Астанада Amanat партиясы бастауыш ұйымдарының спартакиадасы басталды

Республика күніне орай Amanat партиясының «Нұра» аудандық филиалы бастауыш партия ұйымдары арасындағы алғашқы Спартакиадасы өтіп жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Спартакиада барысында қатысушылар кәсіптік-техникалық колледжде шағын футбол мен шахматтан жеңімпаздарды анықтаса, №100 орта мектепте үстел теннисі және волейболдан сынға түседі.

Турнирде орта мектептер, «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Астана аймақтық электрожелі компаниясы, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы, Құралбек Құлажанов атындағы қазақ технология және бизнес университеті және т.б. командалар жиналды.  

Айта кетейік, спартакиада бүгін мәресіне жетеді және жеңімпаздар арнайы кубоктар мен сыйлықтармен марапатталады.