“ҰҚК қызметкерімін”: әйел пара беруге итермелегені үшін ұсталды

Қазақстандық әйел пара беруге итермелегені үшін ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz  тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚМА мәліметінше, Түркістан облысында тексеріс шараларын тоқтатуға уәде берген әйел 6 миллион теңге көлемінде пара алу кезінде ұсталды.

“Ол өзін ҚР ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған және ЭТТД мен ҰҚКД тарапынан тексеру іс-шараларын тоқтату сылтауымен пара беруге итермеледі”, – делінген хабарламада.

ҚМА Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіруі және ҰҚКД-мен бірлесіп жүргізген ұстау іс-шарасы барысында, келісілген ақшалай сыйақы сомасы 12 миллион теңге болғаны белгілі болды. Күдікті ақшаның жартысын алу кезде ұсталған.

Бұл факт бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жарияланбайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.