Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сайлау 26 қыркүйекте Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен FIDE Бас ассамблеясы аясында өтті.
Президенттікке үш кандидат – Тимур Турлов, Вадим Розенштейн және Ян Хенрик Бюттнер таласты. Сайлау екі кезеңнен тұрды. Екінші кезеңде Турлов 196 дауыстың 110-ын жинап, жеңіске жетті.
Т. Турловпен бірге бір командада бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Ананд сайлауға түсті. Ол FIDE президентінің орынбасары қызметін атқарады.
Осылайша, Қазақстан өкілі алғаш рет Халықаралық шахмат федерациясын басқаратын болды.
FIDE – әлемдегі ұлттық шахмат федерацияларын біріктіретін халықаралық ұйым. Оның құрамына 200-ден астам ұлттық федерация кіреді.
Тимур Турлов Қазақстан шахмат федерациясын 2023 жылдан бері басқарып келеді. 2025 жылы Халықаралық мектеп шахматы федерациясының президенті болды. Оның басшылығы кезінде Қазақстанда «Шахмат білім беруде» жобасы кеңейіп, бүгінде 1 500-ден астам мектеп пен 60 мың оқушыны қамтып отыр.
Турлов сайлауалды бағдарламасында FIDE қызметін цифрландыру, шахматты білім беру жүйесінде дамыту, федерацияның қаржылық тұрақтылығын арттыру және ұлттық федерацияларды қолдауды негізгі бағыттардың қатарына енгізген.








