Қазақстандық Team KZ «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінде Phygital Shooter CS 2 дисциплинасы бойынша топ жарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Отандастарымыз финалда Liga Pro Team командасымен кездесіп, тартысты бәсекеде 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Шешуші матчтағы карталардың нәтижесі:
– Dust2 – 13:1;
– Neo Data – 1:13;
– Nuke – 13:9.
Алғашқы картада Team KZ қарсыласынан айқын басым түсіп, 13:1 есебімен жеңіске жетті. Алайда екінші картада Liga Pro Team таразы басын теңестіріп, дәл осындай есеппен басым түсті.
Чемпионды анықтаған Nuke картасында қазақстандық ойыншылар жоғары шеберлік көрсетіп, матчты 13:9 есебімен өз пайдасына аяқтады. Осылайша Team KZ турнирдің алтын жүлдесін иеленді.
Чемпиондық атақпен бірге қазақстандық команда 50 мың АҚШ доллары көлеміндегі жүлдеге қол жеткізді. Ал Phygital Shooter CS 2 дисциплинасының жалпы жүлде қоры 150 мың АҚШ долларын құрады.
Осылайша Team KZ халықаралық аренада Қазақстанның киберспорттағы тағы бір жарқын жеңісін тіркеді.










