Қазақстан әлемдегі ірі астық экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы ондығына кіреді. Алайда мол өнімнің өзі жоғары табысқа кепіл емес. Ел астықты көбіне шикізат немесе бастапқы өңдеуден өткен ұн түрінде сыртқа шығарады да, негізгі қосылған құн шетелдегі кәсіпорындарда қалып қояды. Осы жағдайды өзгерту үшін Ақмола облысының Аршалы ауданында астықты терең өңдейтін ірі зауыт салу жоспарланған. Инвестиция көлемі 900 млрд теңге деп бағаланып отыр. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 3 млн тоннаға дейін астық өңдеуге тиіс.
2026 жылғы егін жинау науқаны Қазақстанда астық тапшылығы жоқ екенін көрсетеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 9 қыркүйекте дәнді дақылдар егілген алқаптың 61,6%-ы жиналып, 13,5 млн тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік гектарына 14,1 центнерді құрады. Бұл егін орағы әлі толық аяқталмаған кездегі нәтиже.
Ұлттық статистика бюросының жедел дерегі бойынша, 2026 жылғы 1 қыркүйекте елдегі дәнді және бұршақты дақылдардың жалпы қоры 12,8 млн тоннаға жеткен. Оның 9,17 млн тоннасы – бидай. Азық-түлік мақсатындағы астық көлемі 10,6 млн тонна, жемдік дақылдар 1,7 млн тонна болса, тұқым қорына 401 мың тонна бөлінген. Бидай қорының ішінде 8,4 млн тоннасы азық-түлікке арналған.
Бұл көрсеткіштер Қазақстанда терең өңдеу кәсіпорындарына қажетті шикізат базасы бар екенін аңғартады. Алайда жылдың белгілі бір күніндегі астық қорын елдің жылдық өндіріс көлемімен теңестіруге болмайды. Қор үнемі өзгеріп отырады: астық экспортқа жөнелтіледі, ішкі нарықта тұтынылады, мал азығына және келесі жылғы егіске пайдаланылады.
Ақмоладағы зауыт жылына 3 млн тонна астық қабылдаса, ол 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жалпы астық қорының шамамен 23%-ына тең көлемді өңдейді. Демек, бұл кәсіпорын тек тағы бір зауыт болып қалмайды. Ол ішкі нарықтағы астыққа сұранысты, сатып алу бағасын және экспорттық ағындарды өзгерте алатын ірі ойыншыға айналмақ.
Қазақстанның АӨК экспорты бойынша жалпы көрсеткіші жаман емес. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, өткен жылдың қорытындысында агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 7 млрд долларға жеткен.
«Біз астықтың негізгі экспорттаушыларының біріміз, алғашқы ондыққа кіреміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша АӨК өнімінің экспорты 7 млрд долларды құрады, оның 51%-ы – өңделген өнім. Алдағы уақытта сыртқы елдерге экспорт көлемін кеңейтіп, қайта өңдеуді дамытатын боламыз», – деді вице-министр.
Дегенмен 51% көрсеткіш тек астыққа емес, бүкіл АӨК экспортына қатысты. Оның құрамына ұн, өсімдік майы, ет, сүт, кондитерлік және басқа да тауарлар кіреді. Ал экспортталатын астықтың қанша бөлігі терең өңдеуден өтетіні бөлек көрсетілмеген. Сондықтан басты көрсеткіш экспортталған тонна емес, Қазақстанның сол бір тонна шикізаттан қанша табыс табатыны болуы керек.
Астық барда амал бар
Аршалы ауданында салынатын кәсіпорынға 900 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Ал Kazakh Invest жобаның үш кезеңмен жүзеге асырылып, жалпы өңдеу қуаты жылына 3 млн тоннаға жететінін хабарлаған.
Терең өңдеу кезінде астық жай ғана ұнға айналмайды. Одан крахмал, глютен, аминқышқылдары, биоэтанол, биопластик компоненттері мен мал азығына арналған өнімдер алуға болады. Бұлардың нарықтық құны шикі астықтың бағасынан жоғары. Өнімдер тамақ өнеркәсібінде ғана емес, фармацевтика, химия, мал шаруашылығы және биотехнология салаларында қолданылады.
