27-28 сәуір күндері Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен алғаш рет өткен дәстүрлі садақ атудан “ALTYN ORDA” халықаралық турнирі қорытындыланды , деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Садақшылар 30 метрден 70 метрге дейінгі қашықтыққа арналған Пута, Орта Азия, Жамбы нысана түрлері бойынша мергендік шеберліктерін сынасты.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті-Бас хатшысы Тастанбек Есентаев аталған шараға арнайы қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
“11 мемлекеттің басын қосып, сайыста керемет өнер көрсеткен садақшылар мен меймандар Атырау өңіріне қош келдіңіздер! Тарихи дәстүрдің жандануына бірден-бір септігін тигізіп жатқан садақ атудан “Алтын Орда” халықаралық турнирінің біздің өңірінде өтіп жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Осы орайда, сайыстың өтуіне ұйытқы болған “Batu Han zhebesi” Атырау облыстық федерациясының басшысы Бексұлттан Маратқа Атырау облысы әкімінің Алғыс хатын табысталады. Мәдениетпен дәстүр, ұлттық дәстүріміздің жандануына арналған ауқымды шаралар әлі де өз жалғасын табады” деді облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев.
Ал, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті-Бас хатшысы Тастанбек Есентаев жарыстың маңыздылығына тоқталды.
“Дана халқымыздың қасиетті тілінде “мерген” дейтін сөз бар. Жаугершілік заманда садақ ату мен мергендік өнер елдің тұтастығы мен бекемдігі үшін баға жетпес құндылық болып саналған. Ал, бүгінде садақ ату өнермен қоса – үлкен спорт.
Өздеріңізге белгілі, дәстүрлі садақ ату спорты елімізде Ұлттық спорт түріне жатады. Ал, ұлттық спортымыздың дамуы мен дұрыс насихатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ерекше бақылауында екенін бірнеше рет айтып, ұлттық спортты дамыту Концепциясын әзірлеуді, ұлттық спортымызды Олимпиадалық спорт түрлерімен деңгейлес етіп көтеру керектігін және келесі жылы елімізде өтетін V Көшпенділер ойындарын өте жоғары деңгейде өткізуге тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда біз осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осынау жарысқа алыс-жақын шетелдерден көптеген спортшылар келді. Бұл турнирдің қаншалықты жоғары деңгейде өткендігінің көрсеткіші деп санаймын” деді Тастанбек Құтжанұлы.
Ерлер арасынан Орталық Азия нысана түрінен (40 метр) І орын Аккайя Хаяти (Түркия), ІІ орын Бақыт Тоқтоматов (Қырғызстан), ІІІ орын Рустам Ногойбаев (Қырғызстан). Әйелдер арасынан І орын Алия Ишмуратова (Ресей), ІІ орын Фариза Сабыржан (Қазақстан, Астана), ІІІ орын Динара Жақсылықова (Қазақстан, Астана).
Ерлер арасынан Жамбы нысана түрінен (30 метр) І орын Самал Зулпыхаров (Қазақстан, Маңғыстау), ІІ орын Мақсат Әбдікерімов (Қазақстан, Шымкент), ІІІ орын Ербол Тапенов (Қазақстан, Астана). Әйелдер арасынан І орын Норсиани Бинти Мохд Hop (Малайзия) ІІ орын Жазира Кузекбай (Қазақстан, Астана), ІІІ орын Царица Анжела (Қазақстан, Астана) иеленіп, медельдар мен дипломдар және ақшалай сыйақылармен марапатталды.
Айта кетейік, дүбірлі додаға 11 мемлекеттен соның ішінде Қазақстаннан 150-ге жуық мерген бақ сынады. Турнирдің ұйымдастырушысы – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, ҚР Садақ ату федерациясы және “Batu Han zhebesi” облыстық дәстүрлі садақ ату федерациясы. Ал, турнирдің Бас серіктесі – “Самұрық Қазына” АҚ, ал, серіктесі “Sportqory” спортты қолдау қоры болды.