Қаржы министрлігі “2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасын әзірледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Құжатқа сәйкес, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мынадай мөлшерлерді белгілеу ұсынылып отыр:
ең төменгі жалақы – 85 000 теңге (өзгеріссіз қалады);
айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 693 теңге (2026 жылы – 4 325 теңге);
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 38 622 теңге (2026 жылы – 35 596 теңге);
зейнетақының ең төменгі мөлшері – 74 919 теңге (2026 жылы – 69 049 теңге);
базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі – 55 173 теңге (2026 жылы – 50 851 теңге).
Заң жобасында жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға арттыру ескерілген.
Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет тарапынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударылатын жарнаны ұлғайту ұсынылып отыр. Оның мөлшері жарнаны есептеу объектісінің 2,2%-ын құрайды. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 2% болып отыр.
Заң жобасы қоғамдық талқылау үшін “Ашық НҚА” порталында 5 қыркүйекке дейін тұрады.