Жобаның фермерлерге беретін бірінші пайдасы – ірі әрі тұрақты ішкі сатып алушының пайда болуы. Қазір астық өндірушілер сыртқы нарықтағы бағаға, теміржол вагондарының қолжетімділігіне және транзиттік бағыттардың жұмысына тәуелді. Зауыт тұрақты жұмыс істесе, фермерлер өнімінің бір бөлігін ел ішінде өткізе алады.
Екінші мүмкіндік – сапасы экспорт талаптарына толық сәйкес келмейтін астықты өңдеу. Бірақ кәсіпорын қандай сыныптағы бидайды қабылдайтыны әзірге анық емес. Терең өңдеу технологиясында астықтың құрамындағы крахмал мен ақуыз мөлшері шешуші рөл атқаруы мүмкін. Сондықтан зауытқа кез келген астық жарайды деу дұрыс болмайды.
Жобаның тәуекелі де аз емес. Үш млн тонна шикізатты бір өңірден тұрақты жинау қиын болуы мүмкін. Құрғақшылық болған жылдары зауыт фермерлермен және дәстүрлі экспорттаушылармен астық үшін бәсекеге түседі. Бұған қоса, кәсіпорынға мол су, электр энергиясы, жылу, теміржол және қойма инфрақұрылымы қажет. Осының қаншасын инвестор, қаншасын мемлекет қаржыландыратыны ашық көрсетілуге тиіс.
Дайын өнім нарығы да алдын ала кепілдендірілуі керек. Зауыт салу – жұмыстың жартысы ғана. Егер экспорттық келісімдер болмаса немесе әлемдік баға төмендесе, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей алмайды. Мұндай жағдайда қағаз жүзіндегі 3 млн тонналық қуат нақты өндірістік нәтижеге айналмауы мүмкін.
Зауыт салу бір бөлек…
Мемлекет қазір АӨК-ті қаржыландыру тәсілін өзгертіп жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың мәліметінше, бюджет саланың жалғыз қаржы көзі болмауы керек. Мемлекеттік қаражат банктер мен жеке инвесторлардың капиталын тартатын құрал ретінде пайдаланылмақ. Бір теңге мемлекеттік қолдауға жеті теңгеге дейін жеке инвестиция тарту көзделген.
2023 жылы АӨК-ті қаржыландыру көлемі шамамен 160 млрд теңге болса, 2025 жылы ол 1 трлн теңгеден асқан. Оның 153 млрд теңгесі тікелей бюджеттен беріліп, қалған бөлігі нарықтан тартылған. 2026 жылы 272 млрд теңге бюджет қаражаты есебінен көктемгі дала жұмыстарына, егін жинауға және техника алуға 1,1 трлн теңгеге дейін қаржы бағыттау жоспарланған. Тамызға дейін салаға 894 млрд теңге берілген. Ауыл шаруашылығы өндірушілері мен өңдеу кәсіпорындары жылдық 5-6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ала алады.
Қаржы қозғалысын бақылаудың дайын тетігі бар. Бидайды терең өңдейтін BioOperations кәсіпорны BCC Bank арқылы цифрлық теңгемен қаржыландырылған. Аграрлық несие корпорациясы ұсынған қаражат жеткізушілермен есеп айырысуға жұмсалады. Бағдарламаланатын төлемдер ақшаның алдын ала белгіленген мақсат бойынша пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді. Ақмоладағы жобаға мемлекеттік немесе квазимемлекеттік қаржы тартылса, осындай бақылау тетігін қолдану орынды.
Қазақстан шикі астық экспортын толық тоқтатпауы мүмкін және мұндай міндетті қоюдың өзі дұрыс емес. Шикізат экспорты да фермерлерге табыс пен елге валюта әкеледі. Мәселе – астықты түгел сыртқа шығаруда емес, экспорт құрылымын әртараптандыруда. Ел бір бөлігін шикізат түрінде сатып, екінші бөлігін жоғары қосылған құны бар өнімге айналдыра алуы керек.
Кәмила ДҮЙСЕН










