Әрине, бүгін де тұрмыстың түйткілі аз емес. Әйтсе де, сол кезең мен қазіргі Қазақстанды қатар қойсақ, тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолдың ауқымы айқындала түседі. Республика күні қарсаңында елдің экономикалық жетістіктеріне осы тұрғыдан үңіліп көрдік.
Дүниежүзілік банк дерегінше, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 1990 жылы 26,9 миллиард доллар болған. Ал Ұлттық статистика бюросының нақтыланған есебі бойынша, 2025 жылы 306 миллиард долларға жетті. Доллармен есептелетін атаулы көлем он бір еседен астам ұлғайыпты. Әрине, аралықта баға мен валюта бағамы өзгергендіктен, мұның бәрін нақты өндірістің өсімі деп түсінуге болмайды. Дегенмен экономиканың ауқымы кеңейгені анық.
Тоқсаныншы жылдардағы құлдыраудан кейін Қазақстан экономикасы біртіндеп еңсе тіктеді. Ұлттық статистика бюросының есебінше, 1994 жылдан 2024 жылға дейін оның нақты көлемі 4,4 есе ұлғайған. Осы өсім кейін де жалғасып, 2025 жылы ел экономикасы тағы 6,5 пайызға кеңейді. Соның нәтижесінде жылдық ЖІӨ көлемі 306 миллиард долларға, ал жан басына шаққандағы көрсеткіш 15 мың доллардан асты. 2026 жылдың алғашқы жартысындағы деректер де осы ілгерілеудің жалғасқанын көрсетеді: экономика былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,1 пайыз өсті.
Егемендіктің еселі өсімі
Ал ел экономикасының көлемі қазір 350 миллиард долларға жақындап, Қазақстан ТМД елдері арасында екінші орынға шыққан. Тоқсаныншы жылдардың басындағы жағдаймен салыстырсақ, бұл елдің өндірістік және қаржылық мүмкіндігі қаншалықты кеңейгенін айғақтайды.
Осы өзгерістің тарихи негізін Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында атап өткен еді: «Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық. Отандық бизнестің негізін қаладық». Шынында да, бүгінгі кәсіпкерлік ортаны тоқсаныншы жылдардың басындағы жағдаймен салыстыру қиын. Қазір азаматтың шеберхана ашуына, өнім шығаруына, қызмет көрсетуіне мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті іске айналдырғандардың еңбегі ел экономикасын күн сайын толықтырып отыр.
Өңдеу өнеркәсібі де ілгерілеп келеді. 2026 жылдың алғашқы жартысында сала 9,8 пайыз өсті. Инвестицияның да орны бөлек.
KAZAKH INVEST мәліметінше, тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 480 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Ал 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 22,7 триллион теңге болды. Бірі жылдар бойғы шетелдік капитал ағынын, екіншісі бір жылдағы негізгі құралдарға жұмсалған қаражатты білдіреді. Осындай салымның нәтижесі жаңа кәсіпорыннан, жаңарған жабдықтан және ашылған жұмыс орнынан көрінері хақ.
Бүгінде Қазақстан жолдарымен ауылдағы шаруаның өнімі де, құрлық асып бара жатқан жүк те тасымалданады. Тәуелсіздік жылдарында салынған жаңа бағыттар ел ішіндегі алыс өңірлерді жақындатып, сыртқы нарыққа шығуға жол ашты. Соның бірі – теміржолының екінші желісі. Президент аталмыш жобаға: «Бұл – егемендік кезеңінде салынған ең ірі теміржол құрылысы», – деп баға берген болатын. Мемлекет басшысы сол жылы 13 мың шақырым автожол салынып, жөнделгенін де атап өтті.
Көгілдір отынның игілігі көп
Инфрақұрылымды сөз еткенде, тоқсаныншы жылдары газ баллонын ауыстыру, қыс түспей көмір түсіріп, отын жинау талай отбасының үйреншікті қамы болғаны еріксіз еске оралады. Табиғи газ барлық өңірге бірдей жеткен жоқ. 1991 жылғы «Ауыл» бағдарламасына қатысты үкімет құжатында елдегі 1,6 миллион пәтердің газбен қамтылғаны, бірақ негізінен сұйытылған газ пайдаланылғаны көрсетілген. Магистралды газ құбырлары маңындағы 500 кеңшар мен ұжымшардың тек 90-ы табиғи газ алған.
Бүгінде газ желісі бұрын қамтылмаған елді мекендерге тартылып жатыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басында табиғи газға қолжетімділік деңгейі 64,2 пайызға жетіп, 13,1 миллион адамды қамтыды. Соңғы алты жылда осындай мүмкіндікке тағы төрт миллионға жуық тұрғын ие болған. Мыңнан астам елді мекен газдандырылып, 20 мың шақырым газ тарату желісі салынған.
