«Жігерлі жандар» парамарафонының негізгі мақсаты – ерекше физикалық қажеттіліктері бар адамдар арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау және олардың қаланың спорттық әрі қоғамдық өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау.
Жарыстың арнайы қонағы – тұңғыш Паралимпиада чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Зүлфия Ғабидуллина. Даңқты спортшы бұл жолы қатысушыларға сырттай қолдау көрсетіп қана қоймай, марафонға өзі де қатысты. Оның жарыс жолына шығуы параспортпен айналысып жүрген жас спортшыларға ерекше серпін берді.
Бір шақырымдық қашықтықта мәре сызығын бірінші болып 13 жастағы Арлан бағындырды. Жас спортшы бұған дейін де Autism Run жүгіру жарысына қатысып, мәреге бірінші жеткен екен. Жүгіру мен спортты күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған Арлан үшін кезекті марафон – мүмкіндігін тағы бір мәрте сынайтын алаң. Марафонға 11 жастағы астаналық Халид Рустамов та қатысты. Бұл – оның үшінші марафоны. Бұған дейін Autism Run жарысында бақ сынаған ол күні кеше ғана UNICEF ұйымдастырған жүгіруде 2,5 шақырымды өз күшімен жүріп өткен. Ал «Жігерлі жандарда» бір шақырым қашықтықта мәре сызығын бағындырды.
– Мүгедектер арбасына таңылса да, Халидтің бос уақыты жоқ. Түске дейін мектепте, түстен кейін жаттығуға барады. Каратэ, бочча, следж-хоккеймен айналысады. Оңалту шараларына да қатысып жүрміз. Қазір спорт оның өмірінің бір бөлшегіне айналды, – дейді анасы Севара Жамашева.
Парамарафонға қатысушылардың ең үлкені – 79 жастағы Клара әжей. Ол Паралимпиадалық жаттықтыру орталығына жуырда ғана келе бастаған. Соған қарамастан, өміріндегі алғашқы марафонға қатысуға бел буыпты.
– Мен саламатты өмір салтын ұстанамын. Спорттан бөлек театрға, киноға, концерттерге барғанды жақсы көремін. Бүгін өмірімде алғаш рет марафонға қатысып отырмын. Өте жақсы көңіл күй сыйлады. Аптаның барлық жұмыс күнінде орталыққа келіп, жаттығамын. Өз аяғыммен еркін жүре алмағандықтан, соны қалпына келтіру үшін дайындықтан өтіп жүрмін. Он шақты күн спортқа бармай қалсаң, әлсіреп қалғаныңды бірден байқайсың. Ал күн сайын жаттықсаң, бойыңа күш-қуат пайда болады, өзіңді жақсы сезінесің, – дейді ол.
Клара әжейдің осы сөзі марафонның мәнін толық ашатындай. Спортта жасқа немесе жағдайға байланысты қойылатын шекараның бәрі шартты. Ең бастысы – қозғалысты тоқтатпау.
Қоғамдық қордың «Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы» атқарушы директоры Абдусаид Назаров та жылдан-жылға марафонға қатысушылар қатары көбейіп келе жатқанын атап өтті.
– Жыл өткен сайын іс-шараның көбірек адамды біріктіріп, нағыз спорт мерекесіне айналып келе жатқанын көру өте қуанышты. Бүгінгі атмосфера, қатысушылардың эмоциясы мен жүзіндегі күлкі – біздің жұмысымызға берілген ең жақсы баға. Осы күннің ерекше өтуіне үлес қосқан барлық серіктес пен еріктілерге алғысымды білдіремін, – деді ол.
Мәре сызығын кесіп өткен әр қатысушыға естелік медаль мен сыйлық табысталды. Спорт мерекесі лотереямен аяқталып, қатысушылар бағалы жүлделерге ие болды.
Іс-шара Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Бұқаралық спорт түрлерін дамыту дирекциясы және «Алматы» ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Сондай-ақ марафонға бірқатар әлеуметтік серіктес қолдау көрсетті.
Сымбат БЕГІМБАЙ









