Елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде IX қысқы Азия ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
«IX қысқы Азия ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Қазақстан ұлттық құрамасы қысқы Азия ойындарына толық дайын. Оған қажетті барлық жағдай жасалды. Ойындарға сапалы дайындалу үшін ұлттық құрама 137 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Спортшыларымыз 86 халықаралық жарыста өнер көрсетіп, 33 медаль жеңіп алды. Жалпы, елімізде қысқы спорт түрлерінде жеңістермен өрілген жақсы дәстүр бар. Бүгінде тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал даңқты спортшыларымыз халықаралық қысқы жарыстарда өнер көрсетіп, үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Алдағы қысқы Азия ойындарына қатысатын барлық спортшыға сәттілік тілеймін. Қысқы Азия ойындары – еліміздің спорттық әлеуетін көрсетіп қана қоймай, әрбір спортшы үшін үлкен жетістіктерге жетуге талпыныс болатын маңызды кезең. Құраманың әр жеңісі – еліміз үшін үлкен қуаныш!», – деді Ербол Мырзабосынов.