Қазақстандықтарға жалақысынан 1% ғана салық төлеуге рұқсат етіледі

Үкімет ресейлік заңды тұлғаларды да қазақстандық агент ретінде тіркейді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Еңбек министрлігі агрегаторлар арқылы жұмыс істейтін таксишілерге, тамақ, жүк тасушы курьерлерге қатысты қателік жібергенін түсінгенге ұқсайды. Бұл жұмыскерлер өз ереуілдері арқылы бірқатар проблемасына биліктің назарын аударта алды. Ведомство жіберген олқылықтарының орнын толтыруға тырыспақ.

Жалпы, Қазақстан платформалық-тұғырнамалық жұмыспен қамтуды реттеуге 2022 жылы кіріскен болатын. Тиісті заң қабылданып, 2023 жылғы 1 шілдеде осы бағыттағы алғашқы заңнамалық нормалар күшіне енді. Олар Әлеуметтік кодексте және оған ілеспе, соның ішінде автомобиль көлігі туралы жекелеген заңдарда қарастырылды.

Заңнамалық түзетулердің және жаңа кодекстің іске қосылғанына бір жылдан асса да, сала реттелмеді. Тапсырысты онлайн алатын жұмыскерлер сол бұрынғыдай ең қорғалмаған еңбеккерлердің бірі болып саналады. Жағдай түзелмесе, платформалық жұмыспен қамтылғандар жұмысқа қабілетсіз, мүгедек болып қалса, мемлекеттен әлеуметтік көмек, жәрдемақы алмайды. Егде тартып, зейнеткерлікке шықса, ең аз (шамамен 35 мың теңгедей ғана) зейнетақы алатын болады. Олар емханалардағы медициналық көмектен де қағылған.  

Өйткені олар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ), Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарналар мен аударымдарды ешкім тұрақты аудармайды.   

Айтпақшы, 2024 жылғы 1 шілдеде Мемлекет басшысы “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңына қол қойған болатын. Бірақ ол да мәселелерді түпкілікті шешпейтіні анықталыпты.

Сенат депутаты Талғат Жүнісовтың айтуынша, бұл заң Әлеуметтік кодекске жаңа нормалар енгізді. Оған сәйкес, интернет платформалар операторлары – әлеуметтік аударымдарды төлеушілер және міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер деп танылды.

Сондай-ақ заң интернет-платформаларды, платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып қызмет көрсету немесе жұмыстарды орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі агрегаторлардан, онлайн сервистерден қашықтан тапсырыс алып, өз бетінше орындаудан табыс табатын барлық жұмыскерлерге түсетін алым-салық тым көп екендігін мойындады. Негізгі қателіктің бірі де осы. Салдарынан, олар өз кәсібін заңдастыруға асықпай отыр.

Қазіргі кезде Қазақстанда 2,3 миллионға дейін адам өзін-өзі жұмыспен қамтиды деп саналады. Яғни, бір жылда саны еш азаймады.

“Платформалық жұмыспен қамтылғандардың басым көпшілігі “көлеңкеде” жүр. Сондықтан олар әлеуметтік қорғалмайды және әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда, мысалы, мүгедек болып, еңбек ету қабілетінен айрылғанда, жұмыстан шығып қалғанда, асыраушысынан айрылғанда, жүктілік пен босануға байланысты табыс табуын доғарғанда олар мемлекеттен әлеуметтік төлемдер ала алмайды. Олардың “көлеңкеде” болуының негізгі себебі – әлеуметтік төлемдер ставкаларының тым жоғары болуы. Мысалы, міндетті зейнетақы жарналарының ставкасы – табысының 10%-ын, әлеуметтік аударымдар – 3,5%-ын, міндетті медсақтандыру жарналары – 1,4 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінің 5%-ын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы – 1,5%-ды құрайды”, – деп түсіндірді Еңбекмині.

Оның үстіне бұл адамдар тұрақты жұмыспен қамтылмаған, мезгіл-мезгіл, ара-тұра жұмыс істеуі мүмкін. Мұндай жағдайда оның қаптаған квазимемлекеттік қорларға төлейтін әлеуметтік төлемдері, жарналары мен аударымдарының сомасы оның тапқан кірісінен асып түседі.

“Мысалы, платформалық жұмыспен қамтылған азамат айына 10 мың теңге ғана тапса, алынатын міндетті салықтар мен әлеуметтік төлемдердің сомасы осы табыстан екі еседей асып түседі: 17,5 мың теңге төлеуге тиіс және бұл ең төменгі межедегісі. Оның ішіне жеке табыс салығы – 100 теңге (10 мың теңгенің 1%-ы), міндетті зейнетақы жарнасы – 8 500 теңге (1 ЕТЖ-ның 10%-ы), әлеуметтік аударымдар – 2 975 теңге (1 ЕТЖ-ның 3,5%-ы), МӘМС жарналары – 5 950 теңге (1,4 ЕТЖ-ның 5%), жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары – 150 теңге (10 мыңның 1,5%-ы) кіреді”, – деп мәлім етті министрлік.

Бұл жерде Яндекс, Глово, ИнДрайвер және басқа да агрегаторлар платформалық жұмыспен қамтылғандардың табысының 17 пайызына дейінгі көлемде өз ақысын ұстайтынын ұмытпаған жөн. Яғни, құмырсқадай қала ішінде зыр жүгірген еңбеккерді бәрі жан-жақтан қамайды, қанайды. Бұған ұрлықшыларды, тонаушы-қарақшыларды, ақысын төлемей қоятын зорлықшыл клиенттерді қосыңыз.  

Осыған байланысты, Еңбек министрлігі арнайы мобильдік қосымшаны пайдалана отырып, арнаулы салық режимі шеңберінде жұмыс істейтін, платформалық жұмыспен қамту аясында тек орындаушы болып табылатын тұлғалардың санатын әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту және ресімдеу үшін:

Бұл бастамасын заңдастыру үшін ведомство жаңа Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Құжат – “Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы” Үкіметтің 2023 жылғы 30 маусымдағы №525 және “Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есептеу (есепке жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы” 2023 жылғы 3 шілдедегі №540 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” деп аталады.

“Тұлғалардың осы санатын әлеуметтік қорғауды арттыру үшін орындаушыларға әлеуметтік аударымдардың, міндетті зейнетақы жарналарының, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының ставкаларының мөлшерін өзі таңдау құқығын беру ұсынылады”, – деп хабарлады министрлік.

“Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын табыс тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс”, – деп жазылған Үкіметтің жаңа қаулысының жобасында.

Ең төменгі жалақы 2024 жылы 85 мың теңгеге тең. Оның елу еселенген мөлшері 4 млн 250 мың теңгені құрайды.

Еңбекминінің түсіндіруінше, “дара кәсіпкерлерге артық салық жүктемесін түсірмеу мақсатында міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын табыс мөлшерін осылай шектеу көзделген”.

Платформалық жұмыспен қамту саласында жұмыс істейтін азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды регламенттейтін қолданыстағы Үкімет қаулыларына енгізілетін бұл түзетулер 15 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады.

Құжат сондай-ақ арнайы мобильді қосымшаны пайдаланып, арнайы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеу мерзімдерін бекітеді. Мысалы, таксишілер, курьерлер және басқасы үшін интернет-платформа операторы олардың барлық табысынан міндетті зейнетақы жарнасын ұстап, оны төленетін айдан кейінгі айдың 25-ші күнінен кешіктірмей, БЖЗҚ-ға аударып отыруға міндеттеледі.

Сонда платформа арқылы жұмыс істейтін қазақстандықтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу жылдары өсе бастайды. Өйтпесе, азаматтар зейнетақы жарнасын өз бетінше БЖЗҚ-ға аударса, онда бұл жүйеге қатысу өтілі өспейді. Тек шотындағы сома артады.

Бұл ретте жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент ретінде – қазақстандық қана емес, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері, Қазақстанда қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғалар да танылады. Өйткені оператордың біразы, айталық, ең ірісі саналатын Яндекс тобы – ресейлік.

Дегенмен, Қазақстан Парламенті мен Үкіметі барлық алым-салық атаулыны тегіс жұмысшылардың – орындаушылардың мойнына асып қойды. Яндекс тобы және басқасы өз орындаушылары үшін міндеттемеден құтылып кетті.

Бұл тұрғыда көрші Ресей алға озды. РФ-та агрегаторларды өз таксистері мен курьерлеріне келтірілген шығынды өтеу үшін Өтемақы қорын құруға міндеттеуде.

Ол қордан платформада жұмыспен қамтылғандар өз құқықтары бұзылған жағдайда төлем ала алады. Өтемақы қоры Федералдық салық қызметінің арнайы реестріне кірген цифрлық платформалардың жарналары есебінен толығады.

Олардан жиналатын жарнаның ең төменгі сомасы 3 миллион рубль көлемінде болмақ.