Жалпы, 15,7 млн шетел азаматы Қазақстанға келсе, оның 11,1 миллионы турист ретінде тіркелген. Туризм саласының табысы 350,6 млрд теңгеге жетіп, инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеден асты. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның туристік әлеуеті күшейіп келе жатқанын дәлелдейді.
Халықаралық деңгейде де еліміздің беделі өсуде. World Economic Forum рейтингі бойынша Қазақстан 52-орынға көтерілді. Skyscanner дерегінде Үндістан нарығы үшін Қазақстан №1 бағыт атанса, CNN Travel мен The New York Times елімізді саяхаттауға ұсынылатын үздік бағыттардың қатарына қосты. Ал Lonely Planet Қазақстанды 2025 жылы баруға тиіс елдер тізіміне енгізді.
Бұл – жақсы жаңалық. Бірақ негізгі сұрақтар сол күйінде қалады. Туризм инфрақұрылымы осы сұранысқа дайын ба? Демалыс орындары туристерге лайықты түрде қызмет көрсете ме? Жалпы, демалыс орындары биылғы жаз маусымына дайын ба?
Елімізде орналастыру орындарының саны 4 482-ге жетіп, бір мезетте 233 мыңнан астам адамды қабылдай алады. Туристік инфрақұрылым кеңейіп келеді. Мысалы, курортты өңірлерді дамытуға арналған 2026-2029 жылдарға арналған Жол картасы да іске қосылған. Ол 114 іс-шараны қамтиды. Жол картасын іске асыру жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, Жол картасы арқылы іске асырылатын іс-шаралардың негізгілері мыналар: судағы қауіпсіздікке бақылауды күшейту, жағажайларды абаттандырудың бірыңғай стандартын қалыптастыру, бірнеше мемлекеттік органның өзара үйлесімді іс-қимылы (су көлігі инспекциясы, азаматтық қорғау органдары, мемлекеттік кірістер органдары), оқиғалық іс-шараларды өткізу, туристік әлеуетті ілгерілету.
Сондай-ақ Жол картасы аясында курортты өңірлердің көлік қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Жазғы маусымда туристік бағыттар бойынша теміржол рейстерінің саны көбейтіліп, қосымша пойыздар іске қосылады және вагондар саны арттырылады. Сонымен қатар туристік өңірлерге, оның ішінде субсидияланатын бағыттар бойынша ішкі әуе рейстерінің географиясы кеңейтіледі. Бұл туристердің қозғалысын жеңілдетіп, курорттық аймақтардың халық үшін қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жол картасын іске асыру курортты өңірлердің жүйелі дамуын қамтамасыз етіп, туристік инфрақұрылым сапасын арттыруға және Қазақстанда ішкі әрі сырттан келу туризмін одан әрі дамытуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Алайда жүргізілген инспекциялар кейбір өңірлерде демалыс орындарының әлі де заманауи талаптарға сай келмейтінін көрсетті. Әсіресе, жағажай инфрақұрылымы, санитарлық жағдай, қызмет сапасы мен қауіпсіздік мәселелері толық шешілмеген.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова өзінің депутаттық сауалында туристік маусым басталар алдында ең маңызды ақпараттың өзі қолжетімсіз күйде қалып отырғанын атап өтті. Депутаттың айтуынша, жаз маусымының басталуына санаулы ғана апта қалды, бірақ туристер мен туроператорларға қажетті негізгі ақпарат әлі толық айқындалмаған.
«Әуе тасымалдаушылары нақты бекітілмеген, рейстердің кестесі, билет бағасы мен орын саны жөнінде ашықтық жоқ. Дәл осындай жағдай теміржол саласында да байқалады. Соның салдарынан нарық тұралап тұр. Сапарды жоспарлау, ерте бронь жасау, турөнімдерді қалыптастыру мүмкін болмай отыр», – дейді депутат.
Бұл бірнеше маңызды мәселеге әкеледі: туристер сапарын алдын ала жоспарлай алмайды, туроператорлар толыққанды турөнім қалыптастыра алмайды және нарықта белгісіздік пайда болады.
Нәтижесінде, қазақстандықтар демалысты ел ішінде емес, шетелде өткізуді таңдай бастайды. Осы жылдың Наурыз мерекесінде азаматтардың Өзбекстанға жаппай баруы – соның дәлелі.
Туризмдегі ең маңызды фактор – қауіпсіздік. 2025 жылы 62 адам суға кетті, оның 24-і – бала. Бұл демалыс орындарында қауіпсіздік жүйесінің әлсіз екенін көрсетеді.
Жалпы, туризмдегі қауіпсіздік мәселесіне құтқарушылар саны мен дайындығының жеткіліксіздігін, жағажайларда бақылау жүйесінің әлсіздігін, су көлігі кейбір қауіпті аймақтарда реттелмегенін айтуға болады. Бұл жерде нақты статистика келтіре алмаймыз, бірақ жазда демалыс орнына барып жүрген көбіміз білеміз. Және бұл жай ғана атап өтер нәрсе емес, жүйелі кемшілік.
Сарапшылардың айтуынша, геосаяси жағдайлардың әсерінен туристік ағын жақын жылдары 20 млн адамға дейін жетуі мүмкін. Бірақ қазіргі жағдайда инфрақұрылым толық дайын емес, оған қызмет сапасының біркелкі еместігін, логистиканың әлсіздігін және қауіпсіздіктің жеткіліксіз деңгейде екенін қосыңыз.
Қазақстан туризмінің әлеуеті зор және статистика бұл саланың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Алайда сандық өсім сапалық дайындықпен қатар жүрмесе, бұл мүмкіндік толық пайдаланылмайды.
Жаз маусымы – туризм үшін ең маңызды кезең. Дәл осы уақытта ел өзінің жазғы демалысын жоспарлайды. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, ең негізгі ақпарат әзірге қолжетімсіз боп тұр. Бұл ең алдымен шетелдік туристердің таңдауы елімізден тыс бағыттарға ауып кетуіне алып келеді. Ал отандық туристер жаз айларында ғана пайда болатын «қосымша вагондар қосылды» деген сияқты ақпаратты қанағат қылып қала береді.
Айгүл СЕЙІЛ








