Байқоңыр бір кезде тек өткеннің мұрасы сияқты көрінетін. Ал қазір ол қайта жанданып, тарихының жаңа парағын ашып отыр. Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовтың айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жұмысы осы алып кешенді сақтап қана қоймай, оған жаңа мүмкіндіктер беріп отыр.
Қазір екі ел үшін басты жаңалық – «Бәйтерек» жобасы аясындағы алғашқы ұшырылым. Қазақстан тарапы «Союз-5» зымыран тасығышының алғашқы ұшуы жақын күндері жүзеге асады деп күтуде. Бұған дейін «Роскосмос» басшысы Дмитрий Баканов зымыранның Байқоңырда тік күйде орнатылғанын, ұшырылымға толық дайын екенін хабарлаған.
«Бәйтерек» – Қазақстан мен Ресей арасындағы 2004 жылғы келісім негізінде жүзеге асырылып жатқан ірі жоба. Оның аясында Байқоңырда жаңа буындағы зымыран кешені салынып, «Союз-5» секілді заманауи тасымалдаушыларды ұшыру көзделген. Бұл жоба экологиялық тұрғыдан да маңызды саналады, өйткені ол бұрын қолданылған улы отынмен жұмыс істейтін «Протон» зымырандарын біртіндеп алмастыруға мүмкіндік береді.
Байқоңырдың тынысын ашар «Бәйтерек»
Аэроғарыш комитеті төрағасының айтуынша, «Союз-5» зымыран тасығышының әлеуеті тек жүк тасымалдаумен шектелмейді. Болашақта оны ғарышкерлерді ұшыру үшін де қолдану қарастырылып отыр.
«Ұшу сынақтары аяқталғаннан кейін, әрине, «Союз-5» зымыран тасығышын тек ғарыш аппараттарын шығару үшін емес, ғарышкерлерді де ұшыру мүмкіндігі туындайды», – деді Баубек Оралмағамбетов.
Осы арқылы біз Қазақстанның ғарыш саласындағы амбициясы тек инфрақұрылыммен шектелмейтінін көреміз. Яғни, ел тек техникалық алаң ұсынып қана қоймай, болашақта адам қатысатын миссияларға да қатысуы мүмкін.
Себебі «Союз-5» – орта класты жаңа буын зымыран тасығышы. Ол жүк көтеру мүмкіндігі мен қауіпсіздік талаптары бойынша заманауи стандарттарға сәйкес келеді. Сондықтан оны тек спутник ұшыруға ғана емес, болашақта пилотты миссияларға бейімдеу де техникалық тұрғыдан мүмкін.
Қазір басты назар алғашқы ұшырылымға ауып отыр. Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес, «Союз-5» зымыранының алғашқы ұшуы 2026 жылдың сәуір айының соңына дейін кез келген резервтік күні жүзеге асуы мүмкін. Бұл – жобаның көпжылдық дайындық кезеңінен нақты іске көшуінің белгісі.
Егер бұл жоспар сәтті жүзеге асса, «Бәйтерек» жобасы Байқоңырдың жаңа тынысын ашуы мүмкін. Ал зымыранды болашақта ғарышкерлер ұшыруға пайдалану идеясы Қазақстан үшін мүлде жаңа мүмкіндіктердің есігін ашады.
Әзірге нақты кім ұшатыны немесе мұндай миссияның қашан жүзеге асатыны белгісіз. Дегенмен ресми деңгейде мұндай мүмкіндік айтылуының өзі Қазақстанның ғарыш саласында жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартады.
Сонымен қатар Баубек Оралмағамбетовтің айтуынша, қазір елде алты бірдей жерсерік жасалып жатыр. Республика телекоммуникациялық және Жерді қашықтан зондтау спутниктерін қамтитын базалық ғарыш инфрақұрылымын қалыптастырып үлгерген. Бұған қоса, ұлттық өндірістік база да қатар дамуда.
Бұл – Қазақстанның тек серіктес ел ретінде емес, өз мүмкіндігі бар дербес ойыншы ретінде қалыптасуға ұмтылып отырғанын көрсететіні анық. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, мұндай жобалар тек технологиялық емес, саяси және экономикалық тұрғыдан да маңызды. Өйткені ғарыш саласы – ұзақмерзімді инвестиция мен тұрақты әріптестікті талап ететін күрделі бағыт.
«Бәйтерек» жобасы төңірегіндегі бұл үміт тек бір зымыран ұшырылымымен шектелмейді. Қазақстан үшін ғарыш тақырыбы әлдеқашан символикалық деңгейден шығып, нақты технологиялық тәуелсіздікке ұмтылудың бір бағытына айналған.
Түскен табыс триллионға жуықтады
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстанның ғарышқа жолы – жай ғана ұшырылымдар тізбегі емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. «Біздің ғарышқа шығу тарихымыз – тек техника туралы әңгіме емес. Бұл – ұлттық технологиялық егемендікке жетудің, өз жүйемізді толық циклмен құруға көшуіміздің жолы. Оның іргетасы 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтің Байқоңырдан ұшқан сәтінен қаланды. Сол күннен бастап Қазақстан пайдаланушы ғана емес, сондай-ақ ғарышты зерттеуші елге айналу бағытын таңдады», – делінген мәлімдемеде.
