Елордада әлемдік шахмат тәжі үшін Ян Непомнящий мен Дин Лижэнь арасындағы тартысты ойын аяқталды. Шахматтан 17-ші әлем чемпионы атағы қытайлық Дин Лижэньге бұйырды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Шахмат тарихындағы ең қызық және драмалық матчтардың бірінде соңғы жылдам тай-брейк ойынында Дин Ян Непомнящийден басым түсті», – делінген ФИДЕ-нің Instagram парақшасында жарияланған ақпаратта.
Матчтың жалпы жүлде қоры – 2 млн еуро. Егер бәсекелестердің бірі 14 партияға созылған ойын барысында жеңіске жеткенде осы соманың 60 пайызын алуы тиіс болатын.
Енді тай-брейктен кейін жеңіске жеткен шахматшының жүлде қоры аталған соманың 55 пайызын құрайды.
Матчтың 14 партиясынан кейін есеп 7:7 болып тең аяқталды. Осыдан кейін жылдам шахматтан қосымша 4 партия (бақылау уақыты 25 минут, жүріске + 10 секунд) тағайындалды.
Алғашқы 3 партия тең аяқталғанымен, шешуші партияда Дин Лижэнь жеңіске жетті.
Айта кетейік, спортшылар 13-ойынды 39 жүріспен тең аяқтады, кеше өткен он төртінші партияда да тең түскен еді.
Жарыс ережесі бойынша 14-партияда жеңімпаз анықталуы тиіс еді. Алайда қос қарсылас арасында бұған дейін 6,5:6,5 есебімен тең нәтиже сақталып тұрды.
Сондықтан олардың бірі жеңіске жеткен жағдайда чемпиондық атаққа қол жеткізетін.
Шахматшылар тең түскендіктен 4 партиядан тұратын тай-брейк белгіленді.
Бұрын хабарлағанымыздай, 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында Астанада шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр.