Астанадағы №106 орта мектепте қазақ күресінен екі дүркін «Қазақстан барысы» және үш дүркін «Әлем барысы» Айдос Нұғымаров атындағы спортзалдың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Арнайы іс-шараға балуан Айдос Нұғымаров келіп, лентасын қиды.Дәл қазіргі сәтте №106 орта мектепте 4 500 бала оқиды. Оның 6-17 жас аралығындағы 60-қа жуық оқушысы дүйсенбі және сәрсенбі күндері ұлттық спортымызбен шұғылданады.
Іс-шара барысында Айдос Нұғымаров өз атынан қазақ күресіне арналған 20 спорттық киімді тарту етті.
Салтанатты шарада мектеп ұжымы Айдос Нұғымаровқа қазақи дәстүрмен шапан жауып, өз құрметтерін көрсетті.Айта кетейік, 18 қазан күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек спорт сарайында кезекті «Қазақстан барысы-2025» бәсекесі өтеді.









