Отбасы бюджетінің қомақты бөлігін алып отыратындықтан сала нарығы жіті бақылауда болады, бізде ғана емес, әлем бойынша солай. Содан келіп шығады, жуырда БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) ресми мәліметтерін жариялады. Онда тамызда әлемде азық-түлік бағасы 2022 жылғы қарашадан бергі ең жоғары деңгейге жеткені айтылады. Бір айдың ішінде негізгі азық-түлік тауарларының барлығы қымбаттаған. Ал елімізде азық-түлік бағасы әзірге тұрақты.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) әлемдегі негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты түрде бақылап отырады. Ұйымның азық-түлік бағалары индексі тамыз айында 133,3 тармақты құрады. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 1,9%-ға, ал өткен жылдың тамызымен салыстырғанда 2,5%-ға жоғары. Әсіресе тауарлар ішінде ең қатты қымбаттағаны – қант екен.
Бұл 2022 жылғы қарашадан бергі ең жоғары көрсеткіш дегенімізбен, қазіргі баға деңгейі сол жылғы наурызда тіркелген тарихи рекордтан әлі де төмен. Ол кезде Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс басталған шақ. Соғыс қимылдарының кесірінен әлем нарығы біршама дүрлігіп, соған ілесе баға да шарықтап, үстеме өсімі 17%-ға бір-ақ жеткен еді.
Бұл жолғы баға өзгерісі соншалық өрекпіп кетпесе де, ешбір елге оңай соқпайтын сияқты. Кешегі тамыздағы негізгі деген бес азық-түлік тобына қарасақ, қымбатшылық бәрінде байқалған. Айталық, астық бағасы – 2,2%-ға, өсімдік майы – 0,6%-ға, ет – 1%-ға, сүт өнімдері – 2,3%-ға, қант 11,9%-ға өскен.
Қазіргі жағдай қалыпты
Әлемдік нарықтағы жағдай мәз болмай тұрғанымен әзірге біздің елде ондай қауіп жоқ сияқты. Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке қарағанда, 2026 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеген. Тамыздың соңғы аптасындағы пияздың келісі – 7,2%-ға, сәбіз – 4,6%-ға, картоп – 3,2%-ға, қырыққабат – 3,1%-ға, алма – 1%-ға арзандаған. Әлбетте, қарапайым тұтынушы үшін сезілмейтін көрсеткіш. Дегенмен жалпы нарық әлемдік нарық ағынына ілесіп кетпепті.
Өңірлерге бөліп қарасақ, бірқатар қалада керісінше, дефляциялық динамика байқалған. Әлеуметтік маңызы бар деп жүрген 19 түрлі азық-түлік тауарының жалпы бағалар деңгейі бір апта ішінде Жезқазғанда – 0,4%-ға, Қостанайда – 0,2%-ға, Ақтау мен Қарағандыда 0,1%-ға түскен.
Жалпы, осы тамыздағы көрсеткіш елімізде сонау көктемнен бергі алғашқы едәуір арзаншылық екен. Ресми мәліметтер 2025 жылғы ақпанда инфляция 9,4% болғанын көрсетті. Содан кейін қарқынын үдеткен баға өсімі биылғы наурызға бір дейін тоқтамады. Көктемнің алғашқы айында 10%-ға дейін үдегені бәріміздің есімізде. Одан кейінде 10 пайыздан асып түсіп отырмаса, одан бәсеңдеген жоқ. Сол бетімен келе тек өткен айда ғана дамылдап, 9,8% деген цифр көрсетті.
Мұндай жылымықтың себебі де белгілі. Жаздың аяғы мен күздің басы – астықтың пісер шағы. Базарда азық-түлік көбейді. Көкөніс пен жеміс-жидекке дейін бағасын түсірді. Соған байланысты отбасылық бюджеттің көп бөлігін алатын азық-түлік шығынының да азаятын кезі осы. Бір жағынан, елдегі инфляция көрсеткішіне де оң әсер етеді. Дегенмен сарапшылар да бұл факторды есепке алып отыр. Сондықтан қазіргі жағдайда «баға арзандап жатыр» дейтіндей оң статистикалар пайда болғанымен, арғы жағындағы жыл аяғына дейінгі бірнеше айға жасалған болжам бәрібір көңілге медеу болмай тұр.
Қаржы ұйымдарының болжамы
Ұлттық банк қаржы нарығында кәсіби сарапшылар арасында сауалнама жүргізіп, үнемі талдау жасап отырады. Сол әдетімен тамыз аяғында дәстүрлі макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады. Ондағы деректерге қарасақ, экономистер 2026 жылға арналған мұнай бағасына қатысты болжамын барреліне 82,7 долларға дейін төмендеткен. Алдыңғы айдағы болжам 84,6 доллар еді. Ал 2027 жылға қара алтын бағасы 75 доллар деңгейінде сақталады деп сенеді. Одан соң 2028 жылға арналған болжам тіпті төмен, 73,7 доллар балады деп бағалайды. Қара алтын саудасынан түсетін табыс ел бюджетінің едәуір бөлігін беріп отырғандықтан нарық бақылаушылары оны ылғи инфляциямен байланыстыра қадағалап отырады.
