Бұл жалпы түсімнің ішінде ең үлкен үлесті салықтар құрайды. Ресми мәлімет бойынша, бюджет кірісінің шамамен 98%-ы – салықтық түсімдер. Осы уақыт ішінде бюджетке 4 077,6 млрд теңге салық түскен. Былтырғы жылмен салыстырғанда, салық түсімдері 31,5%-ға артық. Яғни, бюджетке түскен жалпы ақшаның басым бөлігі – дәл осы салықтар, ал қалғаны басқа түсім көздерінен құралған.
Бұл жерде Үкімет қосымша бір маңызды факторды атап өтті: «Биылғы қаңтар-наурызда түскен ҚҚС-тың бір бөлігі былтырғы жылдың соңғы тоқсанына тиесілі. Яғни, кейбір салықтар кешігіп, осы кезеңде төленген. Бірақ бұл өсімнің басты себебі емес. Жай ғана жалпы көрсеткішке аздап әсер еткен қосымша фактор деп қарауға болады».
Алайда ресми статистикадағы бұл өсімге сарапшылар да бірдей көзқараста емес. Кейбірі бірінші тоқсандағы жоғары түсімдерді экономиканың табиғи өсуімен ғана түсіндіру жеткіліксіз дейді. Мәселен, салық сарапшысы Айдар Масатбаев бюджет кірістеріндегі секірісті техникалық факторлармен байланыстырады.
Оның айтуынша, бірінші тоқсандағы жоғары түсімдер жаңа Салық кодексінің немесе жүйелі реформалардың нәтижесі емес. Негізгі себеп – ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға көтерілуіне байланысты бизнес тарапынан жасалған алдын ала қадамдар.
«Жалпы, бірінші тоқсандағы түсімдерге жаңа Салық кодексінің еш қатысы жоқ. Мәселе мынада: ҚҚС 12%-дан 16%-ға көтерілетіні белгілі болған соң 2026 жылдың бірінші жартысына жоспарланған келісімшарттың бәрін кәсіпкерлер қайта қарап шықты», – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, көптеген компания салық жүктемесін азайту үшін келісімшарт мерзімін жаппай өзгерткен. Яғни, 2026 жылға жоспарланған міндеттемелерді 2025 жылдың соңына «жылжытып», салықты бұрынғы төмен мөлшерлемемен төлеуге тырысқан.
«Көптеген салық төлеуші қосымша келісімдер жасап, орындау мерзімін 2026 жылдың бірінші жартысынан 2025 жылдың 31 желтоқсанына ауыстырды. Соның нәтижесінде 2026 жылы төленуі тиіс корпоративтік табыс салығы (КТС) бірден 2025 жылы пайда болды», – деп түсіндіреді Айдар Масатбаев.
Дәл осындай жағдай ҚҚС бойынша да байқалған. Сарапшының айтуынша, кәсіпкерлер үшін айырмашылық айтарлықтай: егер жұмысты 2026 жылы орындаса – 16% ҚҚС, ал 2025 жылы рәсімдесе – 12%.
«Егер актіні 2026 жылы рәсімдесең, 16% ҚҚС төлейсің. Ал 2025 жылы үлгерсең – 12%. Әрине, бизнес үшін бұл үлкен айырмашылық. Сондықтан барлығы мүмкіндігінше мәмілелерді 2025 жылға «жабуға» тырысты», – дейді ол.
Осылайша, бюджетке түскен қосымша қаражаттың бір бөлігі нақты экономикалық өсімнен емес, уақытша «ығысқан» салық төлемдерінен құралған болуы мүмкін. Яғни, 2026 жылы түсуі тиіс қаржының бір бөлігі 2025 жылдың соңында-ақ бюджетке түсіп қойған.
Сарапшы бұл пікірін нақты тәжірибемен де дәлелдейді. Оның айтуынша, 2025 жылдың желтоқсанында салық кеңесшілері мен бухгалтерлер үшін жұмыс ерекше қарқын алған.
«Желтоқсанда біз клиенттермен түн ортасына дейін жұмыс істедік. Барлығы қосымша келісімдер жасап, мерзімдерді 2026 жылдан 2025 жылға ауыстырумен айналысты. Бұл – салықты үнемдеу ниетімен жасалған қадам», – дейді Айдар Масатбаев.
Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдайды бір тоқсанның нәтижесімен ғана бағалау асығыстық болуы мүмкін. Оның пікірінше, жаңа салық өзгерістері бизнеске әртүрлі әсер етіп жатыр – біреулер бейімделіп үлгерсе, енді біреулер үшін бұл соңғы шек болған.
«Жалпы алғанда, қазір нақты қорытынды жасауға әлі ерте. Бірақ бір нәрсе анық байқалады: жаңа салық кодексі көптеген компания үшін белгілі бір шекке айналды. Кейбір бизнес бұрыннан-ақ әрең күн көріп жүрген, ал осы өзгерістер олар үшін соңғы нүкте болды. Яғни, мәселе тек салықта емес, олардың бизнес-моделінің әлсіздігінде де жатыр. Салық кодексі тек соған түрткі болды десек дұрыс. Сонымен қатар бірқатар компания шығынды азайту үшін форматтарын өзгертіп жатыр: мысалы, бутиктерден бас тартып, қойма арқылы, маркетплейстерде жұмыс істеуге көшуде. Өйткені қала ортасында дүкен ұстағаннан гөрі қала сыртындағы қойма әлдеқайда арзан», – дейді маман.
Сарапшының сөзінше, жаңа салық режимдері де біржақты бағаланбайды. Мәселен, жеңілдетілген режим шағын бизнес үшін тиімді болғанымен, оның да өз шектеулері бар.
«Жаңартылған арнайы салық режимі, шынын айтқанда, жаман емес. Егер сен тек жеке тұлғалармен жұмыс істесең, айналымнан шамамен 4% төлейсің, ҚҚС төлемейсің – бұл өте қолайлы. Бірақ мұнда үлкен шектеу бар: сен жалпыға бірдей режимдегі заңды тұлғалармен жұмыс істей алмайсың. Яғни, ірі бизнеспен байланыс үзіледі. Ал егер олармен жұмыс істегің келсе, бірден жалпы режимге өтесің: таза табыстан 20% корпоративтік табыс салығы, үстіне 16% ҚҚС – бұл шағын бизнес үшін ауыр жүк. Сондықтан бұл режим – тек жеке тұлғаларға немесе өзің сияқты «жеңілдетілгендерге» бағытталған бизнеске ғана тиімді», – деп сөзін жалғады Айдар Масатбаев.
Осы шектеулердің салдарынан шағын кәсіпорындардың бір бөлігі ірі компаниялармен жұмыс істеу мүмкіндігін жоғалтып отыр. Бұл өз кезегінде олардың табыс құрылымына және жалпы тұрақтылығына әсер етеді.
коллаж: Елдар ҚАБА
Сонымен қатар мемлекет тарапынан белгілі бір қолдау шаралары да қарастырылған. Алайда олардың тиімділігі уақыт өте келе ғана анық болады.
«Қазір мемлекет белгілі бір өтпелі кезең шараларын енгізді. Мысалы, жалға алу бағалары мен коммуналдық төлемдерді уақытша тұрақтандыру, шағын және микробизнесті тексеруді кейінге қалдыру сияқты қадамдар бар. Яғни, бизнеске бейімделуге уақыт беріліп жатыр. Бірақ соған қарамастан, жоғары салық жүктемесі мен ҚҚС бойынша шектеулер кейбір компаниялар үшін негізгі себеп болмаса да, жабылуға түрткі болған факторға айналды», – дейді А. Масатбаев.
Бюджет кірістерінің өсуімен қатар инфляцияның баяулауы да маңызды көрсеткіштердің бірі. Әдетте кірістердің артуы инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін. Алайда бұл жолы керісінше үрдіс байқалып отыр.
Үкіметтің мәліметінше, «бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша инфляцияны төмендетудің тұрақты үрдісі сақталуда». Наурыз айында инфляция қарқыны 0,6%-ға дейін баяулаған. Ал қаңтар мен ақпанда бұл көрсеткіш 1,0-1,1% деңгейінде болған.
