Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен бокстан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы бұл додада бірқатар жүлделерге қол жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Соның ішінде жанкүйерлер алтыннан алқа тағады деп күткен отандасымыз Махмұд Сабырхан жарыс қорытындысы бойынша қола медаль иеленді. Ал оның туған бауыры Төрехан Сабырхан күміс жүлдегер атанды.
Жарыстан кейін Махмұд Сабырхан өз әсерін бөлісіп, нәтижеге қатысты ойын ашық жеткізді:
«Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Ұлан-Батырда Азия чемпионаты аяқталды. Мен қола, Төрехан күміс жүлдегер атанды. Әрине, бұл Сабырхандардан күткен нәтиже емес еді. Бабымыз жанғанымен, бағымыз жанбады. Бұл да біз үшін үлкен сабақ болады. Алда әлі талай еңбектеніп, еліміздің көк Туын әлемде көтеру үшін тер төгеміз. Бізді қолдаған баршаңызға мың рақмет! Сабырхандардың сағы сынбайды!»
Сондай-ақ спортшы чемпион атанған қазақстандық боксшыларды да атап өтті. Бұл жолы ағайынды Оралбайлар – Айбек пен Нұрбек өз салмақ дәрежелерінде топ жарып, алтын медаль жеңіп алды.
Махмұд Сабырхан алдағы жарыстарда бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті екенін жеткізді:
«Бұл біріншілікте топ жарған қыз-жігіттерді құттықтаймын. Бұл жолы ағайынды Оралбай Айбек, Нұрбек бауырларымыз чемпион болды. Келесі жолы 4 чемпион боламыз!», – деді ол.
Қазақстандық боксшылар үшін бұл чемпионат үлкен тәжірибе алаңы болды. Ал жанкүйерлер енді алдағы әлемдік додаларда отандастарымыздан жоғары нәтиже күтеді.










