Кездесуді кәсіпорын қызметкері Қуаныш Қасенов жүргізді. Жиынға партия өкілдері, кандидаттар Мерей Қарт, Лилия Муслимқызы және Алмас Әділбеков қатысты. Кездесу барысында партияның 2026-2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасындағы негізгі міндеттемелер таныстырылып, өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік саланы қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне басымдық берілді.
«Өңірдің дамуын тек ірі қалалардағы өзгерістермен өлшеуге болмайды. Ауылдағы таза су, сапалы жол, тұрақты жылу мен қолжетімді тұрғын үй – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер. Біздің міндетіміз – осы қажеттіліктерді нақты жобалар арқылы шешу», – деді Мерей Қарт.
Ал Лилия Муслимқызы әлеуметтік сала мен адами капиталды дамытуға назар аударды. Сайлауалды бағдарлама аясында 5 200 орынға арналған 8 мектеп салу, алты жыл ішінде 342 білім беру нысанын жөндеу, 21 спорт нысанын салу және реконструкциялау қарастырылған. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласында 12 нысан салу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу межеленген.
Өндірістік әлеуетті арттыру және кәсіпкерлікті қолдау мәселесін Алмас Әділбеков қозғады. Ол жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау, жаңа өндірістерді дамыту, инвестиция тарту және еңбек өнімділігін арттырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ бағдарламада су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы жер көлемін 35 мың гектардан 88,2 мың гектарға дейін ұлғайту, ауылдық жерлерде 527 маманға әлеуметтік қолдау көрсету және 178 ауылды спутниктік әрі талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз ету міндеттері қамтылған.
Кездесу барысында кәсіпорын ұжымымен пікір алмасып, өндірісті дамытуға қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныстар тыңдалды. Кандидаттар сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттемелердің орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: А.М.Ибраев.
Абай облысы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.








