Астанада жастарға арналған спорттық воркаут аймағы ашылды

Астана қаласындағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде студенттердің көптен күткен спорттық воркаут зонасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға ҚР Мәжілісінің депутаттары, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, саяси партиялар мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары қатысты. Ресми қонақтар жастардың спортпен айналысуына жағдай жасайтын мұндай жобалардың қоғам үшін маңызын атап өтті.Жаңа нысан оқу орнының жастарға арналған инфрақұрылымын күшейтіп, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет жастардың дене белсенділігін арттыру, спорттық ортаны дамыту және әр жоғары оқу орнында қауіпсіз әрі қолжетімді спорт алаңдарын көбейту қажеттігін атап өткен болатын. Бұл жаңа бастама – осы мемлекеттік бағдардың нақты жүзеге асқан көрінісі.

Салтанатты түрде ашылған спорттық аймақ студенттер мен қызметкерлердің бос уақытын пайдалы өткізуіне арналған. Ашық аспан астындағы алаңға күш жаттығуларын орындауға арналған түрлі конструкциялар, турник, брусья, көлденең сатылар, серіппелі жабдықтар және қауіпсіздік стандарттарына сай арнайы жабын орнатылған.