Триатлон паркінде астаналықтар үшін апта сайын жаттығулар өткізіледі. Әр жұма сайын елордалық Триатлон саябағында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бейімделген дене шынықтыру бойынша сауықтыру жаттығулары өтеді. Сабақтар Триатлон саябағындағы “Арқар” көпірінің астында тегін өткізіледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның мақсаты – қарым-қатынас пен дене шынықтыруды дамыту үшін қолайлы қоғамдастық құру. Сабақтар буындарды қозғалтып, аздап денені қыздырудан және созылудан басталады. Қатысушылар спорттық жабдықтарды, гимнастикалық жабдықты қолдана отырып, арнайы жаттығулар жасайды.
Спорт сабақтарын дене шынықтыру мұғалімі және стритлифтинг бойынша жаттықтырушы Уайыс Сүйеубаев өткізеді.
Естеріңізге сала кетейік, іс-шараға елорданың барлық тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Жаттығу апта сайын жұма күндері сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін Триатлон саябағында (“Арқар” көпірінің астында) өтеді. Инклюзивті сабақтар жазғы маусымның соңына дейін жалғасады.