Турнирде әлемнің 16 жетекші университетінің, соның ішінде Оксфорд, Кембридж және Гарвард университеттерінің командалары бақ сынайды. Қазақстан атынан жарысқа Қазақ ұлттық спорт университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Almaty Management University (AlmaU) командалары қатысып жатыр.
Қазақстандық командалардың сапындағы ең жоғары рейтингке ие шахматшылар қатарында Қазақ ұлттық спорт университетінің өкілдері Қазыбек Нөгербек (FIDE рейтингі – 2495), Сәтбек Ахмединов пен Меруерт Камалиденова (екеуі де – 2400), сондай-ақ ҚазҰУ командасынан FM Ерлан Тілеуханов (2296) және AlmaU құрамынан FM Жәңгір Бижігітов (2272) барын айта кетейік. 1 тамыздағы орташа рейтинг бойынша турнирдің фавориттері қатарында Saint Louis University (2577), Ural State Mining University (2514), University of Texas at Dallas (2441) және Қазақ ұлттық спорт университеті (2420) алдыңғы қатарда тұр.
Чемпионаттың ашылу салтанатында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанның әлемнің үздік жас шахматшыларын қабылдап отырғанын атап өтті.
– Бүгінде Қазақстан әлемнің жетекші оқу орындарының үздік жас шахматшыларын тоғыстырған алаңға айналып отыр. Бұл чемпионат – тек медаль үшін тартыс қана емес, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, білім алмасуға және елдер арасындағы ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаң, – деді министр.
Осы тұста университеттер арасындағы командалық әлем чемпионатымен қатар 4-5 тамыз күндері Алматыда ұлдар (Kazakhstan Boys Team vs World Boys Team) және қыздар (Kazakhstan Girls Team vs World Girls Team) командалары арасында матч өткенін айта кетейік. Яғни Қазақстанның ұлдар құрамасы әлемнің ұлдар құрамасымен, қыздарымыз әлемнің қыздарымен бақ сынасты. Жарыс алдымен рапид, содан кейін блиц форматында ойналды. Рапидте де, блицте де Қазақстанның ұлдар құрамасы әлемнің ұлдар құрамасын жеңсе, қыздар командалары арасындағы ойындар әлем құрамасының пайдасына шешілді.
– Білетіндей, біздің балалар-жастар құрамамыз кейінгі екі жылда әлемдегі ең үздігі болды, сондықтан біз тәуекелге барып, әлем құрамаларын матчқа шақырдық. Бұл, әрине, тәуекелді іс-шара. Бірақ соған қарамастан, біздің командамыз шынымен әлемдегі ең күштісі болғандықтан, өте жақсы мүмкіндіктері бар деп санаймын. Университеттер арасындағы командалық әлем чемпионаты аясында өткен бұл іс-шара бүкіл қызықты оқиғаның әшекейі болды, – деді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Садвакасов.
Матчтың жалпы жүлде қоры 15 миллион теңге болды. Әр команда құрамында 6 ойыншы бар, яғни әр жас санатында бір ойыншыдан: U8, U10, U12, U14, U16 және U18.
Қазақстанның ұлдар және қыздар командаларын капитан, гроссмейстер, Қазақстанның балалар-жастар құрамасының бапкері Борис Грачёв бастап шықты. Ал әлемнің ұлдар және қыздар құрамаларының капитаны – халықаралық шебер, FIDE-нің арнайы тапсырмалар жөніндегі директоры және Грузия шахмат федерациясының президенті Акакий Иашвили.
