Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында нысана көздеуден Азия чемпионаты өтті. Ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы үш жас санатында өткен жарыста құрлықтың 20 елінен келген 320 спортшы жүлделерді сарапқа салды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Турнирге Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 47 мерген қатысты, олардың қатарында елорда спортшылары да бар. Астаналық мергендер чемпионатта 7 медаль жеңіп алды: 1 алтын, 5 күміс және 1 қола.
Бүгін жүлдегерлерді туыстары, достары және Астана қаласының №9 спорт мектебінің басшылығы салтанатты түрде қарсы алды. Спортшыларды халықаралық аренада ел мен қаланың намысын абыроймен қорғағаны үшін қошеметпен, гүл шоқтарымен және алғыс сөздермен қарсы алды. Кездесу ерекше әсерлі әрі мерекелік жағдайда өтті.









