Астанада Республика күні қарсаңында волейболдан әйелдер арасындағы жарыс өтіп жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Байқоңыр ауданындағы Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясында екінші мәрте ұйымдастырылып жатқан бәсекеде 8 команда чемпиондық атақты сарапқа салып жатыр.Олардың арасында Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы, Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясы, №31 мектеп-гимназия, №5 мектеп-гимназия, Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейі, №3 арнайы мектебі, Қасым Қайсенов атындағы №27 мектеп-лицейі мен Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы бар.Жеребе қорытындысы бойынша, алғашқы кездесуде былтырғы чемпион Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясы мен Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің жолдары түйісті. Алғашқы раунд олимпиадалық жүйе бойынша өтетіндіктен, жеңілген ұжым бірден турнирмен қоштасатын еді. Сондықтан қос тарап та аянып қалмай, әр доп үшін жанталасты. Алғашқы 2 сетте командалар жеңіспен алмасса, нағыз жанталас шешуші сетте өрбіді. Алғашқыда 7:2 есебімен Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің арулары сенімді түрде алда тұрғанымен, алаң иелері тез арада жинақталып, қарсыластың қателесуіне жол берді. Нәтижесінде 15:11 есебімен Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясының мұғалімдері жеңісті жұлып алды. Енді олар жартылай финалда айналмалы жүйе бойынша чемпиондық атақтарын қорғауға тырысады.
Турнир соңында жеңімпаздар мақтау қағазымен, медальмен және арнайы кубоктармен марапатталады.