Ел экономикасының өсіміне қатысты пайымдары аса керемет емес. Мұндағы болжамды көрсеткіштер осыған дейінгі жарияланған сандардан ауытқып кетпеген. 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсімі – 4,8%, 2027 жылы – 4,6%, 2028 жылы 4,3% болады деп күтеді. Биылға арналған жылдық қорытындыдағы инфляция деңгейі де олардың болжамында 10% деңгейінде сақталып отыр. Алайда келесі жылдан бастап жағдай біршама қиындауы мүмкін. Өйткені осыған дейінгі есепте қаржыгерлер 2027 жылы 7,8% болады деп келсе, енді ол ойынан айнып, 8,5%-ға дейін өсірген. 2028 жылға арналған болжам да бастапқы 6,8% деген межеден 7%-ға көтеріліп кеткен.
Базалық мөлшерлеме өзгермеді
Базалық мөлшерлемеге қатысты пікірлері де сондай. Биылғы жыл қорытындысына қатысты ойлары сол қалпы, орташа көрсеткіш 16% деңгейінде сақталады деген сенімде. Әйтсе де, 2027 жылға арналған болжам 12,8%-дан 13%-ға дейін артқан. Ал 2028 жылға арналған болжам сәл төмендеп, 10,6%-дан 10,5%-ға түсті.
Доллар бағамы бойынша да көзқарастары да инфляция сценарийіне ұқсас шыққан. Респонденттердің бағалауынша, биыл АҚШ валютасы құбылып кетеді деп қорқудың қажеті жоқ. Жыл бойғы графигін есептегенде орташа көрсеткіш 490 теңге шамасында болады деп байлам жасайды. Алайда келер жылдың қорытындысында 516,2 теңге, одан арғы 2028 жылы 562,2 теңге болады деген кереғар ойлары бар.
Экономикалық өсімнің төмендеуі де, базалық мөлшерлеменің қатаңдауы да және соңында доллардың нығаюы да – бәрі айналып келгенде нарықты қымбаттататын факторлар, оны түсіну үшін экономист болудың қажеті жоқ. Әлбетте, осы тізіп шыққан бірер фактор біздің нарықты қалыптастырып отырғаны сөзсіз. Дегенмен сарапшылар біздегі инфляция қарқынын болжау үшін енді әлемдік азық-түлік индексінің де әсерін қоса қарастыра бастаған.
Жекелеген ұйымдар нарық қымбатшылығы тіпті жыл соңын күтпей-ақ сезілетінін де айтып жатыр. Мәселен, BCC Invest сарапшылары 2026 жылдың соңына қарай Қазақстандағы жылдық инфляция 11,2%-ға дейін өседі деген есебін жариялады. Оның ішінде әлгінде айтып өткен күзгі жылымық уақытын да ескерген. Қазіргі мамыражай шақтың ұзаққа бармасы белгілі. Сондықтан бір айдан соң нарық қайтадан шынайы қалпына оралуы бек мүмкін.
Қаржылық ұйым мәліметінше, жыл басынан бергі 6 айда ел экономикасындағы инфляциялық қысым біртіндеп төмендеген. Себебі экономикалық белсенділік пен несие нарығы біршама баяулаған. Жағдайдың жағымды қалыптасуына осы жайттар әсер еткенін жазады. Алайда бұл әрі қарай да жалғаса береді деген сөз емес. Осы кездегі 10 пайызға жетпейтін инфляция кейін қайта өсіп, жыл соңына қарай 11,2%-ға дейін жақындайтынын жазады.
Ал оған негізгі себептің бірі және алды – бағаны әкімшілік жолмен шектеудің әлсіреуі болғалы тұр. Атап айтқанда, былтырғы коммуналдық тарифтерді көтеруге енгізілген мораторий тоқтады. Сондай-ақ мұнай өнімдері мен газ бағасын реттеу өзгерді.
Азық-түлік пен валюта бағамы да қосымша қысым жасауы ықтимал. Қазақстанның импортындағы Ресейдің үлесі жыл басындағы шамамен 29%-дан 32%-ға дейін өскен. Демек, осы азық-түлік тауарлары арқылы Ресейдегі инфляция Қазақстанға көшіп, біздің нарықтағы бағаны өзгертеді деген сөз. Сонымен қатар соңғы кездері теңге рубльге қарағанда әлсіреген. Импорттық тауарлар бағасының шарықтауына бұл да қосымша себеп. Ел ішінде ақша-несие саясатын қатаң ұстанғанымызбен, импорт бағасының өсуі біздегі инфляцияға әсер етуі мүмкін.
Елдегі әлеуметтік-экономикалық талдау және болжамдармен айналысатын Applied Economics Research Centre (AERC) компанияның есебі де тоқмейілсуге болмайтынын көрсетеді. Олар да 2026 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы тұтыну инфляциясының орташа жылдық деңгейі 10,4% болады деп есептеген. Бұл тіпті сәуірде жариялаған болжамынан 1,4 пайыздық тармаққа жоғары.
AERC мәліметінше, биыл маусымда жылдық инфляция 10,3% болып, 9 ай қатарынан баяулады. Алайда бұл – негізінен былтырғы жылдың жоғары көрсеткіштерімен салыстырып қарағандағы көрініс. Ал айлық инфляцияның қазіргі динамикасы бағаның тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын әзірге көрсетпейді. Құбылып кету ықтималдығы сақталып тұр.
Ербол ТҰРЫМБЕТ










