Ақтөбеде қазақстандық боксшылар екі чемпиондық белбеуді жеңіп алды

Ақтөбеде өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық спортшылар екі чемпиондық белбеуге қол жеткізді. Саматәлі Төлтаев WBA Asia титулын жеңіп алса, Армат Арманұлы чемпиондық атағын қорғап қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кештің басты жекпе-жектерінің бірінде бұған дейін жеңіліс көрмеген Саматәлі Төлтаев Панама өкілі Хесреэль Корралеспен жұдырықтасты. Он раундқа созылған айқаста қазақстандық боксшы басым түсіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, ол жеңіл салмақтағы WBA Asia ұйымының бос тұрған чемпиондық белбеуін иеленді.

Ал орта салмақта өнер көрсететін Армат Арманұлы Уганда боксшысы Шадири Бвогимен кездесті. Қазақстандық спортшы сегізінші раундта қарсыласын техникалық нокаутпен жеңіп, WBA Asia чемпионы атағын сақтап қалды.

Бокс кешінде тағы бір қазақстандық спортшы Санатәлі Төлтаев та жеңіске жетті. Ол Армения өкілі, IBA белбеуінің бұрынғы иегері Петрос Ананяннан басым түсті.

Осы жеңістен кейін Саматәлі Төлтаевтың кәсіпқой бокстағы көрсеткіші тоғыз жеңіске жетті. Ал Армат Арманұлы сегізінші рет жеңіске жетіп отыр. Оның еншісінде бір жеңіліс бар.