Расында, қазақ ғарышкерлерінің жолы елдің бұл саладағы амбициясын айқындап берді. Тоқтар Әубәкіровтен кейін Талғат Мұсабаевтың үш бірдей ғарыш сапары, ашық ғарыштағы рекордтық жұмыстары халықаралық деңгейде мойындалғанын ел біледі. Ал Айдын Айымбетовтің миссиясы ғылыми тұрғыдан маңызды зерттеулермен ерекшеленді. Бұл кезең Қазақстан үшін тәжірибе жинау дәуірі болса, бүгінгі күн – сол тәжірибені нақты индустрияға айналдыру кезеңі.
Қазір елде ғарыш саласы тек мәртебе үшін емес, экономиканың нақты секторына айналып үлгерді. Астанада іске қосылған ғарыш аппараттарын құрастыру және сынау кешені – соның айқын дәлелі. Орталық Азияда баламасы жоқ бұл нысан Қазақстанды сырттан дайын техника алатын елден өз өнімін шығаратын мемлекетке айналдыруға мүмкіндік беріп отыр.
«Бүгінде біз тек спутник пайдаланушы ел емеспіз. Біз – оны құрастырып, сынап, экспортқа шығара алатын деңгейге жеттік. Халықаралық стандарттарға сай өндіріс қалыптасты. Airbus Defence & Space секілді ірі серіктестермен жұмыс істей отырып, біз локализация деңгейін 30 пайызға дейін жеткіздік. Бұл – тек сан емес, нақты технологияның ел ішінде қалыптасуы», – деп атап өтеді ведомство өкілдері.
Қазақстандық инженерлерге деген сенімнің артқаны да байқалады. Африка елдеріне Жерді қашықтан зондтау жүйелерін жеткізуге алғашқы экспорттық келісімдер жасалған. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымы аясында ортақ технологиялық спутник жобасы әзірленіп жатыр. Бұл – Қазақстанның аймақтық деңгейде ғана емес, халықаралық нарықта да өз орнын таба бастағанын көрсетеді.
Экономикалық тұрғыдан да ғарыш саласының пайдасы сезіле бастады. Соңғы бес жылда мониторинг қызметтерінен түскен жалпы экономикалық әсер 977 миллиард теңгеге жеткен. Бұл – ауыл шаруашылығынан бастап, экология мен төтенше жағдайларға дейінгі түрлі салада ғарыш технологияларының нақты нәтиже беріп отырғанын білдіреді.
«Болашақтың есігін бүгін ашқан»
«Ғарыш технологиясы бүгін тек ғалымдардың зертханасында емес, қарапайым адамдардың күнделікті өмірінде астасып жатыр. Байланыс, интернет, көлік қауіпсіздігі – бәрі осы саламен байланысты. Мысалы, KazSat спутниктері еліміздің телерадио хабар тарату және байланыс қажеттілігін толық жауып отыр. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, миллиардтаған қаржыны ел ішінде қалдыруға мүмкіндік берді», – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар жаңа KazSat-3R жобасы арқылы бұл жүйені одан әрі тұрақтандыру көзделген. Ал спутниктік интернет пен навигация жүйелері шалғай ауылдарға дейін жетіп, мыңдаған мектепті интернетпен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.
Қазақстанның назары енді тек Жер маңындағы орбитамен шектелмейді. Ел ғалымдары халықаралық жобаларға қатысып, терең ғарышты зерттеуге де кірісе бастады. NASA-ның DART миссиясына қатысу, ғарыштағы қауіптерді бақылайтын ұлттық телескоптар желісін дамыту – соның дәлелі.
Ал болашақ жоспарлар одан да ауқымды. Ай маңындағы кеңістікті зерттеуге арналған қазақстандық телескоп жобасы қарастырылып жатыр. Бұл – ғылым үшін де, технология үшін де жаңа деңгей.
Осы тұста Байқоңырдың рөлі қайтадан алдыңғы қатарға шығады. «Бәйтерек» жобасы арқылы тек жаңа зымыран ұшыру ғана емес, бүкіл инфрақұрылымды жаңғырту көзделген. Сонымен қатар ғарыш туризмі бағытында да алғашқы қадамдар жасалып жатыр.
«Біз Байқоңырды тек өткеннің мұрасы ретінде қарамаймыз. Бұл – болашақтың алаңы. «Бәйтерек» жобасы, жаңа зымырандар, туристік инфрақұрылым – бәрі бірігіп, Қазақстанды цифрлық өркениеттің драйверіне айналдыруы тиіс. Бұл бағытта біз нақты нәтижеге жұмыс істеп жатырмыз», – деп түйіндейді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өкілдері. Демек, бүгінде Қазақстан ғарыш секторы өзге елдің жетегінде кеткен кеңістік емес, нақты есепке құрылған салаға айналып келеді деп нық сеніммен айта аламыз.
Кәмила ДҮЙСЕН







