Astana run: Елордадағы Ботаникалық бақта әуесқойлардың күзгі жүгірісі өтті

Бүгін әуесқой спортшылардың арасындағы Astana run жарысының күзгі жүгірісі ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

2023 жылдан бастауын алған Astana run жүгірісінің басты ерекшелігі – 4 кезеңнен тұрады, жылдың әр мезгілінде өтеді. Бүгінгі іс-шара – биылғы үшінші күзгі жүгіріс.

Жарыс барысында ересектер 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары санатта жеңімпаздарды анықтаса, 3-9 жас аралығындағы балалар 400 метр, 10-17 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымға жүгірді.

Жарыс қорытындысы бойынша, 10 шақырым қашықтықта ерлер арасында 32:37 уақыт көрсеткішімен Әлімжан Балтабек топ жарса, әйелдер арасында Әлия Тұранова 38 минутпен чемпион атанды.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға ыстық шай беріліп, лотерея арқылы түрлі сертификаттар ойнатылды.