Өзгерістің бір мысалы – Астанаға табиғи газдың келуі. 2019 жылдың соңында «Сарыарқа» магистралінің Қызылордадан елордаға дейінгі алғашқы кезеңі пайдалануға берілді. Осылайша, бұрын газбен жылыту мүмкіндігі болмаған орталық өңірлерге жаңа желі тартылып, тұрғын үйлерді қосуға жол ашылды. Бұл газдандыру географиясын кеңейткен маңызды қадам болды. Елдің батысындағы газ қорын орталықтағы тұтынушыға жеткізетін байланыс қалыптасты.
Газ келген үйдің қысқы тіршілігі де жеңілдейді. Күн сайын пеш жағып, күл шығару азайып, үйді жылы ұстау қолайлы бола түседі. Әсіресе жасы үлкен адамдар үшін мұның көмегі зор. Ал көмір тасып, от жағуға жұмсалатын уақыттың қысқаруы отбасының күнделікті тұрмысына еркіндік береді. Сондықтан газдандырудың игілігін құбырдың ұзындығынан бұрын, үй ішіндегі осындай өзгерістен байқауға болады.
Ырысы тасыған дархан дала
Бір кезде тозған техникасын жөндеп, қолындағы азын-аулақ малымен күн көрген ауыл адамы бүгінде шаруа қожалығын басқарып, өнімін нарыққа шығарып жүр. Бірақ осы екі кезеңнің арасын жүріп өту өңір халқына оңайға соққан жоқ. Кеңестік шаруашылықтар тарағанда, ауылдағы жұрт жұмысынан ғана емес, өнімін өткізетін, техникасын жаңартатын бұрынғы жүйеден де айырылды. Соған қарамастан, бірі жер алып, егін екті, енді бірі малын көбейтті. Бүгінгі аграрлық өндірістің негізін осындай мыңдаған отбасының еңбегі қалап отыр.
Сол жылдардың салмағын мал санының өзгерісінен де байқауға болады. Ресми деректерде ірі қараның 1990 жылғы 9,8 миллионнан 2000 жылы 4,1 миллионға дейін азайғаны көрсетілген. Қой мен ешкі де осы аралықта 36,2 миллионнан 10 миллионға түскен. Кейін шаруашылықтар біртіндеп еңсе тіктеді. Дегенмен бұрынғы межеге барлық бағытта бірдей жете қойған жоқпыз: Үкіметтің 2026 жылы қабылдаған салалық жоспарында қой мен ешкі саны 20,2 миллион деп көрсетілген. Бұл тоқсаныншы жылдардың басындағы деңгейден әлі де төмен.
Ал жылқы шаруашылығында жағдай өзгеше. Сол құжатта 1990 жылы елде 1,6 миллион жылқы болғаны, құжат әзірленген кезеңде олардың саны 4,4 миллионға жеткені жазылған. Яғни шамамен 2,8 есе көбейген. Бір түліктің өзі ауылдың тіршілігінде қаншалықты орын алатынын ескерсек, бұл – елеулі өзгеріс. Жылқы өсірген шаруаның табысы ет өткізумен шектелмей, қымыз өндірісімен де толығып келеді.
Егіншіліктің де басынан талай кезең өтті. 1991 жылы өңдеуден кейінгі салмақпен 12 миллион тоннаға жуық астық жиналса, келесі жылы түсім 29,8 миллион тоннаға жеткен. Алайда 1995 жылы 9,5 миллион тоннаға дейін төмендеген. Ал 2025 жылы Қазақстанда 25,95 миллион тонна дәнді және бұршақты дақыл жиналды. Осы сандардың өзі ауыл шаруашылығының жолы үнемі өрлеуден тұрмағанын көрсетеді.
Әйтсе де, бүгінгі егіншіліктің мүмкіндігі астықпен ғана шектелмек емес. Мәселен, 1991 жылы майлы дақылдардың жалпы түсімі 154,8 мың тонна болса, 2025 жылы 4,95 миллион тоннаға жуықтаған. Бұл – шамамен 32 есе өсім. Демек, жылдар өте егістіктің құрылымы ғана емес, құрамы да, одан қалса шаруаның табыс көзі болып отырған бағыты да өзгерді. Диқан енді қандай дақылдың жеріне қолайлы, нарықта өтімді екенін есепке алып, еңбегінің қайтарымын іздейді.
Түптеп келгенде, ауылдың берекесі қамбадағы астық пен қорадағы малдың санынан ғана көрінбесе керек. Себебі шаруа өнімін өз уақытында сатып, еңбегіне лайық табыс табуы керек. Ол үшін қойма да, өңдейтін кәсіпорын да, тұрақты сатып алушы да қажет. Ауылда ашылған шағын сүт цехының өзі бірнеше отбасына жұмыс береді. Ендігі өсімнің мәні де осында: ауылдан шыққан өнім сол жердегі жұрттың тұрмысын түзеп, жастардың туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік ашса игі.
