы Вьетнамда электромобиль сатылымы екі есе өсіп, жаңа автомобиль сатылымының 40%-ын құраған. Ал Counterpoint Research мәліметі бойынша, 2026 жылдың екінші тоқсанында электромобиль саудасы былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 89%-ға артқан.

Бұл өсімнің негізгі игілігін VinFast көріп отыр. Компанияны миллиардер Фам Нят Вуонг құрған Vingroup конгломераты қолдайды. Қуаттау инфрақұрылымы, сервистік қызметі және компаниямен байланысты электрлі таксилер желісі брендтің танымалдығын арттырып, тұтынушы сенімін нығайтуда.

«Tesla-ға Вьетнамда VinFast-пен бәсекелесу қиын болады. Өйткені VinFast-тың артықшылығы көліктің қолжетімділігімен ғана шектелмейді», – дейді BMI сарапшысы Кокецо Цоаи.

Mobility Global сарапшысы Суппарук Савангвонгтің айтуынша, VinFast-тың қуаттау желісінде 150 мыңнан астам порт бар. Бұндай инфрақұрылым сатып алушының көлікті қайда қуаттап, қайда жөндетемін деген сұрағын азайтады. Tesla болса, сату және қызмет көрсету желісін дамытып, қуаттау мүмкіндігіне қатысты тұтынушылардың сенімін қалыптастыруы керек.

VinFast 2026 жылдың алғашқы сегіз айында ел ішінде 154 мыңнан астам автомобиль сатқан. Оның Вьетнамдағы бүкіл жеңіл автомобиль нарығындағы үлесі 2024 жылғы шамамен 22%-дан 2025 жылы 36%-ға жеткен. Дегенмен қаржылық қысым да күшейген. 2026 жылдың бірінші тоқсанында компанияның таза шығыны бір жыл бұрынғыдан 59%-ға өсіп, 1,12 миллиард долларға жеткен.Tesla үшін нарықтың тартымдылығына халық табысының өсуі де көмектесуі ықтимал. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, Вьетнам экономикасы 2025 жылы 8%-ға өсіп, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 5 066 долларға жеткен.

«Tesla-ның басты артықшылығы – әлемге танымал бренді, озық технологиясы мен бағдарламалық жасақтамасы. Олар премиум санаттағы электромобиль сатып алушыларды қызықтыруы мүмкін», – дейді Counterpoint Research өкілі Питер Ричардсон.

Сарапшылар Вьетнамға алдымен Model 3 седаны мен Model Y кроссовері ұсынылады деп болжауда. Бұл модельдер жаңа технологияға қызығатын, бағадан бұрын бренд пен жайлылыққа мән беретін тұтынушыларға бағытталмақшы.

Алайда кең аудиторияны қамту үшін Tesla бәсекеге қабілетті баға ұсынуы қажет. Вьетнамдықтар электромобильдің артықшылығын жақсы біледі. Ендігі мәселе – Tesla-ның технологиясы мен көлікті пайдалану қолайлылығы жергілікті баламалардан жоғары бағасын қаншалықты ақтайтынында. Брендтің танымалдығы ғана жаппай нарықты игеруге жеткіліксіз болуы мүмкін.

Халқы 102 миллионға жеткен елге инвесторлар өздері келеді, оларды арнайы шақырудың қажеті жоқ. Қазақстан болса, инвесторларды өзі іздеп, өзі шақырады. Ауқымды нарық пен өсіп келе жатқан сұраныс инвесторды шақырусыз-ақ өзіне тартады. Бұл – нарық заңы, болашақтың үдерісі.