Аймаққа биылдың өзінде 720 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Сондай-ақ жалпы құны 155 млрд теңгеден асатын, 600-ге жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде алты жоба пайдалануға берілген. Ал төрт жоба жылдың соңына дейін аяқталмақ. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, биыл сегіз айда облыстағы экономикалық өсімнің физикалық көлем индексі 101,6 пайызды құрап отыр. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй құрылысы және сауда салаларында оң динамика байқалады.
– Біз үшін инвестицияның статистикадағы көрсеткіш болып қана қалмай, жаңа өндірістерге, жұмыс орындарына және өңірдің қосымша экономикалық әлеуетіне айналуы маңызды. Бұл ретте экономиканың одан әрі өсуіне жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға аса көңіл бөлу қажет. Әрбір іске асырылған жоба өңірге нақты нәтиже беруге тиіс өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құрып, халық табысының өсуіне ықпал етуге тиіс. Біздің міндетіміз – экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және бизнестің Ақтөбе облысына одан әрі инвестиция салуға мүдделі болатын жағдай қалыптастыру, – дейді аймақ басшысы.
Қазір облыс бойынша әлеуметтік мәселелер қатарында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету басым бағыт саналады. Ресми ақпаратқа сәйкес, өңірде 2026 жылы 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді халық игілігіне беру жоспарланған. Биылғы сегіз айдың қорытындысында облыста 522 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ облыстағы ең өзекті мәселелердің бірі интернетке қолжетімділікті арттыру десек, биыл 12 ауылдық елді мекенді интернетпен қамту жоспарланған. Қазір облыста төрт ауылға интернет желісі қосылды. Ауыл халқының интернетпен қамтылу деңгейін 97,3%-дан 98,8%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. 5G желісімен Ақтөбе қаласы және облыстың жеті елді мекені қамтылған.
Өңір басшылығы халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жасақтауға облыс бойынша 5,2 млрд теңге жұмсалау жоспарланып отыр. «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ның хабарлауынша, қазіргі кезде жергілікті шаруалар тұрақтандыру қорында сақтайтын көкөністі әзірлеп жатыр. Аймақта биыл астық бітік шығып, диқандар 2025 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 70 мың тоннадан артық астық жинаған. Жиналған өнім қоймаларда сақталады және олар бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкендер мен супермаркеттер арқылы сатылымға шығарылады. Қазіргі күні облыста жалпы сыйымдылығы 685 мың тонна астық сақтауға арналған жеті элеватор бар. Мамандардың пікірінше, бұл облыс бойынша қоймаға жеткізілген өнімді сақтауға толық жетеді. Биыл қоймаға 8,6 мың тонна картоп, 2 мың тонна сәбіз және 1,4 мың тонна пияз сақталады деп күтілуде. Сонымен бірге 14,7 млн дана тауық жұмыртқасы жеткізілмек.
– 2026 жылы жергілікті бюджеттен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жасақтауға 5,2 млрд теңге бөлінді. Келісімшарт негізінде қоймаларға 8 614 тонна картоп, 1 414 тонна пияз, 2 049 тонна сәбіз және 1 172 тонна қырыққабат жеткізу жоспарланған. Әлеуметтік маңызы бар басқа да азық-түлік тауарларын жеткізу бойынша келісімдер жасалды. Атап айтқанда, «Белес Маркет» ЖШС 20 тонна күнбағыс майын, ал Ramazan Qus ЖШС 14,7 млн дана тауық жұмыртқасын жеткізеді. Бүгінде «Ақтөбе» ӘКК» АҚ қоймаларында 286 тонна қант, 10 тонна күнбағыс майы және 272 тонна күріш сақтаулы. Көкөніс шамамен қазан–қараша айларында сатылымға шығарылады. Ал өзгесі қазірдің өзінде әлеуметтік павильондарда бар, – деп хабарлады «Ақтөбе» ӘКК» АҚ.
Жалпы, өңірде 2026-2028 жылдары ауыл шаруашылығында жалпы құны 58 млрд теңгеден асатын 10 перспективалы жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде Ramazan Qus құс фабрикасын кеңейту және Qazaq groats компаниясының булгур бидай жармасын өндіру жобаларына жалпы сомасы 5,8 млрд теңге қаржы бөлінген. 2026 жылы аймақтың ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 16,5 млрд теңге қарастырылған. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыс әкімдігінің мәліметінше, «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 67 шаруашылыққа 5 пайыздық мөлшерлемемен жалпы сомасы 8 млрд теңге жеңілдетілген несие берілген. Бұған қоса, өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 2,1 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат шаруалардың өндірістік шығынын азайтып, техника, тұқым және басқа да қажетті ресурстарды тиімді қамтамасыз етуіне мүмкіндік беріп отыр.
Аймақта атқарылып жатқан ілкімді шараның бірі – республикалық маңызы бар ірі жол жобаларының кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны десек болады. Қазіргі уақытта облыс аумағында «Ембі–Шалқар», «Қандыағаш–Шалқар» бағыттарында және Т.Жүргенов ауылы арқылы Қостанай бағытына шығатын автомобиль жолында құрылыс қарқын алған. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының аумағы арқылы өтетін «Қызылорда–Қостанай» көлік бағытын дамыту жобасы пысықталуда. Бұл жобалар аяқталған соң өңірдегі автомобиль жолдарының сапасы едәуір жақсарып, басым бөлігі нормативтік талаптарға сай болады деп күтілуде.
Өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 875 шақырым, биыл 1 122,5 шақырым жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 856 шақырым жол қайта жаңғыртылып, екі көпір күрделі жөнделуде. Сонымен қатар «Әлімбет» өткізу пунктін қайта жаңғырту жалғасуда. Қазір облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 88 пайызының жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде. Жол экономиканың күре тамыры десек, жүзеге асырылып жатқан жол инфрақұрылымы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні анық.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық инвестициялық жобалардың барлығы ең алдымен халықтың жайлы тұрмысын қамтамасыз етуде, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуін нығайтуда маңызы зор.
Тілек ҚАБЫЛ