Бұл төмендеу бір айлық емес, ұзақмерзімді үрдіске айналып отыр. «Төмендеу алтыншы ай қатарынан байқалады», – делінген мәлімдемеде. Яғни, 2025 жылдың қыркүйегінде 12,9%-ға жеткен инфляция біртіндеп төмендеп, 2026 жылдың наурызында 11,0%-ға түскен.
Бұл жерде маңызды түсіндірме бар. ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі бағаның қысқамерзімді өсуіне әкелгенімен, экономика оны сіңіріп үлгерген. Үкіметтің айтуынша, «бағаның қысқамерзімдік өсуін экономика 2025 жылдың аяғында – 2026 жылдың қаңтар-ақпанында сіңірген. Қазір инфляцияға әсер етпейді».
Дегенмен инфляция мәселесіне келгенде де сарапшының ұстанымы ресми мәлімдемеден өзгеше. Оның пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі бағаға әсер етпей қоймайды, бұл – экономиканың базалық заңдылықтарының бірі.
«Мен заңгермін, бірақ экономистермен сөйлескенде бәрі бір нәрсені айтады: ҚҚС-тың кез келген өсуі, мейлі, ол жарты пайыз болсын, міндетті түрде инфляцияны қозғайды. Бұл – классикалық заңдылық. Бізде оған қоса доллар бағамының өсуі бар, импорт қымбаттады, сырттан келетін тауарлар мен компоненттердің бағасы өсті. Соның бәрі қосылып, бағаға қысым жасайды. Сондықтан инфляция – бұл бір ғана фактор емес, кешенді мәселе. Бірақ ҚҚС-тың әсері жоқ деу – дұрыс емес, бұл экономикалық теорияда да жазылған».
Салық жүктемесінің құрылымы туралы сөз болғанда, сарапшы әсіресе қосылған құн салығы мен еңбекақы қорына түсетін қысымға ерекше тоқталады. Оның айтуынша, соңғы өзгерістер кәсіпкерлер үшін нақты шығындарды айтарлықтай арттырған.
Айдар Масатбаев бұл мәселені былай тарқатады:
«Егер жалпы салық жүктемесінің өсуі туралы айтсақ, ҚҚС бойынша жағдай шынымен күрт өзгерді. Бұрын кейбір компаниялар белгілі бір шекке дейін ҚҚС төлемейтін, мысалы айналымы 80 миллион теңгеге дейін болса. Қазір бұл шек 43 миллион теңгеге дейін төмендеді. Соның салдарынан ҚҚС төлейтін кәсіпкерлер саны айтарлықтай көбейді. Әрине, бұл автоматты түрде жүктеменің өскенін білдіреді. Яғни, бұрын бұл салықты төлемеген бизнес енді толыққанды төлеушіге айналды. Бұл – қатты сезілетін өзгеріс».
Сарапшының сөзінше, бұдан да күрделі мәселе – еңбекақы қорына түсетін ауыртпалық. Бұл проблема жаңа Салық кодексінен бұрын да болған, алайда қазіргі өзгерістер оны жеңілдетпеген.
«Ең қиын мәселе – еңбекақы қоры. Бұл – бұрыннан бар проблема, бірақ жаңа кодекс оны шешкен жоқ. Қазір кәсіпкер қызметкерге «қолына» 1000 теңге беру үшін жалпы есеппен 39,5%-дан 49%-ға дейін қосымша төлем жасайды. Бұл – өте жоғары жүктеме. Яғни, жалақының өзінен бөлек, оған байланысты түрлі міндетті төлем бар, олар бизнеске ауыр салмақ түсіреді. Мұндай жағдайда көлеңкелі еңбекақы немесе оптимизация іздеу тенденциясы пайда болады – бұл да түсінікті».
Осы тұста салық саясаты мен экономикалық саясаттың арасындағы тепе-теңдік мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Бір жағынан, мемлекет бюджет кірістерін арттыруға мүдделі. Екінші жағынан, бизнеске түсетін жүктеме оның дамуына кедергі келтірмеуге тиіс. Сарапшының айтуынша, дәл осы тепе-теңдік сақталмаса, қысқамерзімді табыстар ұзақмерзімді тәуекелдерге айналуы мүмкін.
Кәмила ДҮЙСЕН









