Мұндай өзгеріс пәтер алуға ниетті, бірақ алғашқы жарнаға жеткілікті қаражат жинай алмай жүрген азаматтарға мүмкіндік ашары сөзсіз. Алайда жарна азайған сайын азаматтың банктен алатын қарызы көбейеді. Ал несиеге қол жеткізетіндер саны артса, тұрғын үйге сұраныс та өсуі мүмкін. Сондықтан ұсынылып отырған өзгерістің салдарын да саралап көрген жөн.
Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжайдың пікірінше, бастапқы жарнаны азайту – баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдаудың бір жолы.
– Үкіметтің халыққа қолдау көрсету аясында ипотеканың бастапқы жарнасын 10 пайызға дейін төмендету мәселесін қарастырып жатқаны – жақсы жаңалық. Өйткені баспанамен қамту – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет азаматтардың баспана алуына өз тарапынан көмектессе, бұл сол мәселені шешуге жасалған нақты қадам болады, – дейді Айбар Олжай.
Қазақстан Ұлттық Банкінің есебіне сүйенсек, 2018 жылы елде шамамен 500 млрд теңгеге, 2019 жылы 750 млрд теңгеге, ал 2024 жылы 2,1 трлн теңгеге ипотека берілген. Сәйкесінше, осы аралықта тұрғын үй бағасы да шарықтады. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, жеңілдікті бағдарламаларға өтінімнің көп түсуі халықтың баспанаға мұқтаж екенін және нарықтық ипотеканың шарттары көп отбасының табысына сай келмейтінін көрсетеді.
– Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, 2025 жылы жаңадан берілген ипотекалық несиелердің 74 пайызы жеңілдікті бағдарламаларға тиесілі болған. Ал коммерциялық банктердің нарықтық ипотекадағы үлесі 20 пайызға дейін төмендеген. Жеңілдікті бағдарламаларда пайыздық мөлшерлеме төмен болғандықтан, ай сайынғы төлем де аз болады. Нарықтық ипотекада несие құны жоғары, сондықтан оны өтеуге көп отбасының қаржылық мүмкіндігі жете бермейді, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Сарапшының сөзінше, ұзақ мерзімде нарықтық ипотека да азаматтарға қолжетімді болуы керек. Ол үшін инфляцияны төмендету, банктердің ұзақмерзімді қаржы тарту мүмкіндігін кеңейту және халықтың нақты табысын арттыру маңызды. Дегенмен Қазақстан бұған дейін де ауқымды тұрғын үй бағдарламаларын іске асырып келді.
– Тұрғын үй саясатымыздың бағыты айқын. Мемлекет баспанаға мұқтаж азаматтарға ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі, несие шарттары және салынып жатқан тұрғын үйдің бағасы бойынша қолдау көрсетеді. Соның арқасында баспанаға мұқтаж азаматтардың бір бөлігі үй алып жатыр. Ал мемлекеттің көмегінсіз олардың баспана алуы өте қиын. Мұны мемлекеттің өз азаматтарына қамқорлық көрсетуінің бір көрінісі деп бағалаймын, – дейді Айбар Олжай.
Алғашқы жарнасы төмен ипотека шетелде де қолданылады. АҚШ-та кейбір ипотекалық өнімдерде бастапқы жарна аз болғанда, банктің тәуекелін азайту үшін сақтандыру қолданылады. Ұлыбританияда осы мақсатта мемлекеттік кепілдік берілген. Ал ипотеканың пайызы елдегі базалық мөлшерлемеге де байланысты екенін Айбар Олжай атап өтті.
– Басқа көптеген елде банктердің нарықтық мөлшерлемесі жоғары болып тұрған кезде мемлекет тарапынан мұндай қолдау сирек көрсетіледі. Әрине, ипотеканың пайызы төмен елдер бар. Бірақ ол елдерде базалық мөлшерлеме де төмен. Соған сәйкес, мысалы, депозиттің пайызы да төмен болады. Ал бізде мемлекет ипотеканы қолжетімді ету үшін едәуір көлемде субсидия беріп отыр, – дейді ол.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы желтоқсанда жаңа тұрғын үй бағасы бір жыл бұрынғыдан 15,7 пайызға өскен. Сол жылы елде 20,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бастапқы жарна төмендеп, несие алатындар көбейсе, оның бағаға ықпалы сатылымдағы пәтер санына да байланысты болады. Әсіресе жеңілдік тек жаңа үйлерге қолданылса, қосымша сұраныс бастапқы нарыққа шоғырлануы мүмкін.
Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бастапқы жарнаны 20 пайыздан 10 пайызға түсіру көп отбасының ипотека алуын жеңілдетуі ғажап емес. Алайда сатып алушылар саны күрт көбейіп, сатылымдағы пәтер саны сол күйінде қалса, қосымша сұраныс тұрғын үй бағасын өсіруі ықтимал.
– Сондықтан ипотека шарттарын жеңілдетумен қатар жаңа үй құрылысын көбейту, құрылыс материалдарының өзіндік құнын төмендету және инженерлік инфрақұрылымды дамыту маңызды. Меніңше, басты мақсат – халықтың табысына сай келетін баспана ұсынысын қалыптастыру, – дейді ол.
Ал Айбар Олжай қазіргі құрылыс қарқыны мен нарықтағы белсенділікті ескеріп, бұл шара бағаны одан әрі көтере қоймайды деп есептейді.
– Бастапқы жарнаны төмендету бағаны одан әрі көтеріп жібереді деп ойламаймын. Себебі Қазақстан тұрғын үй құрылысының қарқынын жоғалтқан жоқ. Жылына 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынып келеді. Ал соңғы жылы зейнетақы жинағының тұрғын үй нарығына ықпалы бәсеңдеді. Жинақты баспана алуға пайдалану үшін белгіленген жеткіліктілік шегі көтерілгеннен кейін нарыққа осы жолмен келіп жатқан қомақты қаржы ағыны азайды. Бұрын нарыққа серпін берген осы фактордың ықпалы әлсіреген соң тұрғын үй нарығы біртіндеп салқындай бастады. Сатып алу-сату мәмілелері де азая түсті. Осындай кезде мемлекеттік ипотеканың кейбір шарттарын адамдарға ыңғайлы ету нарыққа қайтадан жаппай серпін бере қоймайды. Сондықтан бұл шараның өзі тұрғын үй бағасын одан әрі өсіруге елеулі ықпал етеді деп ойламаймын, – дейді Айбар Олжай.
Сарапшылар қазір азаматтардың баспаналы болуына кедергі болып отырған негізгі түйткілдерге де тоқтала кетті. Экономист Бауыржан Ысқақовтың пайымынша, осы тектес мынадай үш кедергіні атап өтуге болады:
– Біріншісі – тұрғын үй бағасының жоғары болуы. Екіншісі – бастапқы жарнаны жинаудың қиындығы. Үшіншісі – ай сайынғы ипотека төлемінің отбасы бюджетіне түсіретін салмағы. Мысалы, 30 млн теңгелік пәтердің бастапқы жарнасы 20 пайыз болса, 6 млн теңге жинау керек. Жарна 10 пайызға түссе, 3 млн теңге жеткілікті. Бірақ мұндай жағдайда несие сомасы 24 млн теңгеден 27 млн теңгеге дейін өседі. Мөлшерлеме мен несие мерзімі сол күйінде қалса, ай сайынғы төлем де артады. Сондықтан баспананың қолжетімділігін бағалағанда үй бағасының халық табысына қатынасын және ай сайынғы төлемнің отбасы кірісіндегі үлесін қатар қарау керек, – дейді ол.
– Ал баспанаға шынымен мұқтаж адам үшін бастапқы жарнаны азайту – тиімді тетіктердің бірі. Қазір инфляция жоғары, осындай кезде бастапқы жарнаға қажет соманы жинау қиын. Жарна төмендесе, ол баспана алғысы келетін адамдарға белгілі бір дәрежеде жеңілдік береді, – дейді сарапшы.
Төмен жарна кеңірек қолданылса, оның нәтижесі жеңілдіктің кімге берілетініне, қандай тұрғын үйге қолданылатынына және қанша отбасын қамтитынына байланысты болады.
– Әрине, бұл шараның нақты әсерін кейін есептеп, бағалай аламыз. Әуелі бағдарлама іске қосылып, жеңілдік беріле бастасын, шарттары белгілі болсын. Ең маңыздысы – оның нақты кімге берілетіні. Менің түсінуімше, жеңілдік жаппай берілмейді, баспанаға мұқтаж азаматтардың белгілі бір санатына ғана қолданылады. Сондықтан бастапқы жарнаны төмендету қаншалықты тиімді болғанын оның шарттары мен кімге берілетіні анықталғаннан кейін айта аламыз, – дейді Айбар Олжай.
Жеңілдіктің нәтижесін қанша несие берілгенімен өлшеу жеткіліксіз. Оның нарықтағы бағаға әсері мен екінші деңгейлі банктер беретін ипотекаға ықпалы да назардан тыс қалмаса дейміз.
Кәмила ДҮЙСЕН