Төл теңге тың белеске бастады
Тоқсаныншы жылдардың басында ақша мәселесі жұрттың жанды жері еді. Қазақстан рубль аймағында қалды, баға шарықтады, жинақ құнсызданды. Ұлттық банктің тарихи материалдарында 1993 жылғы инфляцияның 2165 пайызға жеткені көрсетіледі. Осындай жағдайда теңгенің енгізілуі экономикалық дербестіктің шешуші қадамы болды. Мемлекет өз ақшасының айналымын реттейтін жүйесін қалыптастыруға кірісті.
Кейін қаржылық қауіпсіздіктің тағы бір тірегі пайда болды. Президент тәуелсіздік белестерін саралаған мақаласында: «Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды», – деп жазды. Бұл ойдың мағынасы түсінікті: мемлекет табысының бір бөлігін жинақтап, қиын кезеңге қор дайындауға мүмкіндік алды. Шаруашылықтың ертеңін ойлау да экономикалық дербестіктің маңызды белгісі еді.
Ал бүгінгі отандық FinTech өнімдер ұсынып отырған мүмкіндіктер кейбір елдер үшін ертегідей естілері анық. Телефоннан ақша аудару, депозит ашу, коммуналдық төлем төлеу үйреншікті шаруаға айналды. 2026 жылдың бірінші жартысында халық 7,1 миллиард қолма-қол ақшасыз операция жасаған. Жалпы сомасы 92,1 триллион теңгеге жетті. Олардың ақшалай көлемінің 90 пайызы интернет, мобильді қосымшалар және QR арқылы орындалған.
Қаржы тартудың мүмкіндігін Астана халықаралық қаржы орталығы да кеңейтті. 2018 жылдан 2025 жылдың соңына дейін осы алаң арқылы Қазақстан экономикасына 20 миллиард доллар тартылған. Соның 6 миллиарды 2025 жылға тиесілі. Оның ішінде портфельдік инвестициялар да бар.
Ұрпағы кемел ұлт қуатты
Ел экономикасындағы өзгерістер әр азаматтың өмірінен байқалмаса, сандардың әсері аз. Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанда шамамен 16,4 миллион адам тұрды. Ал 2026 жылдың басында халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Аралықта көші-қонның күрделі кезеңін есепке алыңыз. Сондықтан бүгінгі меженің артында ұзақ демографиялық үдерістер тұр десек, жаңсақ айтпаған болар едік.
Өмір сүру ұзақтығы 1994 жылғы 64,9 жастан 2025 жылы 76 жасқа жақындады. Он бір жылға жуық айырма бар. Президент 2025 жылғы Республика күнінде медицинаға бөлінетін қаржының 2020 жылдан бері үш есе артқанын айтып: «927 медицина нысаны ашылды», – деді. Әрине, өңірлер арасындағы айырмашылық сақталады. Бірақ көрсеткіштер ұзақ мерзім қатарынан әлеуметтік мәселеленің ілгерілеп келе жатқанын аңғартады.
Білімдегі өзгеріс жаңа мектептердің қатарынан да көрінеді. «Соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды», – деді Мемлекет басшысы жуырда өткен ұстаздармен кездесуде. «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған 217 мектептің 84-і ауылда орналасқан. Бұл ауыл баласының да заманауи кабинеттерде оқып, зертханада тәжірибе жасап, қабілетін дамытуына мүмкіндік ашады.
Елдің еңсе тіктегенін тұрғын үй құрылысының қарқынынан да аңғаруға болады. 1994 жылы Қазақстанда 2,3 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 20,1 миллион шаршы метрге жетті. Айырмасы – сегіз еседен астам. Жаңа аудандармен бірге қалалардың тынысы кеңейіп, бұрынғы шет аймақтар ел қоныстанған мекенге айналды. Бүгінде сол үйлерде тәуелсіз елдің жаңа буыны өсіп келеді. Олардың балалық шағы ата-анасы көрген тоқсаныншы жылдардың тапшылығынан өзгеше өтіп жатқанының өзі – ел өміріндегі елеулі бетбұрыс.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз еңсесін тіктеп, талай белесті бағындырды. Зауыттар ашылды, жолдар салынды, ауылдарға газ жетіп, жаңа мектептер мен тұрғын үйлер бой көтерді. Мұның бәрі елге қызмет еткен, қиындыққа мойымай еңбек еткен жұрттың арқасы. Республика күні – осы жолды мақтанышпен еске алып, келешекке сеніммен қарайтын мереке. Еліміз аман, жұртымыз ынтымақты болса, атқарар іс те, жетер жетістік те әлі көп.
Кәмила ДҮЙСЕН