4 тамызда қатысушылар рапидтен 4 партиядан ойнады. Нәтижесінде, Қазақстан ұлдар құрамасы – 14,5 ұпай, әлемнің ұлдар құрамасы 9,5 ұпай жинады. Командаға 3,5 жеңіс ұпайын Эдгар Мамедов (U18) және Сауат Нұрғалиев (U16) алып берсе, 2 ұпайды Марк Смирнов (U14), 3 ұпайды Әлімжан Жауынбай (U12), 1 ұпайды Ризат Ұлан (U10), 1,5 ұпайды Аслан Ендібаев (U8) еншіледі. Әлем құрамасында 0,5 ұпайды Эмануэль Кот (Канада, U18), 0,5 ұпайды Пау Марин Феррагут (Испания, U16), екі ұпайды Дамир Булгак (Беларусь, U14), 1 ұпайды Борис Колодзейчик (Франция, U12), 3 ұпайды Нұрмұхаммад Нематиллахонов (Өзбекстан, U10), 2,5 ұпайды Цзинь Юйсинь (Қытай, U8) жинады.
Әлемнің қыздар құрамасы Қазақстанның қыздар құрамасын 18:6 есебімен жеңді. Әлем құрамасына 2 ұпайды Валерия Клеймёнова (FIDE, U18), 3 ұпайды Вероника Абрамкина (Беларусь, U16), 2,5 ұпайды Захра Аллахверди (Әзербайжан, U14), 4 ұпайды Алиса Генриетта Юнкер (FIDE, U12), 2,5 ұпайды Чэнь Чжихань (Қытай, U10), 4 ұпайды Сунь Юньцзинь (Қытай, U8) алып берді. Ал Қазақстан қыздар құрамасына 2 ұпайды Зарина Нұрғалиева (U18), 1 ұпайды Елназ Қалиахмет (U16), 1,5 ұпайды Аланна Берікқызы (U14), 1,5 ұпайды Алиша Бисалиева (U10) жинады.
5 тамыз күнгі жарыста командалар блицтен 8 партиядан ойнады. Қазақстан ұлдар құрамасы әлем құрамасын 27,5:20,5 есебімен жеңді. Турнир иелеріне 6 ұпайды Эдгар Мамедов (U18), 4,5 ұпайды Сауат Нұрғалиев (U16), 4 ұпайды Марк Смирнов (U14), 5 ұпайды Әлімжан Жауынбай (U12), 3,5 ұпайды Ризат Ұлан (U10), 2,5 ұпайды Аслан Ендібаев (U8) иемденіп берді. Тағы 2 ұпайды командаға қосалқы ойыншы ретінде шыққан Данис Қуандықұлы қосты.
Әлем құрамасында 2 ұпайды Эмануэль Кот (Канада, U18), 2,5 ұпайды Пау Марин Феррагут (Испания, U16), 3 ұпайды Дамир Булгак (Беларусь, U14), 3 ұпайды Борис Колодзейчик (Франция, U12), 4,5 ұпайды Нұрмұхаммад Нематиллахонов (Өзбекстан, U10), 5,5 ұпайды Цзинь Юйсинь (Қытай, U8) жинады.
Жарыстың екінші Қазақстанның қыздар құрамасы әлемнің қыздар құрамасынан 27:21 есебімен тағы ұтылды. Әлем құрамасына 5 ұпайды Валерия Клеймёнова (FIDE, U18), 3 ұпайды Вероника Абрамкина (Беларусь, U16), 1,5 ұпайды Захра Аллахверди (Әзербайжан, U14), 7 ұпайды Алиса Генриетта Юнкер (FIDE, U12), 7,5 ұпайды Чэнь Чжихань (Қытай, U10), 3 ұпайды Сунь Юньцзинь (Қытай, U8) әкелді.
Қазақстан қыздар құрамасында 3 ұпайды Зарина Нұрғалиева (U18), 5 ұпайды Елназ Қалиахмет (U16), 6,5 ұпайды Аланна Берікқызы (U14), 1 ұпайды Жансая Шолпанбек (U12), 0,5 ұпайды Алиша Бисалиева (U10), 5 ұпайды Венера Жәкішева (U8) иемденді.
Осылайша, Қазақстан жастары әлі де болса әлемнің үздіктерінің қатарында екенін дәлелдей алды. Алдағы уақытта жарыс жалғаса бермек, ол жөнінде газетіміздің алдағы нөмірлерінде жазып тұрамыз.
М. ТӨЛЕУ









