АӨК-ке тартылған инвестициялар құс етіне қажеттілікті 2 жылда толық жауып, экспортқа шығуға мүмкіндік береді

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда 446,9 млрд теңге сомаға 91 инвестжобаның жалпы пулы қалыптастырылды. Басым бағыттар –  ет, сүт, астық өңдеу және жылыжай шаруашылығын дамыту.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 81,6 млрд теңгені құрайтын 43 жоба бойынша белсенді жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Ақтау қаласындағы ет комбинатының құрылысына 800 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Тағы 4 жоба жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге ішінара қаржыландырылды. Қалған жобалар бойынша құжаттар жиналуда.

Қазақстанның Даму банкі арқылы 285 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны қаржыландыру әзірге басталған жоқ. Бұл ретте ҚДБ-ның құс шаруашылығы бассейні құс фабрикаларының қуатын кеңейту бойынша 4 ірі жобаны қамтиды, бұл жобалар жалпы алғанда елімізге жылына 200 мың тоннаға жуық қосымша тауық етін береді. Атап айтқанда, Алматы облысындағы «Прима құс» ЖШС (3 кезең жылына 35 мың тонна), Алматы облысындағы «AITAS KZ» АҚ жылына 120 мың тонна, Жамбыл қаласындағы «Алел Агро» АҚ 25 мың тонна және Ақмоладағы «Canadian Chicken Limited» жеке компаниясы жылына 12,5 мың тонна өндірмек. Бұл жобаларды іске асыру мерзімі 2025-2026 жылдарға жоспарланған. 

Қазақстанда құс етін өндірудің жалпы көлемі жылына 328 мың тонна болса, қосымша 200 мың тонна елге осы өнімге импорттық тәуелділіктен құтылып, экспортқа шығуға мүмкіндік береді.

Halyk Bank-те жалпы сомасы 78,5 млрд теңге болатын 34 жобаның пулы бар. Қазірдің өзінде 1,4 млрд теңгеге 3 жоба қаржыландырылған. Құны 11 млрд теңге болатын тағы 5 жоба мақұлданды. Қалғандары бойынша құжаттар жиналуда. 

Бұдан бөлек, кеңесте аустралиялық әдіспен мал шаруашылығын дамыту бойынша жобалар қаралды. Бүгінгі таңда 41 жоба пулы қалыптасты. Оларды биыл іске қосу үшін 48,6 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет, оның 6,9 млрд теңгесі мал азықтық дақылдарды суару жобаларына бағытталады.